Түсінікті болуы үшін әңгімемді сәл ертеден бастайын. 1983 жылы Мәскеудегі Еңбек Қызыл Ту орденді Бүкілодақтық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (қазіргі Л.К.Эрнст атындағы федералдық зерттеу орталығы) күндізгі аспирантурасын бітірдім. Бірақ түрлі себеппен уақытында ғылыми жұмысымды қорғауға үлгірмедім. Маған өзім оқыған институттың сол кездегі Целиноград (қазіргі Астана) қаласында орналасқан Қазақстандағы филиалына қызметке жолдама берілді. Бірақ ата-анам дайын үйің жоқ, өзі суық қалада не істейсің дегендей болды. Содан елге келіп еңбекке араласып кеттім. 1985 жылы тамыз айында Мәскеуге барып диссертациямды алдын-ала қорғаудан өтуге тиісті болдым. Ол кезде бұрынғы Тереңөзек ауданы Қазақ ССР 50 жылдығы атындағы совхозда (қазіргі Н.Илиясов ауылы) тауарлы сүт кешенінің бастығы (ферма меңгерушісі) болатынмын. Ғылыми жетекшім – академик Жиряков Александр Михайлович қайта-қайта шақырып жатқан соң, шаруашылық басшысы, Сыр елінің ардақты ұлдарының бірі, Социалистік Еңбек Ері Алдекеңе (Алдаберген Бисенов ағамызға) жағдайымды айттым. Алдекең білім, ғылым жайлы мол хабары, түсінігі бар кісі, «барасың, бірақ мынадай шартым бар» деді. Сондағы алдыма қойған шарты – Қызылорда сүт комбинатына бүгінгі жіберген сүт мөлшерін тағы үш күн түсірмей ұстап тұр деді. Түбі жіберетінін ішім сезгенімен, шарттың аты шарт – орындау керек.

Шілде айының соңғы күндері, күн күйіп тұр. Сауылып тұрған 600 бастан аса сиырдың алдына уақытында жем-шөбін салмасаң, не су ішіп тұрған автомат астаушалар істен шықса, сол күнгі сүт көлемі «сылқ» ете қалады. Осыны ойлап кешенде еңбек етіп жүрген кісілерге (малшы, сауыншы, механизатор, слесарь, мамандар, т.б. барлығы 60 шақты адам) жағдайды түсіндіріп, ағамыздың шартын айттым. Обалы не керек, ол кісілер маған толық қолдау көрсетті. Содан үш күн бойы қалаға жіберілген сүт көлемі артпаса кеміген жоқ. Осылайша алдыма қойылған шартты орындадым. Әрине, өндірістің хас шебері, оның қалтарыс-бұлтарысын беске білетін Алдекең шартты қалай орындағанымды жақсы білсе де үндеген жоқ. Шаруашылықтың бас есепшісін шақырып, менің іс-сапарда ұзақ жүретінімді ескертіп, жол шығындарын тез есептеп, қолыма ұстатуды тапсырды.

Ол кездегі тәртіп бойынша зерттеу мәліметтерін алдымен ғылыми- өндірістік тәжірибелер жүргізілген Ақтөбе және Саратов (Ресей) облыстарындағы асыл тұқымды мал өсіретін екі шаруашылықта баяндап, Мәскеуге қарай жол тарттым. Тамыздың 7-сінде жұмысымның негізгі нәтижелерін өзім оқыған бөлім ғалымдары алдында баяндап шықтым. Сонымен диссертациямның қорғалу мерзімі бір ғана құжатқа – ағылшын тілінен кандидаттық минимум (емтихан) тапсырғаным жайлы қағазға тірелді. Ол кезде аспиранттар үш пәннен емтихан тапсыратын. Мамандық бойынша және философия пәні емтихандарын оқып жүрген жылдары Мәскеуде тапсырған болатынмын. Ал ағылшын тілін мектепте дұрыс оқыған емеспіз (аттестатта баға жоқ). Ол кезде қазіргідей жаппай ағылшын тілін игеру үрдісі жоқ. Орыс тілін білсең, болды дейтін заман.

Содан еңбек ете жүріп, бір жылдан аса уақыт өткесін 1986 жылдың 27 желтоқсаны күні Алматыда, Ғылым Академиясында ағылшын тілінен емтихан өтетін болып, соған құжаттарымды тапсырдым. Қызылордадан Алматыға 22 желтоқсан күні келіп, Достық даңғылындағы Алатау мейманханасының төртінші қабатындағы екі адамдық бөлмеге орналастым. Жанымдағы орынға менен бұрын бір адам жайғасқан екен. Былайша кезде орын табылмайтын мейманханада адам қарасы аз, оның өзінде көпшілігі өзге ұлт өкілдері, соқталдай жас жігіттер. Олардың қимыл-қозғалысынан, дене бітімдерінен қауіпсіздік қызметінің, не басқа арнайы құрылымдардың адамдары екені бірден байқалады. Әйтеуір өзім жатқан қабатта бірде-бір өз қазағымды кездестірмедім.

Негізі Кеңес Одағында бір жерде үлкен іс-шара өтетін болса, не төтенше жағдай орын алса адамдардың жүріп-тұруы шектелетіні бұрыннан белгілі болатын. Оған бір ғана мысал. 1980 жылдың 19 шілдесі мен 3 тамыз аралығында Мәскеуде ХХ Олимпиада ойындары өткені белгілі. Мен Орынбор қаласындағы іссапарымды аяқтап Бішкек-Мәскеу бағытында қатынайтын №17 жүрдек пойызымен 23 шілде күні Қазан вокзалына келіп түстім. Күндіз-түні дорба арқалаған адамдардан аяқ басар жер қалмайтын, отыратын орын таптырмайтын вокзалдың бос тұрғанына таң қалғанмын. Осыған ұқсас жағдай біздің Алматыда да сәл де болса орын алғаны белгілі. Ол әрине ұлтымызға көп қасірет әкелген Желтоқсан оқиғасымен байланысты екені түсінікті болатын.

Сол күні кешкісін сыртқа шығып мейманхана маңында қар басқан жаяу жүргіншілер жолында біраз жүрдім. Бұл Желтоқсан оқиғасынан кейінгі 4-күн болатын. Көше бойы қаптаған әскери де, милициядан да жасақталған патрульдер. Жол шаршатты ма, ішке кіргесін ұйықтап кетіппін. Түн ортасында, сағат 2-3-тің шамасы болар, есікті ашып бір кісі ішке кірді. Көршім екенін сездім. Ояу жатқанымды білдірейін деп, қозғала бастадым. Сол кезде маған қарата: «Извините, я вас не разбудил?» деп тіл қатты. Мен ояу екенімді айтып, орнымнан тұрып отырдым. Көршім бөлме қараңғы болғасын шам жағуға рұқсат сұрады. Бөлме жарықтанғасын екеуіміз әңгімелесе бастадық. Ол «Фрунзеден (Бішкектен) командировкаға келдім, инженер-құрылысшымын» деді. Мен де өз жағдайымды айттым. Таңертең ерте тұрып екеуіміз де өз жұмыстарымызға жинала бастадық. Көршімнен сәл ерте дәлізге шықсам, есік алдында славян тектес екі жігіт тұр екен, мен шығысымен екеуі ішке кірді. Әрине олардың мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) қызметкерлері екенін бірден-ақ сезген болатынмын. Шамасы жаңағы екеуі көрші бөлмелерде жатса керек.

Содан емтихан тапсыратын жерге келсем, «сіздің құжаттарыңызда шетелдік ғылыми мақаланың аударма мәтіні жоқ, ол болмаса емтиханға жіберілмейсіз» дейді. Енді не істеймін? Сол жерде жүрген, тәжірибесі бар, өзім сияқты болашақ ғылыми дәрежеге үміткерлердің бірі «Орталық кітапханаға барып, журнал тауып, сондағы мақаланы аударып, әкеліп беріңіз» деп кеңес берді. Жігіттерден сұрап жүріп мәтінді тез, әрі дұрыс аударатын татар апайдың да мекен-жайын біліп алдым. Уақыт оздырмастан ұмытпасам сол кездегі Ленин көшесінде (қазіргі Абылайхан даңғылы) орналасқан А.С.Пушкин атындағы Мемлекеттік кітапханаға келдім.

Жылдамдатып картотека қарап, Жаңа Зеландия мемлекетінде шығатын «Sheep breeding» (Қой шаруашылығы) атты журналды таптым. Енді ол журналды алайын деп кезекші кітапханашыға келсем, «бұл журнал жалғыз дана, оның үстіне үйге алып кетуге қолға берілмейді» деп көңіл-күйімді күрт түсіріп жіберді. Көшірмесін алайын десем, қазіргідей ұялы телефон, не принтер жоқ. Сол жерде әрлі-берлі теңселіп жүріп, «жығылсаң нардан жығыл» деген «неде болса көрейін» деп бірден «кітапхана директорына кірем» деп шештім. Барсам, қабылдау бөлмесінде 2-3 адам отыр екен, олардың шаруалары тез бітті де, кіру кезегі маған келді. Есіктен имене басып ішке кіргенімде стол басында отырған жас шамасы 50-55-тердегі, келбеті келіскен, жүзі жылы апайдың «келіңіз, отырыңыз» деген сөзі маған еркіндік бергендей болды. Отырып жағдайымды түсіндіріп бола бергенде хатшы қызға біреуді «шақыр» деді. Көп ұзамай есіктен батыл басып орта бойлы орыс әйел кірді. Директор апамыз оған «мына жігітке сұраған журналын 24 сағатқа, яғни ертеңгі сағат 10-ға дейін беріңіз» деп тапсырды. Мен орнымнан тұрып, шарасыз, аса қажет кезде көмек берген апама рақметімді айта-айта жаңағы келген кісінің артынан ере жөнелдім. Ол кісі не орынбасары, не бөлім басшысы шығар деймін мені ертіп бір бөлмеге кіріп, іштегі бір әйелмен сөйлесіп, екеулеп қағаз толтыра бастады.

Бөлме ішінде төрт адам отыр, барлығы өзге ұлт өкілі. Есікке таяу отырған жас шамасы 50-дің ол жақ, бұл жағындағы жігіт есік алдында тапжылмай тұрған маған қарап: «Вы откуда?» деп сұрады. Қызылордадан келгенімді айттым. Ол бетіме қарап: «Вы случайно не из племени акудаев?» деді. Мен де оған қарап: «у казахов такой племени нет, сам я – Аргын» дедім. Сол кезде ол отырған орнында сәл қозғалаңқырап: «О, аргыны – это сила, я уважаю» деп қағазына қайта үңілді. Оның осы сөздерінің мағынасын сол сәтте ой елегінен өткізетіндей жағдайда емес едім. Әрине, арғын тайпасы, оның адамдары жайлы жақсы білетінмін, ал мына кісінің өзі кітапханада жұмыс істейтіні бар, оның үстіне өткеніне апта болмаған желтоқсан оқиғасы бар, оларды қазақтың тарихын, тіпті шежіресіне дейін біле бастағанын, жоғары номенклатураны да саралап зерттей бастағанын көрсеткендей болды.

Қысқасы не керек, мен қолыма тиген журналды алып аудармашы апайдың үйін іздеуге шықтым. Ол кезде қазіргідей қаптаған таксилер де жоқ. Түс ауа Сейфуллин көшесіндегі биік ағаштардан әзер көрінетін ескілеу төрт қабатты бір үйдің үшінші қабатынан қажет пәтерді тауып, қоңырауын бастым. Сәл уақыт өткесін іштен: «Бұл кім екен?» деген әйел даусы шықты. Мен таңертең телефонмен сөйлескен қызылордалық екенімді айттым. Есік ашылғанда алдымда жүзі шырайлы, шашы қардай аппақ, жасы 70-75 шамасындағы әйел тұрды. Ол кісіге қолыма ұстаған журналдағы аударылуға тиіс мақаланы көрсетіп, таңертең сағат 9-дан қалмай алып кететінімді айттым.

24 желтоқсан күні журналды келіскен уақытта кітапханаға өткізіп, аударылған мақаланы академиядағы комиссияға тапсырып, көңілімді бір демдеп, мейманханаға келіп, 27-күні болатын емтиханға дайындала бастадым. Ал қасымдағы жігіт бірге болған 4-5 күн бойы жұмысынан тек түн ортасы ауа келіп жүрді. Әрине, құрылысшы адамның қыста, оның үстіне түнде жұмыс істемейтіні белгілі ғой.

Өз басынан өткен бұл оқиғаларды неге айтып отыр деп ойлайтын шығарсыздар. Ғылым мен білімді өздерінің өмірлік серігі еткен әрбір адам бұл жолдың қаншалықты ауыр, соқпақты екендігін жақсы біледі. Әсіресе Кеңес дәуірін басынан өткерген, осыдан қырық-елу жыл бұрын еңбектерін қорғаған менің алдымдағы ағаларым мен замандастарым. Біздер диссертацияларымызды компьютер емес, қара қағаздың (копировка) күшімен бес дана етіп бастырып (соңғысы зорға көрінеді), слайд емес, қолдан кесте (таблица) жаздырып қорғаған ұрпақпыз. Бұл қиыншылықтардан өзге қорғауға дейінгі жұмыстардың өзі қаншама уақыт, күш-жігерді алатыны айтпаса да түсінікті. Қазіргі уақытта мұның бәрі әжептәуір жеңілдегені тағы белгілі. Мұны өз тәжірибемнен білемін. Себебі 2000-2007 жылдар аралығында 4-5 азаматтың кандидаттық диссертацияларына ғылыми жетекші болдым. Олардың диссертация қорғауына дейін 80-жылдардағыдай қиындықтар кездескен жоқ десем де болады.

Мен осы ғылым жолында өзіме ең қажет кезде қол ұшын берген сол кездегі Алматыдағы Мемлекеттік кітапхана директорының есімін асып-сасып жүргенде есімнен шығарыппын, жазып алуға да көңіл бөлмеппін. Осыған қатты өкіндім. Кейін интернеттен, басқа түрлі деректерден сол кездегі кітапхана директоры, яғни маған көмектескен кісі – Назира Қожахметқызы Дәулетова екенін білдім. Ол кісі де менің әкем туған Қостанай өңірінің тумасы екен. Жалпы кітапхана саласында 40 жыл, оның ішінде 24 жыл басшылық қызметте еңбек еткен (мамандығы – математика пәнінің мұғалімі). Тағы бір айта кетер жай – Н.Қожахметқызы Кеңес Одағының ең жоғары наградасы Ленин орденімен марапатталған еліміздегі жалғыз кітапханашы. Ғылым түгіл бас қайғы болып жүрген сол бір күндерде Назира Қожахметқызы болмағанда менің диссертациямның мерзімінде қорғалуы да екіталай болатын. Ол кісінің негізінен өзге ұлт өкілдері еңбек ететін ұжымды басқара отырып, маған көмек қолын созуын сол кезде әркім әртүрлі түсінген де шығар деп ойлаймын. Әйтпесе дәл сол аласапыран күндері, «қазақ ұлтшылдығы» деген ойдан шығарылған сөздердің аспанда қалықтап тұрған кезінде біреу болмаса біреу «осылай да, осылай» деп әңгіме таратса, ол кісінің еңбек жолының қалай бұрыларын кім біліпті. Бір апта өткен соң 1987 жылдың 4-қаңтарында қағаздарымды қолтықтап, сол айдың 12-де өтетін Ғылыми кеңеске дайындалып үлгіру үшін Қызылордадан Мәскеуге ұшып кеттім.

Осы әңгімеде ғылым жолындағы баспалдақтардың әр сатысында көмектескен, қол ұшын берген екі кісінің есімдерін атадым. Бірі – кеңшар директоры, ауыл шаруашылығы өндірісінің батыры Алдаберген ағам болса, екіншісі – кітапхана директоры, өз ісінің майталманы Назира апам болды. Қазір бұл екі кісі де дүниеден өткен. Түрлі бас қосуларда олардың маған жасаған көмектері жайлы айтудан жалыққан емеспін. Негізі әрбір адам өмірінің түрлі кезеңінде өзіне сәл де болса көмектескен, тілеулес болған кісілердің аттарын атап, жасаған жақсылықтарын айтып жүруін парыздың бір түрі деп есептеймін. Өкінішке қарай, қазіргі заман ағымында қай салада, қай деңгейде болсын, дәл осындай жандардың азайып, керісінше, қара басын күйіттеген, кішкене қызметін пұлдайтын адамдардың көбейіп бара жатқаны қынжылтады.

Нұрлан МҰХАНОВ,
«Болашақ» ғылыми-зерттеу
институтының директоры

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!