Жемқорлық – адамзаттың санасына біткен алып дерт. Ғасырлар бойы аталған мәселе қоғамды сан соқтырып келеді. Сыбайлас жемқорлық – Бәкесі мен Сәкесі бардың қарапайым халықтан бір саты жоғары тұруы, білім мен таланттың дүниенің көлеңкесінде қалуы. Яғни, әділетсіздіктің қоғам арасында кең белең алуы.
Аталған дерт бізге бағзыдан таңсық емес. Жемқорлық жайында абыздарымыз бен ақын-жазушыларымыз негативті көзқараста болғанын ол кісілердің туындыларынан-ақ білуге болады. Өзімізден тыс өзге елдің проблемасына айналған жемқорлық, көптеген елдің тарихында әрі әдебиетінде кездеседі. Жемқорлықпен күрес сонау IV-III мыңжылдықта бастау алған деседі. Сол заманда Шумерлердің сына жазуында Шума патшасының өзінің уәзірлеріне қызмет үшін сияқты талап етуге қатаң тыйым салынғаны жайында жазылған. Сондай -ақ Осман, Византия сынды алпауыт мемлекеттердің ыдырауына да аталған мәселе себеп болған екен. Бұл оқиғалар жемқорлықтың өршуі барысында тамыр іспеттес болса, сол тамырдың бойлауымен бүгінде жемқорлық жапырағын кеңге жайған гүлге айналды.
Жемқорлықтың жайылғаны соншалық, қазіргі қоғам арасында қарапайым әрі қалыпты жағдай болып кетті. Қарапайым халықтың арасында сыни көзқарас қарқынды дамығанымен, іс-әрекет тұрғысында бір-бірімен толықтай қарама қайшы. Жаңашылдыққа, әділеттілікке ұмтыла алмаған елді азат әрі бәсекеге қабілетті деу үлкен абсурд. Ең алдымен аталған проблема билік тарапынан орын алмауы қажет. Сонда ғана ел тарапынан жөнді іс-әрекет күтуге болады. Сонымен қатар бала тәрбиесінде өзгенің ала жібін аттамау кеңінен таралғаны абзал. Кез келген дүние жаңашылдықты талап етеді. Сондықтан ескіден қалған рулық әрі туыстық қарым-қатынасты жіліктеп баланың миына құя бергеннен көрі білім мен ғылымға өскелең ұрпақтың ой-санасын жеткізген жөн. Сыбайлас жемқорлық көбіне осы мәселеден туындайды.
Елдің ұстанымында коррупция нормаға айналуы – демократияға қарама-қайшы дүние. Менің айтқым келгені, бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, ұлт болып қалыптасамыз десек, саналы ұрпақтың сапалы білім алғанын қаласақ, елімізде тек қана өз ісінің мамандары қызмет екенін қаласақ, жемқорлықтан толықтай бас тартқанымыз жөн. Ата-ананың бала үшін әркімнің жетегінде жағымпазданып, әр нәрсені тыққыштап жүргені балаға өнеге емес. Бұл баланың болашақ жеке индивид болып қалыптасуына, бәсекеге ұмтылуына кері әсерін тигізеді, сондай-ақ тек қана жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүруіне апаратынын ескергеніміз абзал.
Айсұлу Қосжанова,
1 курс студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!