Жемқорлық — қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет. Сыбайлас жемқорлықпен күресу бүгінгі күннің басты мәселесі болып отыр. Оған осы бастан тоқтау қоймаса мемлекетте тұрақты өсіп-өркендеу болмайды. Сыбайлас жемқорлықпен түбегейлі күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының сапасын арттырудың маңызы зор.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі осы зұлымдықпен күресу болып табылады. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі таралмауы үшін оған бөгет болудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде бұғат салуға болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы және адамгершілік міндеті деп білуіміз керек. Біз қазір жаңаша өмір сүріп жатырмыз.
Жаңа қоғамның сипаты іскерлік болса, бұл жолда жетістіктеріміз де баршылық. Ал түбегейлі шешімі табылмай тұрған мәселе, ол-сыбайлас жемқорлық. Елімізде осы мәселеге байланысты арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан түрлі жұмыстар да баршылық. Ендеше, жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу-олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына ықпал етеді.Сондай-ақ, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынып жете түсінуіне және орындауына көмектесудің алғы шарттарының бірі болып саналады. Атап айтқанда, ол үшін ең алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда ғана адам адамгершілікке жат қылықтардан бойын аулақ ұстай бастайды, заңға қайшы келетін әрекеттерді жасауға жол бермейді. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, сыбайлас жемқорлық-бұл қызмет дәрежесін жеке мақсатта пайдалану. Осы келеңсіз құбылыстың үдеп бара жатқаны жас ұрпақ тәрбиесіне зиян болатындығы бәрімізді алаңдатады. Бұл мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, сыбайлас жемқорлық ел болашағына, ұлттық қауіпсіздікке үлкен кесірін тигізеді. Яғни, осы келеңсіз құбылыспен күресу барша халықтың алдында тұрған ортақ мәселе екендігі айқын.

Дина Құрманғазықызы,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының аға сот приставы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!