Фото:egemen.kz
Сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінге дейін елімізде күрделі мәселе болып келе жатқаны жасырын емес. Осындай үлкен әлеуметтік қасіреттің саяси тұрғыдан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі дамушы елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдатып отырғаны анық.
Сыбайлас жемқорлық қоғамның демократиялық құндылығына орасан қауіп төндірумен қатар, заң негіздерінің әділдігіне сенімсіздік тудырады. Нақтылап айтқанда, адами фактордың алға басуына, тәрбие тетігінің ілгерілеуін аяқ асты етеді.
Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай төмендететін, ұзақ жыл бойы қол жетіп келген қоғамдық демократиялық оң өзгерістерді әрі қарай жүзеге асыруды тежейтін, еліміздің халықаралық абырой-беделіне нұқсан келтіретін сыбайлас жемқорлықпен күрес процесі үздіксіз жүргізіліп келе жатқаны да, жалғаса беретіні де белгілі.
Осы тұрғыда заңнамалық актілердің мақсаты – еліміздегі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алып, жолын кесу, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік бейнесіне және іскерлік сапасына қойылатын талаптарды арттыру болып табылады. Осыған сәйкес қызметкерлерді жұмысқа жаңадан қабылдау кезінде, мемлекеттік қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық сипаттарына қарсы тұра білуі, оны мүлде болдырмауды назарда ұстауы, ар-намыс кодексі ережелерін сақтау міндеттемелерін естен шығармау – басты мақсат болуы тиіс. Жоспарлы және жанжақты күрес жүргізу нәтижесінде ғана жемқорлықтың тамырына балта шабуға болады.
Осы бір келеңсіз фактордың алдын алу мақсатында, Қазақстан республикасы үкіметінің «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзге де әрекеттермен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу қағидаттарын бекіту туралы» қаулысы да күшіне енгізілгені белгілі.
Қорыта айтқанда, ел болып, қоғам болып ұлт болашағының тамырына балта шабатын кесірлі кесел сыбайлас жемқорлықпен үздіксіз күрес жүргізу – баршамыздың басты міндетіміз.
Оңдаш ЖҰМАШҰЛЫ,
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің
Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!