Фото: dknews.kz

Қызылорда облысы бойынша Қазынашылық департаменті өз қызметінде Республикалық бюджетті атқару және жергілікті бюджеттердің атқарылуына қазынашылық қызмет көрсету, мемлекеттік мекемелердің бақылау шоттары, квазимемлекеттік сектор субьектілерінің шоттары бойынша кіріс-шығыс операцияларын есепке алу функцияларын жүзеге асырады.

Қазынашылықтың ақпараттық жүйесінде 2012 жылдан бастап «Қазынашылық-Клиент» ақпараттық жүйесі арқылы төлем құжаттарды электронды қабылдап, өңдеу қызметі енгізілді. Бұл жүйеде сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында мемлекеттік мекемелер қаржылық құжаттарын электрондық байланыс арқылы тәуліктің кез келген 24 сағаты көлемінде жібере алу мүмкіндігіне ие болып, олардың есеп қызметкерлері қазынашылықтың жауапты қызметкерлерімен бетпе-бет кездесуі мүлдем шектелді. Кезінде қағаз түріндегі төлем құжаттарын қазынашылыққа тапсыру үшін есеп қызметкері қоғамдық көлікпен барып қолма-қол тапсыру үшін уақыт жоғалтуы, қазынашылықта бекітілген кестеге сәйкес қана құжаттар қабылдануы, ол қаржылық құжаттардың тиісті үш күн ішінде қаралып өткізілуі, дұрыс толтырылмаған жағдайда үш күн көлемінде қайтарылуы сияқты бюрократиялық кедергілер алынып тасталды. Қазіргі «Қазынашылық-Клиент» жүйесінде қаржылық құжаттарды алты сағат көлемінде өңдеу қарастырылып, қазынашылықтың жауапты орындаушыларына кезек-кезегімен бірдей көлемде автоматты түрде бөлініп, мемлекеттік мекемелерге қазынашылықтағы қай жауапты қызметкерге өңдеуге түскен мәліметі көрінбейтіндіктен, олармен хабарласып сыбайласу ықтималдығы жойылды. Әрбір жауапты қызметкер төлем құжаттарын өткізуде дербес жауапкершілікте болып, өткізу уақытының шектеулі болуы және ақпараттық жүйедегі жауапты қызметкердің құпиялығы қамтамасыз етілуіне байланысты түрлі әкімшілік қысымдар жасау мүмкіншілігі мүлдем жойылған. Тіпті Қазынашылық органы басшылығының өзі төлемдерге жауапты қызметкерді тек қаржылық құжаттар өңделгеннен кейін ғана анықтай алады. Мемлекеттік мекемелер тарапынан электрондық қаржылық құжаттарды қалыптастыруда ақпараттық жүйеде автоматты түрде бақылау жасалатындықтан қазынашылық тарапынан құжаттарды толтыруға қойылатын талаптар барынша азайтылып, құжаттарды негізсіз қайтару мүмкіншіліктері де шектеліп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері барынша азайтылып отыр.

Азаматтық құқықтық мәмілелерді тіркеу барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында тіркеуге өтінімдер электрондық қаржылық құжат түрінде қабылданатындықтан, келісім шарттардың дұрыс толтырылуына мемлекеттік мекемеге дербес жауапкершілік жүктеліп, келісім шарттардың қазынашылыққа тіркеуге берілетін өтінімдерге қоса тіркелмейтін болуына байланысты Қазынашылық тарапынан келісім шарттарды тексеру талабы алынып тасталды.

Міне осындай түбегейлі өзгерістердің жүйелі енгізілуінің арқасында еліміздің бюджет саласында сыбайлас жемқорлық пен ел қазынасына қолсұғушылықтың алдын алу шаралары жасалумен қатар, Қазынашылық жүйесіндегі қызметкерлердің де саны ықшамдалып, жалақы қоры мен аппаратты ұстауға арналған шығындарын екі есеге дейін үнемдеуге қол жеткізілді. Сонымен қатар «Қазынашылық-Клиент» автоматтандырылған жүйесін енгізудің арқасында «Мемлекеттік сатып алу» электрондық порталы енгізіліп, сол арқылы екі жүйені біріктіре отырып, мемлекеттік сатып алу саласын қашықтан камералды бақылауды жүзеге асырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жойып, қатаң бақылауға алуға жол ашылды.

Елімізде енгізіліп жатқан басқа да электрондық үкімет саласындағы жаңашылдықтар, мемлекеттік қызмет саласындағы жүйелі реформалар, мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын әдеп сақтау тұрғысындағы талаптардың күшейтілуі, әсіресе жалпыға бірдей декларациялау жүйесінің енгізілуі қоғамдағы жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алып, экономикамыз дамуы қарқындап, еліміздің егемендігін одан сайын нығайта түсіп, бәсекеге қабілетті Ұлт, нағыз «Қас ісі Ақ» ұстанымындағы – Қазақстан бола аламыз деген сенімдемін!

Қанат МЫРЗА ,
Қызылорда облысы бойынша Қазынашылық департаменті
басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкілі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!