Жемқорлық – адамдар мен азаматтардың құқық­тары мен бостандықтарын таптайтын, арты тиісті заңды жазалаумен аяқталатын, қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуының тежеуіш айғағы.

«Жемқорлық шешілетін мәселе ме?» деген сұраққа  біржақты жауап беру қиын.  Жемқорлық өзінің тигізетін кері әсер­леріне байланысты қоғамдық  проб­лема болып келеді.

«Арам суда қамыс болмайды, арам адамда намыс болмайды». Бұл тәмсілдің жемқорлыққа қатысы неде? Адам, біріншіден, табиғат туындысы. Ол өзінің мүддесін, мақсатын қанағаттандыру үшін, жанындағы жақын жандарын қорғау үшін тіпті шектен тыс әрекеттерге баратын жаратылыс. Бірақ адамның жануардан айырмашылығы – саналылығы. Адам эволюцияда әр кезеңде әртүрлі салада, ол философия болсын, техника болсын, мәдениет, дәстүр болсын прогресс жасап келеді.

Елді басқаратын адам құзыреттілікті өз қолына алатын тұлға және оны дұрыс немесе бұрыс пайдалану сәйкесінше соның қолында. Оның үстіне қазір постиндустриялы заман болған соң, бәсекелестік артқасын адам әртүрлі әрекеттерге барады, оның үстіне лайықты өмір сүргісі келеді. Пара беретін – адам, пара алатын – адам. Жемқорлықтың құры­лымы осы болған соң проблеманы шешуді, біріншіден, адамнан бастау керек сияқты.  Жемқорлықты адамға дәрі бе­ріп немесе медициналық процедура арқылы жоя алмайсың. Заңдар қабылдау жеткіліксіз, адамды бала кезінен бастап жаппай тәрбиелеуден басқа амал жоқ. Қазіргі кезде бұндай шараларға жіті көңіл бөлініп жатыр. Бірақ жеткіліксіз.

Коррупция қабылдау индексі бойынша бірінші орында тұрған Дания елінде парақорлықпен қалай күресіп жатыр? Ол жақта жемқорлық туралы мәдениет, идеология шенеунік­тердің арасында ғана емес, қарапайым халықтың арасында да насихатталған. Компанияға немесе т.б. қызметке тұру үшін адам пара алмаймын деген сөз береді. Сөзін таптаған деген кішкене ғана күмән болса, қызметкер туралы қоғам арасында негативті пікір қалыптасып қояды. Ақша қозғалысы, барлық пайда мен шығындар әлеуметтің алдына жайылған. Сәйкесінше мәліметтерді жасыру қиынға соғады. Елдегі мемлекеттік қызметкерлерге әлеуметтік қорғау жоғары деңгейде: ақысыз медициналық көмек және білім, әлеуметтік кепілдіктер. Жыл сайын қызметкерлер өзінің пайда көзі мен мүлкі туралы ақпараттарын жариялайды. Бұлар парақорлық әрекеттердің шегерілуін қамтамасыз етеді, сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық проблемаларды да жеңілдетеді.

Қоғамды алға тартатын фактор, қайта айтып кетсек, адамның өзінің қолында. Бұл – олардың ерік-жігері, энергиясы, табандылығы, білімі. Еліңнің алға шығуын қаласаң, өзіңді оң жолға өзгертуден баста. Себебі, бұл елдің құраушысы, азаматы, қызмет жасаушысы өзің, басқа кім?

Ақзия ШЕРАЛИЕВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!