(Арал-Қазалы тілімен, жергілікті диалекті аралас пәндәуи әңгіме)

Ауылда ғой. Ол егер ағайын ішінде той болса, Құдай тыным таптырмайтын пендеңіздің біреуі еді. Мәселенки, туысыңыз келін алып не қыз ұзатса ол бірінші барар болар. Бармаса да болар еді. Өз еркі өзінде ғой. Жоқ, болмайды. Бармаса, байдың қаһарынан бөлек, «қызмет қылмасақ, несіне келін атандық» деген ішкі түйсік маза бермесі анық. Әрі ішін жарып бара жатқан әңгіме де, тыңдар өсек те той-домалақта.

Елден бұрын барып істейтін тіршілігі де жосын. Бірінші, апыл-ғұпыл қолтығына қыстыра салған екі метір көйлектік тауарды «апа, құтты болсын» деп сол үйдің бәйбішесіне бере салар. Сосын қос жеңін күреске түсер палуандай түре сала, қазан-ошаққа ерікті түрде кете береді.

Содан соң жаңа сойылған малдың ішек-қарнын аршып, қарынның бүртігін қыруға біз құсаған қайнысының біреуін шақыра салады.

– Қараң қалғыр, состиып неге тұрсың?! Аралдан келген құдағайдай керілуін шіркіннің. Ұста бір жағын.

– Бас үйіткелі тұрмын,  – дейсің ғой өзіңше.

– Басың қайда енді?

– Қорада. Енді келеді. «Паялампы» мен «кәшөк» күтіп тұрмын. (Ауыл тілінде жаздым, айыпқа бұйырмассыз).

– Құдай-ай, баяғыдан сыпырыққа үйтіп жүрміз ғой. Ұста кел мынаны.

 Ары қарай сөйлетіп қайтеміз. Көмектесесің.

– Мына ұлтабарды бөлек алып қалайыншы, – дейді өзді-өзімен.

– Оны не қылмақшысың?

– Ағаң қылқылдап жүр. Кішкентай болса деп. Алдымыз есейіп кетті ғой. Ырым қып жатырмын да.

– Ыы. Түк түсінбегендей түр танытып тұра бересің. Қырықтан әлдеқашан асқан жеңгейді мұндайда қалай қолпаштарыңды білмейсің де ғой.

– Ағаң қай жағында жүр?

– Қорада. Ертеңгі құдалыққа жылқыны сойып жатқан.

– Бірдеңе көрмеп пе?!

Бұл сөзін бірден түсінесің.

– Той болған соң майдалайды ғой.

Осы кезде қарын қырып отырған жеңгеңнің түсі әп-сәтте қорқыныштыға айналады.

– Құм ішкір-ай!

Бітті. Көпшіліктің арасында білдірмейді. Ыржиып үлкендерге сәлемін салып қойып, қазанын асып, титанын қайнатып жүре береді. Бірақ, ашулы. Сол ашумен той болған үйдің барлық тірлігін бітіріп, ыдыс-аяғын жуып, көрпе-төсегін қағып бір-ақ қайтады. Құр қол қайтпайды. Екі көк «айкен» пакетті толтыра қайтады.

– Ағаң үйге қайтып па? – дейді кетерінде.

– Қайдағы, анда бажаларымен майдалап отырған. Мына сөзді естіген жеңгеңнің түрі пенде атаулыға мүлде ұқсамаса керек.

– Құм ішкірлер-ай.

Бұл жолы тіл заңдылығын сақтап, көпше түрде айтты. P.S. Ауылдағы ақкөңілділерім-ай! Бүгін бар, ертең жоқ ашумен бұрқылдаған түрлеріңнің өзі әдемі еді. Жынды ағама жетектесіп жүріп, жақынға қызмет қылудан жалықпаған жеңгелерге шынымен де бас иемін!!!

Ержан ҚОЖАС