Спорттың қай түрі болсын оңай емес. Спорт әлемінің жүрегі саналатын жеңіл атлетиканың орны бөлек. Тарихы сонау 1918 жылдан бастау алған бұл спортты азамат соғысының қыспағына, аштықтың құрсауына қарамай 1918 жылы Абай елiнде спорт үйiрмесi ашылыпты. Семейдегi ол үйiрменi ашқан – Алексей Огородников деген азамат. Сондай-ақ Қазақстанда алғаш салынған ең үлкен спорт ғимараты – 1925 жылы Семейде ашылған.

Әуелі Киров атындағы стадион, кейін 1929 жылы Алматыдағы «Динамо» стадионы дүниеге келдi. Кейiнiрек Алматыдағы «Спартак», «Локомотив» стадиондары бой көтеріп, Қарағанды, Петропавл, Қызылорда қалаларында спорт ғимараттары салына бастады. Мұның өзi Қазақ елiнде спорттың қанат жаюына мүмкiндiк туғызды. 1928 жылы Семейде физкультура техникумы салынды. 1928 жылы Петропавл қаласында өткен Бүкiлқазақстандық Спартакиада жиырмасыншы жылдардағы ең айтулы оқиғалардың бiрi болды. Ал 1937 жылы Кеңес Одағының бiрiншiлiгiне Қазақстаннан арнайы шақырылған төрт жеңiл атлетшiнiң бiрi Хамза Мұхамеджанов едi. Ол 100 метрлiк қашықтықта Кеңес Одағының жеңiмпазы Николай Каракуловпен бiрге жарысты. Қазақстандық Евгений Кадяйкин Мельбурн олимпиадасына қатысқан спортшы. Асқан желаяқ Ғұсман Қосанов Рим олимпиадасыныңкүмiс тұғырына шыққан қазақ спортшысы болатын. Осылайша шежiре тарих тарқатылып, алғашқы қадамдар жасалды.

Бірде атлет Людмила Бутузоваға «Спорт сiзге не бердi?» – деп сұрақ қойғанда екi көзi боталап қоя беріпті. Үнсiз, ойға батып бiраз отырып, қос жанарынан парлаған жас тоқтамай қойған. Қарағанды қаласына жақын Қарабас деп аталатын поселкеде қара жолдың шаңын бұрқыратып жүгiрген балалығын есiне алдыма, Кеңес Одағында биiктiкке секiруде алдына жан салмаған бақытты сәттерiнiң қайта оралмайтынын ойлады ма, кiм бiлген?! Қияндағы Израильден Алматыға әкелген де Қазақ топырағының құдыретi екенін жеткізген.

– Мен спортпен айналысқан жоқпын, спортпен өмiр сүрдiм, Менiң қызықты да қимас күндерiм спортпен өттi. Сондықтан да үлкен сағынышпен еске аламын. Қазiр балалардың спортқа деген ықыласы өте төмен, олардың жүрегiн компьютер жаулап алды. Бұл жақсылық емес, – депті бiр уақытта Людмила Бутузова.

Байқасақ, спортқа деген сүйiспеншiлiк Людмила Бутузованы Алматыда жарыс жолына жетеледi. Спортпен қоштасқанына ондаған жыл өткен Людмила 150 сантиметр биiктiктен оңай қарғыды. Елуден асқан әйелдiң бiр кездегiше берлiк қолтаңбасы бiрден байқалады. Жанымен де, тәнiмен де биiктiктi аңсайтын сияқты. Бiр кездерi жанкүйердi жалт қаратып мойындатқан биiктiк – 198 сантиметр еді.

Иә, жетпiстен асқан қариялар 10 шақырым жерге жүгiру үшiн дүбiрлi жарыс iздеп шалғайдан келдi. Оларды жетелеген, жүгiрткен қай құдiрет?! Кеңес Одағы кезiнде қалың ел спортпен айналысты. Спорт үйiрмелерi, спорт мектептерi балалардың шынығуына, шыңдалуына, үлкен спорттың айдынына шығуына жол ашты. Буыны бекiмей жатып компьютер орындығынан құйрықтары ажырамайтын ұрпақтың денсаулығы қалай болмағы ойландырса деймін!

Гүлім САҒЫНБАЙ,
әдіскер

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!