Айбыны асқақ, ардагерлерім армысың!
Кезекті күннің көктемін көріп таңбысың?
Ақтарып салдым сезімді сәттен бір тілек,
111 кеуде жаралған төрге Ай-мүсін.

Көгіңе қарап, күлімдеп қойсаң, нұр аппақ,
Жараңды жазды жұлдыздар түнгі қуаттап.
Көзіңмен көрген, көңілге түйген сырыңды,
Алайын сенен қайтадан бәрін сұрақтап.

Кезеңді ауыр, ойыңа салсам кешіргін,
Реңін бұзып, ажарын мынау бетіңнің.
Бәрі бір иек кетеді-ау қайта кемсеңдеп,
Бейнесі келіп, майданда көмген досыңның.

Өмір ғой бәрі өксігенменен не етерсің,
Шыбықтар көктеп, көңілді бірге көтерсін.
Өрендер өсіп, өнеге алып тіліңнен,
Жасанып-жайнап, құлпырып далам семірсін!

111 екен, ардагерлерім, нақ бүгін,
Ортайып қапты-ау содан да, көңіл тапты мұң.
Не деген қуат, сендегі мәңгі сарқылмас?
Содан ба менің, еселеп жатыр шаттығым.

Айдан да алыс кетсінші сол күн құрысын,
Барымды жалмап, алған сен, қандай ұрысың?
Қолымды жайдым, тілекке толсын уысым,
Жеңісім менің, Ұлысың мәңгі, Ұлысың!

Шолпан БАЛМАНОВА,
ақын, Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!