Қазақстан Халық партиясы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған тақырыптық іс-шаралар топтамасын ұйымдастырып отыр.
Бүгін ҚХП Қызылорда облыстық филиалында аталған шараның ашылу салтанаты өтті. Мақсаты – өскелең ұрпақты патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, сондай-ақ азаматтарға сұрапыл соғыс жылдардағы оқиғалар жөнінде толық ақпарат бере отырып, бүгінгі бейбіт күн үшін күрескен батырларымыздың ерлігін дәріптеу. «ORDA» жоғары колледжінде өткен жиынға тыл ардагерлері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғамдық даму басқармасының өкілі және студент жастар қатысты. Бүгінгі ұрпақ бейбіт күн үшін от кешкен ержүрек Батырларымыздың есімін білуі тиіс. Осы мақсатта Қазақстан Халық партиясы Қызылорда облыстық филиалы өкілдері Ұлы Отан соғысының ардагері, 103 жастағы қарт солдат Яхия Тасыров жайлы бейнематериал дайындау үшін Ғасыр адамына арнайы жолықты. Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде тұратын қарт майдангер Яхия атамыз нағыз ерліктің үлгісін көрсетіп, кеудесін оққа тосып, бүгінгі бейбіт күн үшін күресті. Ержүрек атамыз жайлы арнайы дайындалған бейнемаиериал бағдарлама барысында көпшілік назарына ұсынылды.
«Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін», деген ұранмен соғысқа аттанған ерлердің орнын әйелдер, қариялар мен балалар алмастырды. Тыл еңбеккерлерінің жауды жеңудегі рөлі жоғары. Олар соғыс күндерінің барлық ауыртпалықтарын қажырлылықпен көтеріп, патриотизм үлгісін танытты. Басқосуда тыл ардагерлері естелік әңгімелерін айтып, шара мазмұнын байытты. Бүгінгі аға буын өкілдерінің тағылымы мол әңгімесі жалындаған жастарымызға үлгі-өнеге.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!