Қызылорда-Түркістан жол бойындағы Шиелі ауданына жақын орналасқан «Жеті әулие қорымы» немесе «Оқшы Ата мазараты» атанған киелі орын жайлы білмейтін жан кемде кем. Ондағы оғыз-қыпшақ дәуірінен сыр шертетін аңыз деректер еріксіз қызығушылығыңды оятады. Ғалым, түркітанушы Әуелбек Қоңыратбаевтың зерттеулеріне сүйенсек, мұндағы әулиелер осыдан 1500 жыл бұрын жерленген. Яки XIV ғасырда Әмір Темір Түркістан қаласында Яссауи кесенесін салмай тұрып-ақ дәл осы пантеонының бар болғаны жайлы деректерді кездестіреміз.

Бұл жерде Қазақстанның рухани мұрасы болып саналатын бірнеше тарихи тұлғалардың зираты орналасқан. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі мен аңызға толы ғұмыры ел арасында әлі күнге дейін сақтаулы.

Оқшы ата мазары – XI ғасыр сәулет өнерінің үлгісіне жататын республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш. Оқшы атаның шын есімі – Ибраһим шайхы. Жастайынан жетім қалған Ибраһимді жалғыз қызы бар кісілер асырап алған. Кей аңыздарда Қазан ханның әскеріне қару-жарақ дайындаумен айналысқан ұста Ибраһимді ел арасында «Оқшы ата» деп атаған десе, енді бірінде мынадай оқиға баяндалады. Ертеде залым патша әмірінен халық қорлық көрген тұста кезек Оқшыны асыраған отбасыға да келеді. Патша әскері елге жеткенде сонау Түркістанда жүрген әулие Сырға қарата бидайды үрлейді. Патша тапсырмасымен ел ішінде жүрген әскербасы сол жерде тіл тартпай кеткен деседі. Өлімнің себебі беймәлім, кінәліні іздестіргенде Оқшының әкесі «жүрегін ашып қараңдар, ішінде бидайдың қыпығы болса бұл менің баламның ісі» деген көрінеді. Айтқан сөзі айдай келіп, жүрек ішіндегі бидай қыпығына жұрт куә болады. Ел содан бастап Ибраһимді «Оқшы» атап кетеді. Бұл әрине ауыздан ауызға тарап, бізге жеткен аңыз.

Асан ата кесенесі – көлемі 9,5 х 10,5 метр, биіктігі 7,6 метр екі иықты күмбезді құрылыс. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, бұл тұлға оғыздардың ханы Қазан болуы мүмкін. Ал халық арасында бұл жерде Қазақ хандығы дәуіріндегі жерұйықты іздеген Асан қайғы жерленген деген деректер де бар.

Қыш ата кесенесі – нақты өмір сүрген уақыты зерттелмеген. Он саусағынан өнер тамған оның шеберлігі ерекше болғандықтан, есімі халық арасында «Қыш ата» аталып кеткен. Аңыз бойынша, Қыш атаның күйдірілген кірпіштері Яссы, Сайрам, Сауран, Сығанақ сынды қалаларға тараған. Бұл деректер оның Қыпшақ дәуірінде немесе моңғол шапқыншылығы қарсаңында өмір сүргенін дәлелдейді. Кесененің күмбезі бұзылған, тек қабырға қалдықтары қалған.

Ғайып ата кесенесі – зерттеушілер бұл тұлғаның IX ғасырда өмір сүргенін болжайды. Кесене төртбұрышты болып салынған, көлемі 9 х 8 метр. Күйдірілген кірпіштен қаланып, есігі оңтүстікке қарата соғылған.

Есабыз әулие мазары – Асан ата мен Оқшы ата кесенелерінен кейінгі маңызды ескерткіш. Заманында әлсіздерге демеу беріп, жалғыз-жарлыларға сүйеу болған баба жайлы екі түрлі пікір бар. Бірі Оқшы ата заманында бірге өмір сүрген десе, екінші бірі ол жайлы аңыз-деректердің осы кезеңге өзгеріссіз жетуіне байланыстыра отырып, беріде өмір сүрген деген тоқтамға келеді. Мазарат құрылысы екі бөлмеден тұрады: кіреберіс пен қабірстан. Жалпы биіктігі 2,80 метр, күмбезі 2 метрге жетеді.

Досбол датқа мазары – Досбол Қорлыбайұлының құрметіне тұрғызылған. Алғаш рет 1994 жылы бой көтеріп, 2017 жылы қайта жаңартылған.

Бала би мазары – ХІХ ғасырда өмір сүрген Бименбет Есенәліұлының кесенесі. Алғашында Оқшы ата мазаратында бес әулиеге күмбез көтерілсе, кейінірек Бала би мен Досбол би ұрпақтарының қолдауымен жаңа кесенелер салынған.

Қызығы дәл осы жеті әулие жерленген мазараттың маңайындағы жыңғыл, сексеуіл ағаштарын кесіп алуға тиым салынған.

– Бұл жердің киелі саналатын бірнеше себебі бар. Соның бірін айтып өтейін. 1903-1905 жылдары өңірден өтетін Түркісіб темір жолы салынған кезде құрылыс жобасы бойынша темір жол дәл осы әулие бабалардың үстінен өтуі керек болған. Алайда құрылыс жұмыстары дәл осы мазарат тұсына келгенде біраз кешеуілдеген көрінеді. Себебі жұмысшылар темір жол рельстерін жоспар бойынша орналастырып, кеш бата тынығуға кетеді. Таңертең жұмыс орнына оралған олар өз көздеріне сенбей тұрып қалады. Шашылып жатқан рельстерді бұзақылардың ісі деп топшылайды да қайта іске кіріседі. Дегенмен ертесіне жағдай тағы да қайталанады. Бойларын үрей билеген құрылыс басшылары жақын маңайдағы ауыл ақсақалдарына жүгінеді. Сұрастыра келе мұнда әулиелердің жерленгенін біліп, кейін темір жол рельстерін әрірек соққан деседі. Содан соң ғана жұмыс өніп, құрылысқа ешбір зиян келмеген екен, – дейді Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекболат Әбутегі.

Тағы бір ел аузындағы аңыз деректерге құлақ түрсек, осында жерленген Есабыз бабаның дүниеден қайтқан шағында орын алған оқиға таң қалдырмай қоймайды. Әулиенің жан тапсырар уақыты жетіп, дәм-тұзы таусылғанда ел-жұрт жиылып, мүрдені ат-арбаға тиеп қорымға бет алады. Ғажабы сол, шыжыған шілдеде әулие тиелген ат-көліктің үстінен үй көлеміндей бұлт көлеңке түсіріп, қорымға дейін қатар жүріп отырған деседі. Қадым замандардан ауыздан ауызға тарай отырып, бізге жеткен аңыз осылай дейді. Анығы Жаратқанға мәлім.

А.Маратқызы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!