Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 35 жастағы келіншек «Жетісу облысы полиция департаментінің Қаратал аудандық полиция бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, аудандық полиция бөлімінің бастығына және Жетісу облысының полиция департаменті мемлекеттік мекемесіне қатысты арызын қарап, оның құқығын қорғады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әйел бұл мекеме басшыларынан жеке куәлігіндегі жеке сәйкестендіру нөмірін түзетіп беруді сұраған. Алайда, мекемедегілер бұл мүмкін емес екенін айтып, бас тартқан.

Жеке сәйкестендіру нөміріндегі қатесінен бола әйелдің салығы мен зейнетақы жарнасы өз атына түспей, бейтарап қалған. Осыдан кейін әйел адам сотқа келіп, мекеме басшыларын ЖСН-дегі қатені түзетуге міндеттеуді сұраған.

«Туу туралы куәлікке және неке қию туралы куәлікке сәйкес талап қоюшы 1991 жылғы 13 мамырда туған. Алайда, оның жеке куәлігінде туған күніне сәйкес келмейтін ЖСН жазылған. «Сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысының 2, 3-тармақтарына сәйкес, ЖСН 12 саннан тұрады, оның алғашқы 6 саны жеке тұлғаның туған жылын, айын және күнін қамтиды. Алайда, талап қоюшының жеке куәлігіндегі ЖСН-нің үшінші екі саны, яғни туған күні 13-тің орнына 31 деп жазылып кеткен, бұл заңмен белгіленген алгоритм талаптарына және талап қоюшының туу туралы куәлігіне сәйкес келмейді», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Арызданушының жұмыс орнында жалақы есептеудің жаңа жүйесі енген кезде ЖСН сәйкессіздігі анықталған. Соның салдарынан зейнетақы жарналарын, салықтарды және басқа да міндетті төлемдерді аудару мүмкін емес.

«Сот талқылауы барысында талап қоюшының туған күні 1991 жылғы 13 мамыр – ресми құжаттармен расталғаны, ал ЖСН құрылымы жеке тұлғаның туған күніне сәйкес келуге тиіс екені анықталды.

Сот сондай-ақ, талап қоюшының өтініші бойынша жауапкер тиісті әкімшілік акт қабылдамағанын, ал бас тарту анықтама түрінде рәсімделгенін, бұл әкімшілік рәсімдік-процестік заңнама талаптарына сәйкес келмейтінін белгіледі. Осылайша, сот полиция бөліміне талап қоюшының жеке сәйкестендіру нөмірін оның туған күніне, яғни 1991 жылғы 13 мамырға сәйкестендіру туралы міндет жүктеді», – делінген сот хабарламасында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!