«Білмесең, Google-дан сұра» деген ұстаным қазіргі қоғамның ұранына айналғандай. Ақпараттық технологиялар күннен-күнге жетіліп, жасанды интеллект адамға серік болып жатқан тұста біз ойлау қабілетімізді жоғалтып бара жатқан жоқпыз ба? Ақылды құрылғылар мен алгоритмдер біздің уақытымызды үнемдегенімен, ақылымызды әлсіретіп жатқанын аңғармай қалғандаймыз…

Бүгінде есеп шығару үшін калькулятор, мәтін жазу үшін тіл түзеткіш, сөйлеу үшін ChatGPT пайдаланатын деңгейге жеттік. Бұл – прогресс. Бірақ осының көлеңкесінде жалқау сана қалыптасқаны рас. Мысалы, мектеп оқушылары тапсырмасын өз бетінше орындаудың орнына, ЖИ-дан көмек сұрайды. Бір қарағанда, бұл уақытыңды үнемдеудің жолы. Бірақ біраз уақыттан кейін адамның логикалық ойлауы, талдау дағдысы мен шығармашылық қабілеті әлсірейді. Себебі ми бұлшықет секілді. Ол да жұмыс істемесе, дағдысынан айырылып қалады.

Harvard University мен MIT зерттеулеріне сүйенсек, кейінгі он жылда жадыда сақтау, сараптау және тұжырымдау дағдысы айтарлықтай төмендеген. Себебі адам ақпаратты ұзақ есте сақтауға емес, оны кез келген уақытта табуға үйреніп алған. Сонымен қатар, мамандар зерттеу нәтижесіне сүйеніп, жасанды сана алдағы 5 жылда еңбек нарығына түбегейлі тың өзгерістер әкеледі деп болжауда.

Эстония – цифрландыруда Еуропада алдыңғы қатарда. Бірақ сол елде мектептерде смартфон қолдануға шектеу қойылып, қолмен жазу, ойлау машығын дамытуға басымдық беріле бастады. Себебі оқушылардың ойлау белсенділігі күрт төмендеген. Бұл – технологияның адам миына әсерінің нақты көрінісі. Жапония технологиясы озық ел бола тұра, мектептерінде оқушылар міндетті түрде есепті қолмен шығарып, дәптерге жазады. Олар технологияны құрал ретінде ғана көреді, ал баланың логикасын дамыту басты мақсат. Ал Фин білім беру жүйесі де технологиядан тыс «ойлау машығы», «зерттеу дағдысы», «пікірталас мәдениеті» сияқты қабілеттерді дамытуға бағытталған. Онда оқушылардың сұрақ қоя білуі бағалау критерийінің бір бөлігі.

Адамның орташа зейін қою уақыты 2000 жылы 12 секунд болса, 2015 жылы 8 секундқа дейін қысқарған. Бұл тіпті алтын балықтың зейін қою уақытынан (9 секунд) аз. Смартфон, планшет, ноутбукты қолдану ми қабілетінің, әсіресе жұмыс жады, зейін мен стратегиялық ойлаудың баяулауына әкелетінін көрсеткен.

Ақылды құрылғы ақылды адам қалыптастырмайды. Ол – тек құрал. Саналы қоғам сол құралды пайдалану мәдениетін үйренгенде ғана жеңеді. Егер біз тек дайын дүниеге сүйенсек, еркін ойдан, креативтен, жауапкершіліктен айырылу қаупі жоғары. Демек ақылды қоғам болу үшін ең әуелі ойлануды, ізденуді, сұрақ қоюды үйренуіміз керек. Себебі ақылды сана өзіне сенетін адамның таңдауы.

Динара ЖҰМАДІЛ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!