Жасанды интеллект – кейінгі онжылдықта кеңінен дамып, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған озық технология. Оны тек компьютерлік бағдарлама немесе алгоритм деп қабылдауға болмайды, себебі ол біздің ойлау, жұмыс істеу, тіпті әлеуметтік қарым-қатынас жасауымызға әсер ететін заманауи құрал.

Тіпті ЖИ-ді «дос» санайтындардың қатары артып, көптеген адам оған жеке ақпаратын сеніп тапсыруға бейімделіп барады. Бірақ осы әрекет қаншалықты қауіпсіз? Тіпті шынайы видео мен ЖИ көмегімен жасалған видеоны айыра алмайтын халге жеттік.

Қазақстанда да ЖИ саласы мемлекеттік деңгейде маңызды стратегиялық бағытқа айналды. Біреулер жасанды интеллектіге шектеу керек деп дабыл қақса, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдау-2025 аясында Үкіметке экономиканың барлық саласына жаппай жасанды интеллектіні енгізуді тапсырды.

– Қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы қажет. Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.

Жетілген ЖИ-дің игілігі

Оның көмегімен дайын контент жасау, презентация дайындау, ғылыми жұмыстарды жеңілдетуге болады. Мұндай технологияны дұрыс қолданса, ол білім сапасын арттырады, уақыт үнемдейді, шығармашылықты дамытады. Сонымен қатар ЖИ арқылы сурет жасау, мультимедиа жобаларын жасау да кең тараған. Бұл процестер оқушының визуалды және шығармашылық қабілеттерін жетілдіруде маңызды рөл атқарады.

– Меніңше, жасанды интеллект – білім әлеміндегі жаңа тыныс. Бастауыш сынып мұғалімі үшін ол – оқытуда шабыт беретін, баланың қызығушылығын оятатын үлкен мүмкіндік. Дұрыс қолданылған жасанды интеллект сабақтың мазмұнын байытып, оқушылардың ойлауын, қиялын және танымдық белсенділігін арттырады.

Ол тек технология емес, ол – мұғалімнің шығармашылығын қолдайтын көмекші, оқушыны жаңа идеяларға жетелейтін құрал. Ең бастысы – оны адам тәрбиесіне, шығармашылыққа және білім сапасына қызмет еткізу. Сонда ғана нағыз заманауи ұстаздың сенімді серігіне айналады деп ойлаймын, – дейді жас мұғалім Данагүл Таңатова.

Бірақ керісінше, аталған озық технология баланың шығармашылық қабілеттеріне тұсау болады деген ой сізді мазаламай ма? Ал ЖИ арқылы жасалған дүниеден алданып қаламын деп қорықпайсыз ба?

Ақылды құрал ақымақтыққа себеп болмауы керек

ЖИ-дің қауіпті тұстары туралы тарқата кетсек. Біріншіден, жеке ақпаратты беруде абай болу керек. Қазіргі қоғамда «дос» секілді сезілетін ЖИ құралдарына сеніп, жеке мәліметтерді бөлісу кеңінен тарады. «Chat GPT»-ді жеке психологы санап, оған өмірінде болып жатқан барлық мәселесін бүге-шүгесіне дейін бүкпей тарқатып беретінін қайтерсің? Оған айтып берген әңгімеңіздің мәңгілік платформаның базасында сақталатынын білесіз бе? Тіпті чатты тазалап, барлық хабарламаны өшірген күннің өзінде ақпаратыңыз сіз енді көре алмайтын «қараңғыда» сақталатын болады. Десе де мұндай нюанстарды аңғарғымыз келмейді. Себебі «жұртқа қатері тимеді ғой, маған да тимейді» деп белгісіз дүниеге сенім артқанды құп көреміз.

Екіншіден, ЖИ көмегімен жасалған видеолар мен шынайы бейнелерді айыра алмайтын халге жеттік. Мұндай технологиялық «қулық» жалған ақпарат таратуға, қоғамдық пікірді бұрмалауға, тіпті саяси манипуляцияға себеп болуы мүмкін. Адамдар шынайылық пен жасандыны ажырата алмай қалса, сенім мәселесі не болмақ? Осы орайда жасанды интеллектіні пайдалану шарттарына өзгеріс керек секілді. Бейнетаспа немесе суретті, аудиожазбаны жасағанда ЖИ-ге сілтеме беріп тұратын һәм ЖИ екенін анықтауға болатын дүние ойлап табудың жолдарын қарастыру қажет.

Үшіншіден, білім беру саласында ЖИ-ге тәуелді болу оқушының ойлау қабілетін әлсірететіні анық. Дайын жауапқа үйреніп кеткен бала ақпаратты сүзгіден өткізбей қабылдайды, бұл тұлғаның әлеуметтік интеллектіне кері әсер етеді емес пе? Өскелең ұрпақтың «дайын асқа тік қасық» болып бара жатқанына неге алаңдамаймыз?

Біреулер «Қай заманда болсын, адамнан айла аспайды. Оқушылар да өз уақытына сай ақпарат іздеудің жолын тауып отырған. Кеңес кезінде кітап болса, одан кейін ғаламтор, ал қазір бұл кезек ЖИ- дің еркінде» дейді. Күлкілі.

Білім берудегі ЖИ

Жасанды интеллект – қазіргі білім беру саласына айрықша әсер етіп жатқаны жасырын емес. Кәсіби тұрғыдан алғанда, оны дұрыс қолдану заман талабы. Сондықтан ағымнан қалып кетпеу маңызды. Жеңілдік тудыратын тұстарын түрлі мысалмен көрсетуге болады. Мәселен, оқушының деңгейіне қарай тапсырма беру мүмкіндігі бар, бұл әр балаға жеке оқу траекториясын құруға мүмкіндік береді. Мұғалімнің жүктемесі жеңілдейді, өйткені қағазбастылықтан арылу, яғни жоспар жасау, құжаттар, есептер мен сценарийлер дайындау үшін уақыт аз жұмсалады. Мұнда көмекке ЖИ келеді.

Тұлға бойындағы әлеуметтік интеллектінің дамуына келетін болсақ, дайын жауапқа үйреніп кетсе, оқушының ойлау дағдысы әлсіреуі мүмкін. Ақпаратты сүзбестен қабылдау – ең қауіпті қатер, сондықтан білім алушыларға мүмкіндігінше дұрыс қолдану жолдарын үйрету өте маңызды. – Жасанды интеллект – бұл заманауи көмекші. Дұрыс бағытта, бақылаумен, ұстаз басшылығымен енгізілсе, білім сапасына оң әсер береді. Бірақ адам факторын ешқашан алмастырмауы тиіс. Жасанды интеллектіні мектеп жүйесіне түбегейлі енгізу үшін бізге бірнеше этап қажет. Мұғалімдерге жасанды интеллектімен жұмыс істеу біліктілігін арттыру қажет. ЖИ-ді мұғалімді алмастырушы ретінде емес, құрал ретінде көру керек.

Яғни ЖИ білім процесін толық алмастырушы емес, құрал ретінде қолданылуы тиіс. Мектеп жүйесіне оны түбегейлі енгізу үшін мұғалімдерге біліктілікті арттыру, оқушыны ақпаратты сүзуге үйрету, құрал ретінде қолдануды насихаттау керек, – дейді облыстық білім басқармасының маманы Дархан Құлабаев.

Министрлік не үшін керек?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылғандай, ЖИ-ді экономиканың барлық саласына енгізу үшін арнайы министрлік қажет. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру – бұл стратегиялық қадам. Ол тек технологияны бақылап, дамыту ғана емес, сонымен қатар халыққа қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге бағытталған.

– Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болу мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады. Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан 3 жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек, – деді Президент.

2025 жылғы 29 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Жаслан Мәдиев Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды.

Қызықты фактілердің бірі – «Самрұқ Қазына» инвестициялық холдингінің ЖИ арқылы жұмыс істейтін директорлар кеңесінің мүшесі жақында қызметін бастап кетті. Күлкілі естілгенімен, ол өз дауыс беру құқығымен толыққанды кеңес мүшесі ретінде жұмыс істейді. Бұл ақпаратты көпшілік әртүрлі қабылдады. Таңғалмаңыз, сеніміне селкеу түскен жұрт аталған озық технологияны жылы қарсы ала қойған жоқ.

Қорытындылай келе айтарымыз, ЖИ – дұрыс бағытта қолданылса, ол білім сапасын арттырады, шығармашылықты дамытады, уақыт үнемдейді. Бірақ «болады» екен деп бақылаусыз пайдалануға жол бермеу керек. Адам факторы – басты рөлде қалуы қажет. Өйткені эмоция мен әлеуметтік қарым-қатынасты бағалау, моральдық шешім қабылдау – ЖИ-ге қолжетімсіз.

Заманның озық жетістігін оңтайлы әрі дұрыс бағытта қолданып үйренудің сәті келді.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!