Мемлемет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялаған еді. Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбатында: «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес» деді. Расында цифрлық елге айналуды мақсат еткен ел үшін бұл нақты қадамдардың бірі. Дегенмен таяқтың екі ұшы болатыны секілді, жасанды интеллекттің адам өміріне еніп келе жатқанының теріс жақтары бар екенін де жасырмаймыз. Соның салдарынан барлық салада еңбек адамы азаятын болады. Бұл бірден болып кетпесе де, дәл осы жылы еліміз бұл бағытқа ерекше назар аударады. Ендеше, жасанды әлемді жан-жақты саралап көрелік.
«Алиса» адамды ауыстыра ала ма?
Ашығын айтайық, жаңа тынысы ашылған ЖИ адам өміріне етене араласты. Кез-келген сұраққа мимен ойлануға ерінетін жастар ЖИ-дің көмегіне жүгінуді әдетке айналдырып барады. Тіпті, үйдің өзінде виртуалды көмекшінің атқаратын жұмысы орасан. Осы ретте бір оқиғаға еске түседі. 2024 жылдың жазында жігіттермен Астана қаласында белгілі бір мөлтек аудандағы тұрғынның үйіне электр желілерін жаңартуды қолға алдық. Жалғызбасты әкенің екі қызына арнайы тұрғызып берген 3 қабатты «шаңырағы» екен. Ханшайымдар сарайынан кем емес. Қос қызы бұл үйге жылына бірнеше мәрте ғана келіп түнейді. Оның үстіне тек елге «демалуға» келгенде ғана… Олай дейтінім, екеуіде шет елде білім алады. Бірақ үйде күтуші ғана тұрады. Бәрін қойшы, сонымен 16 бөлмеден тұратын баспананың желілері жаңартылды. Сол тұста бірнеше күн бойы «Алисамен» сөйлесумен болдық. Есікті ашқаннан перделерді ашқызып, әуенді әуелетіп, желдеткішті қосып қоятынбыз. Алғашында таңқалумен болдық. Ал күтуші таңнан кешке дейін Алисамен тілдесіп, оған түрлі сауал қойып, мұңын шағып отырады. Белгісіз кейіпкерді бір туғаны мен туысынан жақын қылып алған. Көзбен көрсең, не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Сол сәтте болашақта адамдардың орнын цифрландыру басатынына көзім жеткен.
Жуырда әлем желіден жапониялық ару өз сөзінде ЖИ-мен ортақ тіл табысып, сырласып, соңы махаббатқа ұласқанын айтыпты. Осылай ЖИ адамдардың бүгінде жұмысын ғана жеңілдетіп қоймай, олардың өмірлік серігіне де айналып үлгеріпті. Үлкен де, кіші де ЖИ-дің көмегіне жүгінетін болды. Әйтеуірі көпшілік Алисаны теледидар қосу, оны қайтып өшіру, музыка қою секілді жұмыстарға жұмсағанға таптырмайтынын айтып, сандық технологияның шарапатына дән риза.
Білім саласы ЖИ-ге жақын
Осы мәселе төңірегінде тағы мәселе бар. Ол бүгінгі жастардың жасанды интеллекттің жұмысына сүйенуді әдетке айналдырғаны. Зерттеуші мамандар ЖИ-ға жиі жүгінетін саланың ішінде білім саласы көш бастап тұрғандығын айтады. Бүгінде мектептен үйге берген тапсырманы мимен емес, ЖИ-мен оқитын балалар көбейді. Мұғалімдер де күнделікті сабақ барысында, қысқа мерзімді жоспар дайындау, әртүрлі әдістемелік тапсырмаларды орындау кезінде, көрнекі құралдарын жасауда жасанды интеллектінің көмегіне жиі жүгінетінін жоққа шығармайы. Жуырда «Әдебиет порталында» жазушы Жадыра Шамұратованың «Келешекте шығарманы ЖИ жаза ма, әлде ми жаза ма?» деген мақаласы жарияланды.
Аталмыш мақалада қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, жазушы Самал Зікірияқызы қазіргі білім беру жүйесінде кеңінен қолданылып жүрген ЖИ-дің пайдасы қандай, зияны неде екенін тәжірибеде кездесетін жағдаяттармен пайымдап, өз пікірін былай түйіндейді:
«Біраз уақыт үй шаруасындағы әйелге айналып, мектепке осыдан алты жыл бұрын оралдым. Мен кеткенде өтетін сабағымыздың «дәстүрлі» деп аталатынын қайтып келгенде білдім. Өйткені жаңа келмей, ескі «дәстүрліге» айналмайды. Дәстүрі қарапайым, жүйелі сабақ арман болды сонда маған. «Жаңа бағдарлама» деген дардай аты бар методиканың тамыры жуандап, тереңдеп, шырмалып кетіпті. Сабақтар түрлі тәсілдермен өтеді. Ойындармен десе де болады. Замандастарым мұндай тәсілдерді ашық сабақтарда көрсететін. Ең алдымен парталарды сүйреп қосып, оқушыларды топқа бөледі. «Топтық тәсіл» – жаңа бағдарламаның – «көзірі» екен. Өтіп жатқан сабақтар шикілеу көрінетін. Шоуға ұқсай ма…
Жаңа бағдарламаның қателігі мен кем-кетігін айтсаң таусылмайды ғой, қайсыбірін санайсың. Сондай сабақ өткенді жаңа бағдарлама тілінде «креативті мұғалім» деп аспандатады. Негізгі ойға ауайын. Енді «Сабақты ЖИ-мен өту керек!» деген тапсырма келді. «Келді» ғана емес, шұғыл кірісіп кетті білім ордалары. Мектеп бар ғой, өкіметтің эксперименттік аймағы секілді. Бірдеңені егжей-тегжейлі зерттеу, зерделеу деген жоқ, не қылтиса соны «заманауиға» бағып, алқынып шыға келеді.
Басқа басқа, болашақпен, біліммен ойнауға бола ма? ЖИ-дың бір аты – интеллект, бір аты – Жасанды емес пе?! Яғни, ЖИ – компьютерлер мен машиналарға адамның ойлау, үйрену, есте сақтау, тіл түсіну сияқты қабілеттерін (еліктетіп) үйрететін технология. Қазіргі заман онсыз да жасанды интеллектіден тұрады. Мұны бала бізден артық пайдаланбаса, кем пайдаланбайды. Оны сабаққа жамаудың қажеті қанша? ЖИ-дің пайдасы мен зиянына тоқталайын. Пайдасы – уақыт үнемдеу, дерекке тез қол жеткізу, робототехниканың дамуы, кез келген ғылыми тақырыптарды өз тіліңде тәржімалап алу және оңай әрі тез орындалатын іс. Ал зияны – ойлау қабілетінің тежелуі, жалқаулыққа дағдылану, ақпараттың рас, өтірік екенін екшей алмау, түйсіктің мешелдікке ұрынуы. Ең қорқыныштысы – ЖИ онсыз да адамды роботпен алмастыру заманына әкеле жатыр.
Онда жылдамдық болғанымен, түйсік жоқ. Яғни, пайым жоқ. Енді елу жылда роботтар адамнан ақылды болса, өзіміз құрбан болуымыз әбден мүмкін. Жұтылып кету қаупі басым. Сабақ – білімнің негізі. Ол ғана емес, ойландыру, көркем, мәдениетті, дұрыс сөйлеу дағдысын қалыптастырушы фактор. АҚШ ғалымдарының ЖИ-дің қауіптері жайлы дабыл қағып жатқанын әлем білмей ме? Не болса соны сабаққа қосамжарластыру қандай ойсыздық? Нейрондық желілер мен ойындар онсыз да иттің жүніндей қаулап, көбейіп келеді. Бұл – машина. Бұл – робот. Жаңа бағдарламада шығарма жойылып, орнын эссе басқан. Не деген ақымақтық? Шығарма – эссе емес. Ал шығарма жазбаған баланың ойлау, сөйлеу шеберлігі дамымайды. Ол қайтіп эссе жазады енді?
Эссе баланы сыни пікірге тәрбиелейді-мыс. Эссені, яки жаңа бағдарламаны қолдаушылардың, ақтаушылардың, қорғаушылардың уәжі осындай. Шығарма жазбаған баланың тілі шорқақ, ойы кедей болады. Шыдамадым. Ебін тауып, (ұрланып десем де болады) шығарма жаздыратынмын. ChatGPT шыққалы бұл амалымның да күлі көкке ұшты. Оқушы ЖИ жазған шығармаларды көшіріп келетін болды.
Былайынша тәп-тәуір-ақ дүние, бірақ, мұғалім ғана емес жазушымын ғой, шығарманың ішкі табиғатына зер салсаң, «жасанды шығарма» екені көрініп тұрады. Әр жерден жұлынған, ұрланған, құрастырылған мәтіннің идеялық, көркемдік, грамматикалық кемшілігі белгілі. Осылай, «шығарма жазуға тәрбиелеймін» деген арманымнан да айырылып қалдым. Қысқасы, ЖИ – құмартатын дүние емес.
Керісінше, сақтық керек! Адамы қайсы, роботы қайсы, айырғысыз заман онсыз да ентелеп келеді. Адам түйсігін иемденген машиналар қате бағдарлама, қате оқулықтардан білім алып жатқан бізді басып озып, өзімізге бой бермейтін «түмсікке» айналары анық. Адам роботтан ақылды болу үшін не істеу керекті ойланайық!».
Мұғалімдер мен мамандар пікірі
Жазушы қоғам өкілдерінің алдына осындай күрделі ой тастайды. Назар аударатын мәселе. ЖИ-дің білім беру ісіне де белсенді араласа бастағаны біраздан бері айтылып жүр. Пікір сан алуан. Сұрақ та көп, алаңдаушылық та басым. Сол сауалды мамандарға да қойып көрдік. Жуалылық информатика пәнінің мұғалімі де ЖИ-ді шамадан тыс пайдалану баланың жеке тұлға ретінде дамуына зиянын тигізетінін алға тартты.
– Жасанды интеллектіні шектен тыс қолдану немесе оны дұрыс бағытта пайдаланбау оқушының тұлғалық дамуына теріс әсер етуі мүмкін. Сол себепті ЖИ тек көмекші құрал ретінде қолданылуы тиіс. Мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас, тәрбиелік ықпал және ұлттық құндылықтарды сіңіру – ешқашан жасанды интеллектінің міндетіне айналмайды. Бұл – тек адамға тән қасиет, – деді білікті мұғалім Шолпан Әжіқұлова.
Ал ChatGPT шыққалы үздік оқушы атанып келген оқушы Қарақат Қайратқызы (кейіпкер есімі өзгертілген) жуырда жекеменшік мектепке ауысып, мимен жұмыс істеудің қаншалықты қиын соғып жүргенін жасырмады.
– Биылғы жаңа оқу жылында ата-анам мені жаңадан ашылған жекеменшік мектепке ауыстырып жіберді. Мұнда тәртіп өте қатал. Күнде азанғы сабақта сынып жетекшіміз ұялы телефондарымызды жинап алады. Кешке сабақтан қайтатын кезде ғана қолымызға ұстатады. Үй тапсырмасын да осында орындайтын болғандықтан, барлық сабақты ойланып оқуға тура келіп жүр. Бұрынғы оқыған мектебімде ұстаздарға көрсетпей, күнде сабақта, әсіресе БЖБ,ТЖБ тапсырмаларын орындау кезінде, эссе, шығарма жазатын кездерде ChatGPT-мен барлығын жазып, жақсы баға алатынмын. Үй тапсырмасын да ЖИ-мен қанттай етіп орындайтынмын Қазір бұл алаңсыз күндерім көзден бұлбұлдай ұшты. ЖИ-ға үйреніп алғаным соншалық, алғашқы тоқсанда-ақ, қорытынды бағам нашарлап кетті. Енді соны дұрыстауға күш салуым керек, – деді 7-сынып оқушысы ағынан ақтарылып.
Көкейдегі кез келген сұраққа ЖИ-дің жылдам жауап беретіні рас. Бірақ оның жауабының барлығы жүз пайыз дұрыс шығады дегенге де сену қиын. Бұған жазушы Ардақ Үсейінова ЖИ-мен екеуара диалогта көз жеткізгенін айтты.
– Қысылып өткен өмірден Көсіліп жатар көр артық, Демеуі кемшін туыстан Елеуі күшті ел артық, Пейілсіз берген қайырдан, Пейілмен айтқан сөз артық, Көкірегі соқырдан, Ағып та түскен көз артық, Ар-ождан қымбат адамға, Алмағайсың жоғалтып, Кердеңдеп баспа керіліп, Біреуден сенің нең артық, – өткенде осы өлеңнің авторын сұрап ЖИ-ға сұрақ қойдым. Өлеңнің авторын Бауыржан Момышұлы деді. Қой ей, бұл сөз Баукең өмір сүрген уақыттан бұрын бар болатын дедім. ЖИ кешірім сұраймын дегенімен, тағы да берідегі Жұбан Молдағалиевтың өлеңі де- ген нұсқа ұсынды. «Жұбан болуы мүмкін емес», деген дәлелімді алға тартқаныма қарамай, тағы бертіндегі бірнеше ақындардың есімін айтты. Мен де қайтпай, бұл бұрын қалған сөз екенін ескерттім. Шамалы кідіріп барып, «Ақтанберді жырау» деді, тағы біреулердің атын атап арыға салды. Менің де қайтар ойым жоқ, авторын анықтап бере алмайтынын білсем де, оның сөзіне келмейді дедім, қайтадан берідегілерге теліді. Олай емес дедім, ақыры миы ашып, дұрыс жауап бере алмады. ЖИ-ға сеніп жүргендер, ертең біреудің сөзін біреуге теліп, масқара боламыз-ау дедім сосын. Ақыры, сол өлеңнің кімдікі екені гуглда да жоқ болып шықты, авторы айтылмаған, жай сөзінің дәл айтылғанын әркім басына түскен жағдайға қарай сезініп оқып салып жүр екен. Біреуі авторын атамаған. Алдағы уақытта авторын кітапханаға барып тауып алу керек. ЖИ-ға түбегейлі сенсең, шатасып, тура жолдан адасып қалуың мүмкін, – дейді Ардақ Жаңбыршықызы.
Әлем елдеріндегі жағдай қандай?
Сөз басында айтқандай, әр нәрсенің жаман және жақсы жағы қатар жүретіні бұлжымас заңдылық. Соған қарамастан қазір цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс та жыл өткен сайын артып келеді. Бұл бағытта біздің елімізде де жоспарлы жұмыстар жасалып, бүгінде қарқынды жүргізілуде. Қазақстан жасанды интеллект технологияларын дамытуға арналған ұлттық заңнамасын бейімдеу бойынша әлемнің үздік 15 мемлекетінің қатарына енді. Бұл жөнінде Сенаттың кеңейтілген отырысында депутат Бибігүл Аққожина мәлімдеді. Оның айтуынша, еліміз цифрлық даму саласында тұрақты ілгерілеу көрсетіп келеді. «Стэнфорд университетінің AI Index Report есебіне сәйкес, Қазақстан жасанды интеллект саласына бейімделген заңнамасы бар әлемнің үздік 15 елі қатарына енді.
Бүгінде бұл бағытта 11 өңірде 27 жоғары оқу орны мен 6 ғылыми институт белсенді жұмыс істеп жатыр. Зерттеу жұмыстарына 479 ғалым тартылған. Сала бойынша 62 жоба іске асырылуда. Олардың басым бөлігі Алматы мен Астанада шоғырланған. Әсіресе озық өндіріс, цифрлық технологиялар, ғарыш және медицина салаларына ерекше көңіл бөлінуде», – деді депутат жасанды интеллект туралы заңды талқылау кезінде.
Естеріңізге салсақ, Сенаттың кеңейтілген отырысында «Жасанды интеллект туралы» заң қаралды. Сондай-ақ Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстанда дипфейк жасайтындар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екендігін айтты. Қазақстанда қазақ тілінде сөйлей алатын дыбыстық тілдік жасанды интеллект моделін әзірлеу жұмысы жүріп жатыр. Ал бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун мәлімдеген еді. Оған қоса ол «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының директорлар кеңесіне SKY атты ЖИ-ассистент енгізілуіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қазақ тіліндегі сапалы дыбыстық ЖИ жүйесін жасау – техникалық тұрғыдан мүмкін. Бірақ көп еңбекті, уақытты және айтарлықтай көлемдегі дыбыстық деректі қажет ететін күрделі процесс.
– Дұрыс сөйлейтін жүйе жасау – техникалық тұрғыдан мүмкін нәрсе. Ол үшін бізге уақыт пен әр аймақтың дыбыстық жазбалары қажет. Сонда ғана қазақ тіліндегі толыққанды дыбыстық тілдік модель жасай аламыз, – деді Дмитрий Мун.
Демек бұл сөзге сенетін болсақ, қазақ тілінде сөйлей алатын жасанды интеллектіні дамыту – ЖИ технологияларын ұлттық тіл мен мәдени контекстке бейімдеудің маңызды қадамына айналады. Саналы ғұмырында ақпараттандыру саласының қыр-сырын зерттеп, еселі еңбек етіп келе жатқан белгілі ғалым Есен Бидайбеков ешбір жаңалық ғайыптан пайда болмайтынын, оған ғылым мен ізденіс әсер ететінін айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Жолдауын «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» деп тектен-текке атаған жоқ. Қазақстан Президенті әлемнің қайда бара жатқанын анық көріп-біліп, болашақты болжап отыр. Жасанды интеллектіні адам жасайды, оны оқытады, үйретеді. Демек бәрібір адамның көмегінсіз ештеңе өнбейді. Жасанды интеллект адам жасаған білімді пайдаланады, сол арқылы қабілетті болады. Ендеше оны дайындайтын мамандарды оқыту қажеттілігі тумай ма? Сондықтан информатика пәні білім беру саласында ешқашан артық пән болмайды. Біз информатика пәнін оқыту арқылы халыққа дұрыс білім беріп, ақпараттық технологияға, жасанды интеллектіге бағдарлаймыз. Жасанды интеллект бізге бәрін жасап бермейді, оның қабілетін күшейтетін, өмірге пайдалы ететін өзіміз. ЖИ-дің сан түрлі технологиясының өзінің жетілуі – мидың ізденісінің жемісі. Сондықтан бүгінгі жұмыс үдерістерінің едәуір бөлігі цифрлық технологияларды енгізу арқылы автоматтандырылатыны анық. Сол себепті менің тапсырмаммен 100 мыңға жуық студентті технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Алайда жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзыретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс. Осыған орай бірқатар бастаманы жүзеге асырған жөн. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет, – дейді ғалым.
Расында адам баласын адам еткен – оның ақылы, ойлау қабілеті мен санасы. Тіпті, ЖИ-ді ми басқарып отыр. Сондықтан ЖИ жетпеген биіктікке МИ сөзсіз жетеді.
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
