Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жасанды интеллект пен цифрландыру мәселесін айрықша атап өтті. Президент сөз басында «Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек» деп қадап айтты. Бұл міндетті орындау үшін алдымен Цифрлық кодекс қабылдау қажет екенін де еске салды. Жаңа заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, жасанды сананы дамыту, платформалық экономика мен деректер қорын пайдалану секілді мәселелер қамтылуға тиіс.
Сонымен қатар Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру жөніндегі тапсырма көп талқыланған әрі қоғам назарын аударған жаңалыққа айналды. Бұл жаһандық бәсекелестік ушығып тұрған кезеңде Қазақстан үшін стратегиялық шешім болмақ. Себебі цифрландыру тек экономиканың тиімділігін арттырмайды, мемлекеттік басқаруды жаңғыртатын, жаңа мамандық пен жұмыс орындарын қалыптастыратын маңызды фактор. Президенттің бастамасы қоғамда үлкен серпіліс тудырып, Үкімет пен сала мамандарына нақты міндет қойды. Айта кетерлігі, жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы тиіс деген пікір де бар.
Сонымен тапсырма берілді. Арада бір жұмыс аптасы өтті. Жауаптылар не істеп жатыр? Ал жаңа министрліктен жастар не күтеді?
Жаңа министрлік пен цифрландыру туралы Үкімет отырысында да талқыланды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Alem.ai жасанды интеллект орталығы құрылады.
– Алдағы 5 жылда 1 миллион азаматқа жасанды интеллектінің дағдыларын үйретеміз. Халықаралық Alem.ai жасанды интеллект орталығы құрылады. Ол білім ғылым, бизнес және мемлекеттік технологияларды біріктіреді. «Digital Қазақстан» тапсырмасы шеңберінде мемлекеттік органдармен бірлесе 72 саланы қамтитын 19 цифрлық трансформация картасы қалыптастырылды, – деді министр.
Жиында Үкімет басшысы жасанды интеллект туралы заң жобасын тез арада пысықтауды тапсырды.
– Цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі Digital Қазақстан тұжырымдамалық құжатын әзірлеуге кірісу керек. Жауапкершілікті ара жігін бөліп беру керек. Құжатта тиісті нәтижелер көрініс табу керек. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы Президент жарлығының жобасын енгізуге тиіс, – деді Премьер- министр Олжас Бектенов.
Ал Цифрлық кодекс бойынша Жаслан Мәдиев:
– Жарлықтың жобасы әзірленді, қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың келісуінде жатыр. Цифрлық кодексті Парламент Мәжілісі қарап жатыр. Оны пысықтау Мәжіліс жанынан құрылған құзыреттер орталығының негізінде жүргізілуде. Кодекс жобасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде GitHub сайтында жарияланады. Құжат Мемлекет басшысы белгілеген мерзімде қабылданады, – деп бөлісті.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Жасанды интеллект институтының директоры Нұрлан Құлмырзаевтың айтуынша, ЖИ мемлекеттің қуатын айқындайтын басты құралға айналған. Бұл – тек технология емес, жаңа геосаяси және экономикалық бәсекенің орталығы.
– Мемлекет басшысы Жолдауда цифрландыруды жүйелі түрде үйлестіретін жаңа деңгейдегі органның қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі. Бұл министрліктің міндеттері қандай болуы тиіс? Біріншіден, ұлттық стратегияны үйлестіру. ЖИ тек жеке жобалар деңгейінде емес, барлық салаға – экономика, білім, денсаулық сақтау, қауіпсіздікке енгізілу керек. Екіншіден, ұлттық қауіпсіздікті қорғау. ЖИ құралдары үлкен деректерді өңдейді, ал бұл киберқауіпсіздікті күшейтуді қажет етеді. Үшіншіден, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету. Жаңа технологиялар тек Астанаға немесе ірі бизнеске ғана емес, ауылдағы азаматқа да пайда әкелуі тиіс. Төртіншіден, инновациялық экожүйені қолдау. Стартаптарға қолайлы орта құрып, қазақстандық жобаларды халықаралық деңгейге шығару – министрліктің басты бағыты болуы керек, – деді ол.
Жоғарыда айтқанымыздай, ел жастары бұл министрліктен не күтеді? Өңірлік хабтарда қандай өзгеріс болуы мүмкін? Осы орайда Kyzylorda Hub жетекшісі Жанарыс Тубекбаевпен пікір алмастық.
– Қазақстанда жасанды интеллект бағытына ерекше көңіл бөлініп отыр. Мемлекет басшысы өз Жолдауында жасанды интеллект мәселесін 32 рет атап өтті, бұл салаға деген мемлекеттік қолдаудың айқын көрінісі. Өңірлік хабтар цифрландыру бағытында тұрақты жұмыс істеп келеді және осы жұмыстар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің негізгі басқаруында жүзеге асырылуда. Жаңа министрліктің құрылуы өңірлік хабтардың қызметін одан әрі жалғастырып, олардың мүмкіндігін кеңейтетіні сөзсіз. Бүгінде өңірлік орталықтар, оның ішінде Kyzylorda Hub ЖИ саласын дамытатын орталық ретінде есептеледі. Биылдың өзінде осы бағытта 65-ке жуық іс-шара ұйымдастырдық. Сонымен қатар AI Movement пен AI Sana бағдарламасы да ЖИ дамуына айрықша үлес қосуда. Әр аймақтағы орталықтар AI бағытындағы жобаларды инкубациялау мен қолдаудың негізгі ортасы, – деді Жанарыс Тубекбаев.
Ал стартапер Асылжан Абдуллаевтың айтуынша, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы – уақыттың еншісіндегі іс.
– Мұндай құрылым тек инновацияға деген ұмтылыстың белгісі ғана емес, сонымен бірге АІ-жобаларды дамытуға, реттеуге және қолдауға нақты құқықтық негіз болатын еді. Бүгінде еліміздегі біршама заң мен ереже жаңа стартаптар мен deep tech экожүйесіне толық бейімделмеген. Соның салдарынан құрылтайшылар мен зерттеушілер артық кедергілерге тап болады. Арнайы министрлік осындай кедергілерді азайтып, жаңа технологияларға айқын құқықтық база жасап, халықаралық серіктестіктер мен инвестицияларды көбірек тартуға мүмкіндік берер еді. Мұнан бөлек, бұл қадам Қазақстанның жаһандық деңгейде бәсекеге түсуге дайын екенін айқындайды. Ұзақ мерзімде бұл қадам тек стартаптардың дамуын емес, сонымен қатар денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы сияқты негізгі салалардың цифрлық трансформациясын да жеделдетеді, – деп жауап берді өнертапқыш.
Сала мамандарының пікірін оқыдық. Ал жаһандық тәжірибеден түйетініміз не? Біз жиі саяхаттайтын Біріккен Араб Әмірліктері 2017 жылы алғашқылардың бірі болып Жасанды интеллект министрлігін құрған. Биыл шілдеде АҚШ Президенті Дональд Трамптың Әкімшілігі «America’s AI Action Plan» стратегиясын жариялады. Онда жасанды интеллект АҚШ-тың технология, экономика және қорғаныс салаларында көшбасшы ел болып тұруына қажетті аса маңызды құрал ретінде қаралған. Ал Қытай Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жаһандық ұйым құру туралы бастама көтерді. Мақсат – жасанды интеллектіні басқаруға арналған көпжақты тәсілдерді ілгерілету, сондай-ақ цифрлық алшақтықты жою, жасанды интеллектіні тұрақты қолдану және оны пайдалану этикасын қалыптастыру. Қазақстанның да жаңа бастамасы жаңа атаумен ғана шектелмеу қажет, әлемдік тенденциядан қалмайтын елдердің бірі болуға жұмыс істеу керек. Себебі UNCTAD болжамы бойынша 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының ауқымы 4,8 триллион долларға жетуі мүмкін. Ал оның ғаламдық технологиялық индустриядағы үлесі 7 пайыздан 29 пайызға дейін артады. Бұл – жаңа нарық, жаңа мамандықтар мен жаңа мүмкіндік деген сөз. Демек, жасанды интеллектті дер кезінде игерген ел экономикалық қана емес, саяси тұрғыдан да басымдыққа ие болмақ.
Қорытындылай келе, Қазақстандағы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы – стратегиялық маңызды қадам. Бұл министрлік тек цифрландыру саясатын үйлестірумен ғана шектелмей, жасанды интеллект саласындағы білім беру, стартаптарды қолдау, инновациялық экожүйені дамыту және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты кешенді міндеттерді атқарады. Өңірлік хабтар білім беру мен жобаларды инкубациялау бойынша негізгі рөлді сақтап қана қоймай, жаңа министрліктің қолдауымен мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтеді. Нәтижесінде, жасанды интеллекттің дамуы еліміздің экономикалық және технологиялық бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа мамандықтар мен жұмыс орындарын қалыптастырып, Қазақстанды жаһандық инновациялық картада айқын орынға көтереді.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!