Облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Баймановтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өтті.

Жиында облыс әкімі – кеңес төрағасы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес жастар мен жас отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оның ішінде, білім алу мүмкіндігін кеңейту, кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, жұмыспен қамту мәселелері қаралды.

Облыста Байқоңыр қаласының жастарын қоса есептегенде 14 пен 35 жас аралығындағы 246 455 азамат тіркелген. Бұл – жалпы халықтың 29,2 пайызы.

І тоқсан қорытындысы бойынша жастардың жұмыссыздық деңгейі 3,5, ал NEET жастарының үлесі 7,5 пайызды құраған.

Жиында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов жастарды дамыту мен қолдау мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде биыл 30 жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

– Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей қолдауымен қолға алынған «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы бойынша мамыр айында 60 жас отбасыға пәтер берілсе, жақын арада тағы да 40 жас отбасыға пәтер кілттері табысталмақ.

Атап өту керек, есепті кезеңде бағдарламаға қатысқан 471 жастың 415-іне «Отбасы банктен» төлем қабілетін растау үшін жолдама берілді.

Өткен жылдан бастап «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға өзгерістер енгізілгені белгілі. Сәйкесінше, жастар санаты 35 жасқа дейін ұзартылды, уақытша бос жүрген жастар ұғымы (НИТ), жастармен жұмыс жөніндегі маман статусы заңмен бекітілді.

Сондай-ақ «Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды, – деді басқарма басшысы.

Басқармаға қарасты «Ақпараттық-талдау орталығы» жылына 4 рет аймақ жастары арасындағы ахуалды зерттеп, қорытындысы бойынша мүдделі органдарға ұсыныстар беріп келеді. Басқарма басшысы осыған сәйкес бірқатар шара қолға алынғанын атап өтті.

– Еңбекке қабілетті, бірақ жұмыс істемейтін және жұмыс істеуге ниеті жоқ жастармен адресті жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстарға жауапты салалық құрылымдар мен жастар ресурстық орталықтары тікелей атсалысуда.

Шаралар қала, аудан бойынша жекеленген іс-шаралар жоспары негізінде жүргізілді. Нәтижесінде, NEET санатындағы 1959 жастың әлеуметтік портреті қалыптасты. Нақты тізімдер бар, ендігі кезекте осы жастарды мемлекеттік қолдау құралдарына тарту бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Сондай-ақ жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында Қызылорда қаласы әкімдігімен бірлескен «Коммунити» орталықтары іске қосылды. Мұнда жастарға бағыт-бағдар беру, шығармашылық әлеуетін көтеру, біріктірілген идеялар алмасу, бейресми білім беру, сондай-ақ қажетті дағдыларға бейімделуіне мүмкіндіктер жасалуда, – деді басқарма басшысы.

Бүгінде облыс бойынша 6226 мүмкіндігі шектеулі жастың базасы өзектендіріліп, 2529 жас ақысыз негізде жастар орталығының базасында «Ерекше сынып» 3 айлық оқыту курсына қатыстырылған.

Бүгінгі буынды еңбек пен тазалыққа баулитын «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы қатарында маусым-шілде айларында 913 жас жұмыс істеген. Жасақ қатарына ұйымдастырылған жастармен қатар әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан және NEET санатындағы жастар тартылған.

Сондай-ақ жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Ибраева жұмыссыз жастар санын азайту мәселесі бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.

Кеңес отырысында сала мамандары жастар мәселелерін шешуге бағытталған бірқатар ұсынысын жеткізді. Мүдделі орган басшыларына жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды кең көлемде насихаттау, NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру тапсырылды.

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!