«Елді телісі мен тентегінен таныма, ері мен серісінен таны» деген данагөй халқымыз. Ер-азаматтарды елдің айнасы дей отырып, қазіргі қазақ қоғамындағы жігіттердің бойында табылу керек қасиеттерді қозғап көрелік.

Тарих беттерін қарасақ, қаншама текті азаматтардың болғанын көреміз, бір-бірінен асқан шешен, дана, батыр бабаларымыз өткен. Олардың бойынан тектілік, ер азаматқа тән қасиеттерді көруге болады. Демек халық арасында текті әулеттен шыққан, текті азаматтың баласы деп бекер айтпағаны түсінікті.       

Қазақ ұлды әрқашан яғни ержүрек, батыл, өнерлі болуға баулыды, «Еркек мінезді әйелден без, әйел мінезді еркектен без» деген халық даналығы да осындай асқар ойдан туындаса керек. Ежелден адам баласының жаратылыс мақсатына сай Алла Тағала еркек пен әйелдің орнын, жаратылыстық қабілетін және міндеттеріне сай мінездерін де бөліп жаратқан. Қыз балаға өмірге сәби әкеліп, оны аялап, бағып, қатарға қосу үшін сабырлық, байыптылық пен нәзіктік, сезімталдық және т.б. ерекшеліктер керек. Ал еркектерге керісінше шешім қабылдау т.б. жағдайлар үшін еркекке әрдайым ақыл-айла, күш-қайрат, батылдық пен табандылық, қарапайымдылық пен қажырлық, мейірімділік пен қаталдық та қатар керек. Сонымен қатар қазақ жігіттеріне өзгеше тән қасиет – намысқойлық. Елі мен жерін, Отаны мен отбасын жат табанына таптатпас үшін кез келген уақытта күресуге дайын болды.

Ұл бала үшін еңбектен кейінгі ең маңызды тәрбие қайнары ол – жеті атасын білу, тектілік әрі намысқойлық болды. Қазақ жеті атасын білмеген азаматқа тәрбиесіз, тексіз, білімсіз деп билік пен ел тізгінін ұстауға сенімсіздік танытқан. Себебі тегін білмеген текті әңгіме айтпайды деп санайды.

Тектілікке қатысты келесі бір қасиет шешендік, яғни өткір сөз иесі, ойын, идеясын халыққа жеткізе білетін ділмарлық. Ұлттық болмыс деңгейіндегі тектілік қасиеттің бір белгісі сөзге шешен, ойға терең болуда жатыр. Бұл қасиет жоғарыда аталған білім мен түсініктен, қабілет пен тәрбиеден шығады. Сөзді қадірлейтін халық бәрін де қадірлейді және осы қасиетімен қоғамдық өмірде құндылықтарды біріктіре алады. Абай айтқан алты бақан алауыз қоғамда даналық халықтың өміріне жақындамайды, тарихтың шеңберінде ғана өмір сүріп жатады. Сондықтан да қазақ сөзді қадірлеген, сөздің қадірленуі тиіс дүние екендігін ұрпаққа үйретумен келген.

Азат ЖҰМАТАЙ,

№3 IT мектеп-лицей оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!