фото: Halyq Uni
Әлеуметтік желілерден жігіті кездесіп жүрген қызынан қарызға ақша алған жағдайларды жиі байқауға болады. Ал оған психологтар теріс қарамайды, деп хабарлайды Halyq Uni Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Қазір шынымен де «Неліктен ерлер қыздардан қарызға ақша алады?» деген тақырып өзекті. Желіден қыздардың өздерінің жағымсыз тәжірибесімен бөліскен түрлі роликтерін жиі көруге болады. Сол үшін де «Қарызға берген дұрыс па, жоқ па?» деген сұрақ туындайды. Алайда оны әр жағдайға байланысты әртүрлі қарастыру керек. Мысалы, жігіт пен қыздың кездесіп жүргеніне көп болған жоқ және олар бір-бірін әлі дұрыс танымайды. Егер мұндай жағдайда жігіт қыздан қарызға ақша сұраса, онда менің ойымша, ол өзінің жауапкершілігін және бұл жұптағы еркек рөлін қызға жүктегісі келеді. Егер қыз келіссе, ол құтқарушы позициясына өтіп, еркектің қаржылық қажеттіліктерін жаба бастайды, – дейді психолог Айымгүл Рахымжанова.
Психологтың айтуынша, бұл жағдайда қыз жігітке қарыз беру туралы және жалпы мұндай қарым-қатынасқа күш салу қажет пе, ойлануы керек. Алайда жігіт пен қыздың кездесіп жүргеніне көп болса немесе олар үйленген болса, өз серігіне көмектесу – қалыпты жағдай деп санайды психолог.
Егер ол болашақта өзін қамтамасыз ете алатынына және қарым-қатынастағы өз рөлін толыққанды орындай алатынына сенімді болсаңыз, қандай да бір кезеңде көмектесуге болады. Алайда нақты дедлайн (мысалы, жұмыс табуға уақыт беру) қою керек. Әйтпесе ол созылып кетіп, сіз үшін қалыпты нәрсеге айналуы мүмкін. Әрине, мұндай қарым-қатынаста болуды немесе болмауды, мойнына мұндай жауапкершілік алу немесе алмауды әр қыз өзі шешеді. Алайда ұзақ уақыт құтқарушы болудың қажеті жоқ, – дейді Айымгүл Рахымжанова.
Психолог Айсұлу Болатбекова да осы мәселеге қатысты өз ойын айтты.
Заманауи өмірде дәстүрлі «ерлер» мен «әйелдер» рөлінің арасындағы шекара біртіндеп өшіп барады және көп әйел ерлермен бірдей ақша табады. Бұрын ер адам отбасындағы негізгі «нан табушы» болуы керек деген стереотип болатын. Қазір әйелдер белсенді мансабын құрып, бизнесте, ғылымда, шығармашылықта және басқа да салаларда жетістіктерге жетіп жатыр. Олардың кәсіби мүмкіндіктері ерлердікінен кем емес. Екі жыныс үшін де қаржылық тәуелсіздік қалыпқа айналып бара жатыр. Бұл таңдау еркіндігін және жынысына қарамастан әр адамға өз өмірі мен қаржысын басқаруға мүмкіндік береді, – дейді психолог.
Оның айтуынша, ер адам үшін қаржылық көмек сұрау ұят емес.
Жігіттер түрлі себептерге байланысты қарызға ақша сұрайды. Кейде бұл – жақын және сенімді қарым-қатынастың нәтижесі. Алайда қарыз беру шешімі – жеке адамның жағдайына байланысты. Егер қыз оған сенсе және қайтаратынына сенімді болса, жігітке қарызға ақша бергенде тұрған ештеңе жоқ. Барлығын алдын ала талқылап алған дұрыс: қанша, қанша уақытқа, бірдеңе дұрыс болмаса не істеу керек, – дейді Айсұлу Болатбекова.
Алайда қыз жігітке қарыз беріп, бірақ қайтармайтын жағдайлар да болады.
Мұндай жағдайда сөйлесіп көрген дұрыс. Жігіт қиын жағдайға тап болған болуы мүмкін. Бірақ әңгімелесу көмектеспесе және бұл проблема созылып кетсе, мұндай қарым-қатынасты созудың қажеті бар екенін ойланыңыз. Себебі қарым-қатынас қаржылық тәуелсіздікпен емес, сеніммен құрылуы керек. Жағдай ушығып кетсе, заңгер көмегіне жүгінуге болады, – дейді психолог.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!