Өркениетпен қатар дамыған саланың бірі – тігіншілік. Өкінішке қарай, қазір бұл мамандықтың қоғамдағы орнын біршама төмендетіп алғандаймыз. Бұрынғыдай жоғары бедел бермей, назардан тыс қалдырғанымыз жасырын емес. Бұл салаға көбіне кәсіп ретінде қараймыз. Тіпті тігін машинасын қолға алған адам бірден мамандықтың қыр-сырын меңгеріп, мінсіз атқара алатындай көрінеді. Дегенмен тігіншіліктің өзіне тән қызығы мен шыжығы бар.
Алғашқы кейіпкеріміз – Жанар Ниязмұратова. Ол тігінші болуды мектеп жасынан армандаған. Колледж бітіріп, Алматы мен Ақтөбе қалаларында тәжірибе жинап, кейіннен Арал қаласынан өз кәсібін ашқан. Бұл салада жұмыс істеп жүргеніне биыл 23 жыл болады. Сондай-ақ «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» мамандығы бойынша білім алса да, жүрегі тігін ісін қалаған Индира Жұмашева да бізбен сұхбаттасуға қарсы болмады. Бұған дейін 16 жасынан бастап шаштараз ретінде жұмыс істеген. Кейін тігіншілікке келіп, кәсібі өрлеп, осы салада қалған.
– Әрине, мамандық атаулының барлығы өнер. Бірақ көңіліме жақыны әрі жүрегімнің қалауы – тігіншілік. Жалпы еңбек өтілім 16 жыл. Қазір команда жинап, 20-дан астам адамды жұмыспен қамтып отырмын, – деді Индира Жұмашева сөз басында.
Қыз ұзату, наурыз бен той-томалақ секілді бас қосу қазақта жиі ұйымдастырылатынын білеміз. Сондықтан тігіншіге сұраныс күннен күнге артып келді. Алайда маман тапшы. Осы орайда Жанар Ниязмұратова мынандай пікір айтты: «Қазір жастардың тігіншілікке келе бермейтіні қынжылтады. Біз білгенімізді, бойға сіңірген өнерімізді үйреткіміз келеді, бірақ оны қабылдайтын адам жоқ. Инемен құдық қазғаннан гөрі ыдыс-аяқ жуып ақша тапқанды жеңіл көреді. «Бар білгеніміз өзімізбен бірге кете ме?» деп уайымдаймын. Өйткені қызым да басқа мамандық таңдады. Дегенмен, «Ана көрген – тон пішер» демекші, қажет дүниесін өзі тігіп алады».
Кейіпкермен әңгімелесу кезінде осы саладағы қиындықтар жөнінде де сөз қозғадық. Олардың жауабы екі түрлі болды. Жанар Ниязмұратова «Тігіншілерде күн-түн, мейрам деген болмайды. Халықтың қалауы солай. Әсіресе мереке қарсаңында демалыс дегенді ұмытасың» деп жауап беріп, сөзін былай жалғады:
– Бір таныс келіншек қызына: «Қызым, тігіншілікті үйрен, ертең тігін орталығымды саған қалдырамын, ісімді жалғастырасың» дейді. Сонда қызы: «Жоқ,тігінші болмаймын. Себебі мерекеде, демалыста сізді көрген емеспін. Ал мен болашақта демалыс күндерімді балаларыма арнағым келеді. Сіз таңертең ерте кетесіз, кеш келесіз. Мейрамда да демалмайсыз» деп жауап берген екен, – деп бір мысал айтып берді.
– Халықпен жұмыс істеу де оңай емес. Совет дәуірінен қалған қағида – «Тұтынушынікі әрқашан дұрыс». Олардың қас- қабағына қарап, психологиясын түсіну қажет. Кейбір клиент шер тарқатып, ризашылығын білдіріп кетсе, кейбірі ұрсып шығады. Бірақ біз бәріне сабырмен қарауға тиіспіз, – деді Жанар.
Тігінші үшін уақыт өте құнды құрал. Басқа мамандық иелері көбіне белгіленген уақыт аралығында жұмыс істесе, тігіншілерде ол тапсырыстың санымен өлшенеді. Бірде көп, бірде аз. Сондықтан уақыттың саралануы да тігіншінің аса ерекше қабілеттерінің бірі.
Ал Индира Жұмашеваның ойынша, әр мамандықтың өз қиындығы бар.
– Тігіншіліктің ауыр тұсы – нарықтағы бәсекенің күннен-күнге күшеюі. Тапсырыс берушілердің талғамы жоғарылаған сайын біз де кәсіби деңгейімізді көтеруге міндеттіміз. Тапсырыс алғанда клиенттің қалауын толық түсініп, нәтижені алдын ала сипаттап, қалауынан шығу өте маңызды, – деді ол.
ӨМІРДЕН БІР ҮЗІК
Әр саланың өзіндік, қайталанбас ерекшелігі болады. Біреуі әрдайым халықпен байланыста, бірі тәулігіне жиырма төрт сағат жұмыс істейді. Тігіншілік те дәл солай. Бұл туралы Жанар Ниязмұратова айтып берді.
– Бұл мамандықтың ең жақсы тұсы – ертең аш, жалаңаш қаламын деп уайымдамайсың. Біреудің балағын қысқартсаң да наның табыла береді. Үйде отырып-ақ көрпе, шұлық, жапқыш сияқты тұрмыстық дүниелерді тігіп, отбасымды асырадым. Бұл кәсіптің артықшылығы – осында, – дейді ол.
Тігін саласының қызығы да, шыжығы да мол. Көз алдымызға цехтың образын елестетсек біз күнделікті қайталана беретін өмір ритмін, сұр түсті еске аламыз. Алайда мұнда күнде бір қызық оқиға болып тұрады. Соның бірі күлкімен еске алатын әжеміздің қызық қылығы.
Шеберханамызға жасы үлкен әже келді. Қызы да, келіні де жоқ екен. Әже ұлының пальтосын әкеліп:
– Балам, менің қыста киетін киімім жоқ. Осыны әдемілеп күртеше қылып тігіп берсең, – деген өтініш айтты.
Әжеге бір қараймын, пальтоға бір қараймын. Ол әжеге сай емес еді.
– Әже, сіздің палтоңыз әдемі, керемет болып шығады. Дым уайымдамаңыз, киіп көруге де келмей-ақ қойыңыз. 10 күнде дайын болады, – деп өзінің пальтосын орап тастап, іште бір апта бойы әдемілеп пальто тіктік. Оны тіккенімізге өзіміз ризамыз. Бәріміз жабылып бір туынды шығардық. Түсі қанық қызыл.
Кейін әже келіп, киіп көріп жатыр.
– Балаларым-ау, өтекпен күйдіріп алдыңдар ма? Түсі ағарып кетіпті ғой, – деді.
– Әже, бояуы жұғатынын білмей, байқамай жуып алдық, – деп қалжыңға сүйеп қайтардық.
Әже ауылына барып, көрші-қолаңға мақтаныпты:
– Ұлымның пальтосын апарып едім, әдемі күртеше тігіп берді.
Кейін ауылдан балаларының пальтосын арқалап, бірнеше әйел келіп, әженікіндей пальто сұрады.
Біз болсақ «Банкрот болғанның көкесін енді көретін шығармыз» деп әлі де сол оқиғаны қалжыңмен еске аламыз.
Кәсіп алға басуы үшін маркетологтар белгілі бір жүйені сақтайды. Күнделікті бір контент салады, стиль қалыптастырады, әлеуметтік желінінің имиджін әзірлейді. Бұл принцип. Ол бізге қалыпты зат. Ал тігін ісіндегі принциптер мүлдем бөлек.
Мысалы, ертең бірінші таңда қандай клиент келсе, кешке дейін дәл сондай тұтынушылар келеді. «Егер азанда шәлкез мінезді адамға тап болсақ, болды бүгін тек осындай клиент келеді дейміз. Ал ертесіне керемет, қолы ашық тапсырыс беруші келсе, жұмыс күніміз сәтті өтеді. Күндеріміз бір- біріне ұқсамайды. Екіншіден, әркімнің өз қайшысы бар. Ешкім ешкімнің қайшысын ұстамайды. Үшіншіден, әр киімнен кішкентай қиынды алып қаламыз, бірақ оны іске асырмаймыз, жаратпаймыз. Себебі ол жұмысыңның жалғасуы, үзілмеуі үшін керек» деді Жанар Ниязмұратова.
Тігіншілік кәсіп пе, әлде өнер ме? Қарастырып көрейік. Бұл мамандық – әрі кәсіп, әрі өнер. Ішіңде пайда болған туындыны шығарып, оны біреудің қуанышына киетін киім етіп тігіп беріп, мейрамның көркін келтіру – тігінші үшін тағы бір жетістік. Бір жағынан ақша да табады. Маман киім тігіп, тапсырыс беруші оны ұнатып, риза болғанда дүниеге бір бала әкелгендей сезім пайда тап болады. 10-15 жылдап тігіншіліктің түбін ойып, аты шыққан қолөнершілер де әлі күнге дейін тұтынушыға ұнай ма деп уайымдайды екен.
Тігіншілік – қоғамның ажырамас бөлігі. Оның жұмысы көзге оңай болып көрінуі мүмкін. Бірақ оның артында жатқан ұйқысыз түндерді, уақыт тапшылығын, қоғаммен жұмыстың ауыртпашылығын мүлдем көрмейміз. Тігіншілер ісін әуелі өнер санайды, ал кәсіп кейінгі орында. Ол мамандыққа деген ізгі махаббат пен жүректің шынайы қалауының белгісі.
Мерей ШӘКРАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!