Фото: unsplash.com

KAZ.NUR.KZ. Астанада 387 жолаушы Вьетнамға жете алмай жүр. Астана – Камрань бағытындағы рейс кеше ұшуы керек еді. Бірақ кейінге қалдырылған. Бұған вьетнамдық компанияға тиесілі ұшақтың ақауы себеп, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарна ақпаратынша, Астана – Камрань бағытындағы ұшаққа отырғызар кезде демалушыларды ештеңе түсіндірместен, сағаттап күткізіп қойған.

«Ұшақтың оң жақ қанатының астында адам жүрді. Бірінші көбікпен атқылады, одан бөлек турбинаның қасында бірдеңелерді шұқылады. Vietjet компаниясы, вьетнамдық компания. Олардан ешқандай адам мән-жайды түсіндірген жоқ, хабарға шыққан жоқ. Біздің әуежай осындай жауапсыз компаниялармен неге жұмыс істейді?! Біз осы уақытта Вьетнамда суға шомылып, күннен күйіп жатар едік», – дейді Диана Дүйсенова.

Қолында билеті бар жұртты әуежайдан кезек-кезек елордадағы екі қонақ үйге жайғастырған. Олардың ішінде басқа қалалардан, тіпті көрші елдерден келгені де бар.

«Ұшақтың бұзылғаны жайлы акті беріңізші деп едік, «шу шығармаңыздар» деп, бізді жан-жаққа қуып жіберді. Ешкім нақты ақпарат беріп жатқан жоқ. Әне ұшамыз, міне ұшамыз деп, әркімнен естіген сөзге сеніп отырмыз. Бүгін таңғы 6-да рейс кестесі шығады деген. Онда біздің бағытымыз болмады. Сонда кешеден бері ұшақты жөндей алмай жатыр ма? Қаншама уақыт, қаншама ақша жоғалтып отырмыз. Шығынымыздың өтелуі де сұрақ туындатып отыр», – дейді турист Татьяна Шаповалова.

Туристік агенттік ақпаратынша, Астанада вьетнамдық әуекомпанияның ұшағын жөндейтін инженер табылмаған. Сондықтан ұшақтың істен шыққан бөлігін жөндеу үшін Вьетнамнан арнайы инженер маман келуге тиіс.

«Оларға наразылық білдіру мүмкін емес, өйткені борт сынды. Түсінесіздер ме? Олар қазір Вьетнамнан инженерлерді күтіп отыр, олар ұшып келіп, осы сынған жерін жөндейді. Мұнда осындай ұшақты жөндеуге арналған база жоқ. Өйткені бұл әуе кемесі бізде қолданылмайды», – дейді турагенттік өкілдері.

26 шілдеде туристерге Вьетнамға ұшақ бүгін, кешкі сағат 21:00-де ұшады деп уәде берген. Әуе рейсі жөнделген ұшақпен бе әлде басқа әуе кемесімен орындала ма, ол жағы әзірге белгісіз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!