Студенттік жылдары Айна есімді құрбымыз болды. Өзі сұлу, білімді, болашаққа жоспары көп болатын. Ата-анасы қатарынан кем қылмай өсірді, оқу бітіруге сәл қалғанда арманындағы су жаңа көлікті де тізгіндеді. Бірақ оның бір кемшілігі – асығыс жүретін. Ақпан айында Айнаның көлік жылдамдығын асырып, қарсы бетке шығып кеткенін естігенде қатты есеңгіреп қалдық. Жол апатынан қаза тапқан құрбымның анасын кездестіргенімде көңілім қайта құлазып, өткенге оралдым. Бұл тақырыпты қозғаудағы мақсат бір адамға болса да ой салу еді.

Айыппұлдан түрмеге дейін: Жүргізушілер жеңілдіктен айрылуы мүмкін
Байқап қарасаңыз, жыл сайын көлік апатына тап болып, адамдардың мерт болу факторлары автокөлік санының өсуімен бірге көбейіп келеді. Оқыс оқиға олардың жақындарының жанына жара салып, тіпті Айна секілді отбасындағы жалғыз қызының жолына қарап, болашағынан үміт күткен ата-ана үшін ауыр соғады.
Қынжылтатыны, қанша дабыл қағылса да өлім-жітім азаймай тұр. Статистика солай дейді. Ішкі істер министрлігі жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім-жітімнің үш түрлі себебі қазіргі уақытта кең тарағанын хабарлады. Олар – қарама-қарсы жолаққа шығып соқтығысу, жаяу жүргіншілерді қағып кету, көліктердің аударылуы. Осы үш себепте жол-көлік оқиғаларында қаза болғандардың 56%-ін құрайды. Әрбір бесінші оқиға жылдамдықтың артуына байланысты орын алады. Әрбір алтыншы оқиға маневр жасаумен, ал әрбір сегізінші оқиға жылдамдықты арттырумен байланысты. Биыл барлық көрсеткіш бойынша ЖКО-ның өсімі байқалады. ЖКО саны 9%-ға, жол-көлік оқиғаларынан қаза болғандар саны бойынша – 17%-ға артты. Зардап шеккендер саны – 9%-ға, 9533-тен 10390-ға дейін өскен.
Ал өңірде жыл басында 34-тен аса жол көлік оқиғасы тіркеліп, 20 адам көз жұмған. 48 азамат түрлі дене жарақатын алды деген дерек бар. Сондай-ақ жол тәртібін бұзған 5982 жағдай анықталды. Оның үш мыңға жуығы жол көлік оқиғасына тікелей байланысты. Атап айтқанда, көлікті мас күйінде жүргізген – 104, жаяу жүргіншіге жол бермеген – 120, жылдамдықты шектен тыс асырған – 2084 дерек тіркелді. Анықталған деректер бойынша құқықтық шара қолданылған. Облыстық полиция департаменті ЖПҚБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Марат Рахметов облыс көлемінде бірнеше ірі жол-көлік оқиғалары орын алғанын мәлімдеді.
– Өткен жылы «Қызылорда-Құмкөл» шаруашылық маңызы бар тас жолдың 69 шақырымында екі автокөліктің соқтығысу салдарынан 5 адам қаза тауып, 5 адам дене жарақатын алды. Бұдан бөлек, «Шіркейлі» каналының тұсында екі көлік соқтығысып, біреуі суға құлап кеткен. Көлік құтқарушылар күшімен жағаға шығарылды, салоннан екі әйелдің денесі табылды. Биыл Самара – Шымкент тас жолының Қармақшы ауданы, Төребай би ауылының тұсында Volkswagen Transporter автокөлігімен қарсы бағытта келе жатқан Audi автокөлігі соқтығысқан. Апат салдарынан Audi автокөлігінің екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Екі автокөліктің екі жолаушысы ауруханаға жеткізілді. Арал ауданында да жол-көлік оқиғасынан бір адам қаза тауып, екі адам жарақат алды. Мұндай апат көп тіркеледі және талдау нәтижелеріне сәйкес 20-35 жас аралығындағы азаматтар жол-көлік оқиғаларын жиі жасайтыны анықталып отыр. Масаң күйде көлік тізгіндейтіндер, қауіпсіздік белдігін тағуды ескермейтіндер, көлікті басқарып келе жатып ұялы телефонмен тілдесетіндер, тағысын тағы себеп болуы мүмкін. Осындай қарапайым ережелерді қаперден шығару қайғыға душар етеді. Мәселен, масаң күйде көлік тізгіндеп, жол қозғалысы ережесін бұзғандар түрмеден бір-ақ шығуы мүмкін. Президент бұл мәселеде жауапкершілікті күшейтуді тапсырды. Қазір жол ережесін бұзған көлік иесі қандай деңгейде мас болды деген заңда ешқандай айырма көрсетілмейді. Қаннан алкоголь табылса, онда ол бірден ауыр қылмыс санатына жатқызылады, татуласуға мүмкіндік берілмейді, 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан және жүргізуші куәлігінен айырылады. Жол-көлік оқиғаларының салдарын төмендету мақсатында қағида талаптарына сәйкес, белдік тақпаған жолаушыларды тасымалдамауға тыйым салынған. Өткен жылы облыста аталған тармақты орындамаған 6497 жүргізуші анықталып, тиісті шара көрілді. Айта кету керек, бір жылда бестен артық ереже бұзған жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 50 пайыз жеңілдікпен әкімшілік айыппұл төлеу мүмкіндігінен айрылуы мүмкін. Бұл бастама тек ұсыныс ретінде қарастырылып жатыр. Қазір норма қолданылмайды және заңға енгізілген жоқ, – дейді М.Рахметов.
Сондай-ақ «Қоғамдық көлік жүргізушілері көлікті басқару кезінде ұялы телефонмен жиі сөйлеседі, бірі-бірінің алдына түсіп, жарысады» деген тұрғындар шағымын жеткізген едік. Бұл ретте мұндай жайттардың тіркелгенін жасырмады. Алдағы уақытта да тұрғындар қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан қандайда бір құқық бұзушылық деректері анықталса, нақты дәлелдеме келтіре отырып, құзыретті органдарға немесе «102»-ге шағымдануға құқылы.

«Жол ережесін балалар да білуі керек»
Балалардың қауіпсіздігі қашанда өзекті. Мәселен, балалар апаттан зардап шеккендердің жалпы санының 15,8%-ын құрайды. Бұл ретте кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алған жол апаттары себептерінің бірі – ересектер балалардың жолда жүруіне немқұрайлы қарайды. Сонымен қатар 12 жасқа дейінгі балаларды арнайы ұстау құрылғысы немесе баланы қауіпсіздік белдігінің көмегімен отырғызып қоюға мүмкіндік беретін арнайы ұстау құрылғысы болмаған кезде талаптарды сақтамайды.
Жасалған орны бойынша жол апаттарының негізгі бөлігінің 74%-ы, яғни 2 724-і елді мекендерде, 635-і халықаралық, республикалық маңызы бар трассаларда, 318-і облыстық, аудандық маңызы бар жолдарда тіркелген. Көбінесе ЖКО көлік құралдарының соқтығысуынан – 1515, сондай-ақ жаяу жүргіншілерді қағып кетуінен 1377 факт орын алған.Сондай-ақ, балалардың жолаушы ғана емес, жаяу жүргінші екенін де ескеру керек. Балаларға жол қозғалысы ережелерін үйрету оқыс жайттардың алдын алады.
– Жаңа оқу жылы басталар тұста оқушылар бағдаршамның жасыл түсі жанғанның өзінде келе жатқан көлік тоқтады ма, жақсылап қарап барып өткені жөн. Өйткені кейбір автокөлік иелері жасыл жанса да бірден тоқтамай, жылдамдығын тежей алмай, жолақтан асып тоқтайтыны жасырын емес. Кейбір жүргізушілердің жан-жағына қарамай бастырмалата жүретіні, кей адамдардың көлікті рұқсат етілмеген тротуарларға, мектеп, балабақша ауласына жақын қоятыны бар. Бір сөзбен айтқанда, балаларға жол ережесін барынша түсіндіруге тиіспіз, – дейді мамандар.
Бұған қоса, қала көшелерінде жүйткіген, түн тыныштығын бұзатын мотокөліктің дыбысын жиі еститінбіз. Осыған дейін 500-ге жуық жол жүру қағидаларының бұзу дерегі анықталса, оның 5 дерегінде жүргізушілер мотоциклді масаң күйде басқарғаны анықталған. Жылдамдыққа құштар жасөспірімдердің хоббиі алаңдатады. Дегенмен қазір профилактиканы күшейту және жүргізушілерді сақтандыру мақсатында «Мотоцикл» шарасы ұйымдастырылып жүр, нәтиже жаман емес. Бірақ жастар сақтыққа салғырт болмау керек.

Әлемдік тәжірибе
не дейді?
Жоғарыда басты қауіптің неден келетінін тарқаттық. Соның ішінде қоғамдық көлік жүргізушілерінің ұялы телефонмен сөйлесіп, тіпті хабарлама жазысып көлік айдайтыны келтірілді. Осы орайда шетелдік тәжірибеден ұтымды мысалдар ұсынсақ.
Жапонияның «Toyota Motor» корпорациясы KDDI телекоммуникациялық компаниясымен бірігіп, сондай-ақ «Komeda» кафелер желісінің қолдауымен Driving Barista деген құрылғы жасап шығарды. Бұл құрылғы жүргізушілерді көлік айдау кезінде смартфоннан бас тартуға мәжбүрлейді екен. Жаңа мобильді қосымшаны кез келген смартфонға орнатуға болады. Жүргізуші бұл қосымшаны пайдалану үшін көлікке отырарда смартфонын төңкеріп қоюы керек. Ол кезде жүргізушіге жүрген уақытына қарай ұпай жиналады. Жүргізуші ұялы телефонды пайдаланбай 100 шақырым жүріп өтсе, «Komeda» кафесінен тегін кофе ішу мүмкіндігіне ие. Мұнан кейін жүргізушіге әрбір 200 шақырым үшін осы кафеден тегін кофе ішуге арналған купон беріледі. Ал, жүргізуші көлік ішінде байқаусызда смартфонына қол созса, жинаған ұпай күйіп кетеді. Аталған жоба Жапониядағы ең көп жол-көлік оқиғасы тіркелген Айчи префектурасында жүзеге аса бастаған.
Ал жол сапасы жөнінен әлемде алдыңғы орында тұрған Ұлыбритания жолда мерт болғандардың саны жөнінен ең төменгі көрсеткішке ие. 100 мың тұрғынға 5,4 деңгейде. Бұл елде 1970 жылдан бері жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар саны азайып келеді. Жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғасы 40 жылда 78 процентке азайған. Сонымен қатар Оңтүстік Корея елінде жол апатымен жылдамдықты шектеу арқылы күреседі. Ғалымдардың зерттеуінше, жылдамдықты 10 процентке қысқарту арқылы адам өлімін 50 процентке азайтуға мүмкіндік бар. Осындай озық тәсілдерді елімізде қолдансақ, қаншама адамның өмірін қауіп-қатерден сақтап қалар ма едік?!
Ең бастысы, мақалада келтірілген оқиға, бір отбасының тағдыры, жауапты мамандар келтірген мысал көпке сабақ болады деген үміт басым.

М.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!