Болашағын болжап, ертеңін ертерек білуді қалайтындар аз емес. Бүгінгінің жастары астрология мен нумерологияға сенсе, өткен шақта бақсы-балгерлердің жұлдызы жанып, сұраныс артқан еді. Бірі жолыңды ашамын десе, енді бірі саған көз тиген деп назарыңды еріксіз өзіне аударады.
Осыдан бес жыл бұрын шаһардағы «Ескі базарда» сауда-саттықпен қатар бал ашып, мәселеңнің түйінін шешуге «көмектесетіндер» көп еді. Ал қазір сауда орындарынан бақсылардың бірін де көрмейміз. Соған қарап бұл саланы өштіге санаған едік. Дегенмен дәурендері әліде жүріп тұр екен.
«Muslim.kz» сайтындағы бір материалды көзіміз шалды. Ондағы ақпарат бойынша, бақсы-балгерлер рухани әлеммен байланыс орнатып, жын-шайтанмен күреседі және болашақты болжайды, көбіне дәстүрлі музыка аспаптарын пайдаланады, ал көріпкелдер болашақты болжайды және аян, түс жору арқылы ақпарат алады. Құмалақшылар қойдың құмалағын пайдаланып, ертеңіңді болжаса, карташылар карта арқылы болашағыңды баяндап береді.
«Заманың түлкі болса, тазы бол шал». Күні кеше TikTok-тан құмалақ ашып, болжам жасайтындардың видеосы шыға келді. Ең қызығы, онлайн. Бұлар да цифрландыруға көшкен бе деп қалдық. Тіпті тікелей эфир ұйымдастырады екен. Көрген көзге айып бар ма, біз де қосылып көрдік.
Жағдай келесідей. Хабарламаға кез келген сауалыңызды жазасыз, бірінші сұрақ тегін. Ал басқаға жауап алу үшін әрқайсысына 500 теңгеден тариф бекітілген екен. Егер кезекке тұрғыңыз келмесе 1000 теңге төлесеңіз болғаны. Бірінен кейін бірі жауған хаттардан көз сүрінеді. Себебі сауал жолдаған желі қолданушылары көп. Міне, демек сұраныс бар.
Ақ матаға түрлі тастарды, стақан суды қойған балгер апаға біздің сұрақ жетпеді. Бірақ таро карталарын ұстаған бойжеткен «Биыл көлік аласыз, оң өзгерістер болады» деді. Сәлден соң жоқ күйеуді айтып, неге көп сөзге келетінімізді де сұрадық. Егер тұрмыстағы келіншек болсам, көзім байланып, сөзіне иланып қалар едім. Қазір көптің көзі ашық. Аңқау деуге қимайсың. Әйтсе де экранның арғы жағында алданып отқандар көп. Бәлкім шын, бәлкім айтқаны келіп қалар деген үміттің оты да жаныңды түртпектеп қоймайтыны рас.
Кейіпкерді де алыстан дорбаламай, жанымыздағы әжейден сұрадық. Жұма Мұнарбаева бізге келінімен болған жайтты айтып берді.
– Қазақтарда салт-дәстүр, наным-сенім бар. Ал наным-сенімде дем салу, тазалау бар. Ал бұлармен көбіне құмалақшылар, көріпкелдер айналысады. Ауылда біреудің сиыры жоғалса да, құлағындағы алтыны жоғалса да көріпкелден көмек іздейді. Мұнан бөлек деніне саулық, баласына шипа сұрайтындар да бар. Мысалы, шаңырақтағы келінім 10 жыл нәресте сүйе алмады. Ұлым екеуінің қаралмаған емханасы, қабылдамаған дәрісі жоқ. Соңғы үміттері емшіде болды. Жас жұпқа көз тиді, сөз тиді деп бір емдеді. 1 айлық қабылдауға жазылыңдар деп, әр барғанына қомақты қаржы сұрады. Амал жоқ, келісті, барды. Мен әдепкіде сенбедім, бірақ балалардың көңілі үшінүндемедім. Бірақ ем біткеннен кейін ешқандай нәтиже болмады. Алланың жазғанынан асып қайда барамыз? – деп күрсінді әжей.
Расымен, бір білгендері бар шығар деп өмірдің қиындығын көргендер балгер мен емшілерге жүгінеді. Айтқаны келсе жақсы…
Мұны соқыр сенімге де теңеп, біржақты қылғанымыз болмас. Бұлай айтуға бірнеше мысал да бар. Құмалақшылардың нағыз қажетті болған кезі ҰБТ еді. 125 балдық жүйенің уақытында сәтті номер, жеңіл сұрақтар түссін деп қолындағы қаржының барлығын жұмсауға даяр сол кездегі оқушылар палшылардың бизнесін жүргізетін. Мектепті тәмамдағанына 10 жыл болған Сара Байтілеуова ҰБТ- ның алдында сыныптастарымен бірге балгерге барған екен. Нәтижесінде өзіне қажет баллды жинап, грант иегері атанған. Ал есімін жасырған 51 жастағы қала тұрғыны үш жыл бұрын қызын емшіге апарған. Бойжеткеннің шашы жұқарып, аурушаң әрі жылауық болып өзгерген екен. Емші қызға көз тиген деп, түрлі шөптен қоспалар жасап әрі суға дем салып берген. Екі айдан кейін қыздың жағдайы қалпына келді дейді анасы.
Ал исламда балгерлер туралы не айтылған? Бұл әрекет күнә болып санала ма? Сауалға жауап алу мақсатында қалалық «Мүсірәлі ата» мешітінің бас имамы Қайырбек Отызбаевпен байланысқа шықтық.
– Бұл өмірде қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Жолдың бұралаңы секілді өмірдің де қиыншылық тұстары кезігіп тұрады. Сондықтан, болашағымды болжатамын деп балгерге баруға шариғат қатаң тыйым салады. Бұл күнәлі іс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Кімде-кім балгерге барып, одан бірдеңе жайлы сұраса және сол естігеніне сенетін болса, оның дұғасы, қырық күн бойы намазы қабыл етілмейді», – деген.
Қазіргі кездегі халық арасында балшы, емшілерге барып, соларды жағалап кеткендердің саны көбеюде. Бұл дінді дұрыс танымау, сенім тұрғысында болып жатқан қателіктің көрінісі. Алла Тағала: «Әй мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар», – деп бұйырады («Мәида» сүресі, 90-аят).
Балгер жағалап бал аштыру былай тұрсын, олардан «сақтаныңдар» деуде. Демек, бұл ескерту пенде үшін аса маңызды. Тағдырды, болашақты білуші Алла Тағала. Қиындыққа тап болған адам балгерге бармау үшін мына нәрселерді жақсы білуі қажет. Бірінші кезекте құдіретті Алланы танып, тағдырына разылық ету. Сонымен қатар, адам бұл өмірдегі жаратылу мақсатын жақсы тануы қажет. Қиындықтың, сынақ уақыттарының болатынын қабылдай білу. Ал ең жақсы амал – қиын сәттерде жақсылықтың есігін ашушы Алланы ұмытпай, оған көбірек дұға жасау. Сонда ғана көңіліне тыныштық, өміріне береке келе бастайды.
Құранда: «Біліп қойыңдар! Жүректер тек Алланы еске алумен ғана тыныштық табады», – деп («Рағд» сүресі, 28-аят), тыныштық іздеген жан-дүниеміздің тек Алланы еске алумен, оған арнап құлшылық, ғибадат жасаумен тынышталатындығын білдірген, – деді имам Қайрат Отызбаев.
Өткен жылғы дерек бойынша қазақстандықтар астрологтар мен бақсы-балгерлер қызметіне 39 миллион теңге жұмсаған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, кәсіпкер ретінде тіркелген астрологтардың ең көп табыс тапқан аймағы Астана қаласы. Көріпкелдер Астанада 25,3 млн теңге табыс тапқан. Ұйымның дерегінше, көріпкелдердің барлығының тіркеліп жұмыс істеуі екіталай, ал сауалнама барлық жеке кәсіпкерлерді қамтымаған, сондықтан табыс бұдан да жоғары болуы мүмкін.
Қазақстанда емші, көріпкелдердің жұмысын заңды тұрғыдан реттейтін арнайы заң жоқ. Демек елдегі көріпкел- бақсылардың қызметі заңмен реттелмеген. Ал былтыр Қырғызстанда бақсы-балгерлерді жарнамалауға тыйым салынды.
Бақсы-балгерлерге деген сенім әлі жалғасып келеді. Бірі оларды алаяқ десе, енді бірі соңғы үмітін артады. Ғылым дамып, ақпарат қолжетімді болғанымен, адамдар әлі де болашағын болжап, тылсым күштен көмек сұрауға бейім. Бұл сенім бе, әлде сананы улау ма? Сіз ше, болашағыңызды балгерден сұрар ма едіңіз?
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!