Облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Онда «AMANAT» партиясының Қызылорда облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бағытталған Жол картасының І жарты жылдықтағы орындалуы қаралды.
Партияның сайлауалды бағдарламасын өңірде іске асыруға бағытталған Жол картасы 122 іс-шараны қамтиды. Мұнда аймақ экономикасын дамуытуға инфрақұрылымдық жүйелерді жақсартуға, білім беру, денсаулық сақтау мәдени және спорттың қолжетімділігін арттыруға, әлеуметтік санаттағы азаматтар мен жастарды қолдауға, экологиялық жағдайды жақсарту бойынша шаралар қамтылған.
Атқарылған жұмыстарға келсек, ауыл шаруашылығын дамыту, ірі инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында «Асыл Дән ЛТД» ЖШС-нің Қызылорда қаласында күріш өңдеу зауытының құрылысы, Шиелі ауданында қуаттылығы 700 тонна көкөніс сақтау қоймасының құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беру жоспарланса, «Абдулла» ШҚ-ның Жаңақорған ауданында қуаттылығы жылына 3500 тонна құс фабрикасының, Жаңақорған ауданында құрама жем зауытын салу, «Qazaq camel» ЖШС-нің Арал ауданында түйе сүтін өңдеу зауытының, Қызылорда AGROPlus» ЖШС Жаңақорған ауданында 3000 га алаңда тамшылатып суару арқылы қызанақ өсіру және қызанақ зауытын салу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында жоспарланған 25 мың жаңа жұмыс орнының қазіргі таңда 16670 жаңа жұмыс орны ашылды.
Инфрақұрылымдық жүйелерді жақсарту мақсатында халықтың өмір сұру сапасын арттыру аясында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, 2023 жылдың 5 ай қорытындысымен облыста барлығы жалпы алаңы 226,5 мың ш.м. тұрғын үй пайдалануға беріліп, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жоспар 102,6 пайызға орындалды. Жыл соңына дейін 692,3 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспарлануда.
Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бойынша 60 жобаның құрылысын жүргізуге бюджеттен барлығы 6,9 млрд.теңге қаржы бөлінді. 1 маусымда 6 жоба пайдалануға беріліп, 90 шақырым инженерлік-инфрақұрылым желілері жүргізілді.
Сонымен қатар, 18 көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 862,4 млн.теңге бөлінді. Құрылыс-монтаждық жұмыстарды жыл соңына дейін аяқталады.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту мақсатында Арал ауданы Құланды, Шиелі ауданы Жуантөбе елді мекендерінде су тұщытқыш орнатуға облыстық бюджеттен 38,4 млн.теңге қаржы бөлінді.
Қызылорда қаласындағы көпқабатты үйлерге ауыз су қысымын көтеру бойынша 50 көпқабатты тұрғын үйдің ауыз су қысымын көтеруге 6 насостық станция және 50 ұңғыманы жөндеуге облыстық бюджеттен 620 млн. теңге бөлінді.
Елді мекендерді газбен қамту бойынша 3 елді мекенге табиғи газ берілсе, 9 ауылды газдандыру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, жобаларды жыл аяғына пайдалануға беру жоспарлануда. Осы жұмыстар нәтижесінде газбен қамту деңгейі 75 пайызға жеткізіледі,- деді жиында өңірлік Жол картасының орындалуы бойынша хабарлама жасаған облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбәраков.
Жалпы бағдарлама аясында 5 жылда әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру мақсатында бірқатар нысандар құрылысы жүзеге асырылатын болады. Атап айтқанда, Президентіміздің бастамасымен жүзеге асырылатын «жайлы мектеп» жобасы аясында 21 мектептің құрылысы салынады. Биыл 10 мектептің құрылысы басталды. 27 денсаулық сақтау нысаны оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория және 1 медициналық бекет құрылысына қаржы бөлініп, мердігерлері анықталды.
Мәдениет және спорт салаларын дамыту мақсатында үстіміздегі жылы 5 ауылдық клубтардың және 9 дене шынықтыру – сауықтыру құрылыстары аяқталып, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жалпы Жол карта аясында бірінші жарты жылдықта атқарылған жұмыстар көңіл қуантады. Дегенмен күн тәртібіндегі мәселелер бойынша фракция мүшелері тарыпанан түрлі ұсыныстар ортаға салынып, хаттамаға енгізілді.
Фракция отырысына партияның облыстық филиалының төрағасы Н.Байқадамов, партия филиалының Атқарушы хатшысы Л. Төрешова, сонымен қатар тиісті облыстық басқарма басшылары қатысты.
Ақпарат үшін: Жол картаға жүйелі мониторинг жүргізу үшін партия мен Үкіметтің бірлескен штабы құрылып, ол тұрақты түрде жиналып тұрады.Сондай-ақ фракция жылына бір рет Үкіметтің Жол картасын жүзеге асыру туралы есебін тыңдайды.Аймақтық деңгейлерде де фракцияларда өңірлік Жол картасының орындалуы жөнінде тоқсан сайын басқарма басшылары, жартыжылдықтар бойынша – облыс әкімдерінің жетекшілік ететін бағыттар бойынша орынбасарлары және жылына бір рет – облыс әкімдерінің есептері жария тыңдалатын болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!