Жуырда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жолақыға байланысты бірқатар жеңілдіктер жасалатынын жеткізді. Жақсылықты сүйіншілеген хабар қоғамды қуантып қойғаны рас. Себебі бағаның тиімді болуы халықтың әлеуметтік осал топтарына айтарлықтай көмек.
Алдағы уақытта ҚР Заңдары мен кодекстеріне халықтың әлеуметтік осал топтарына қоғамдық көлікте жүруге жеңілдік беретін нормалар енгізіледі. Бұл Заң жобасы ҚР 4 кодексі және 16 заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Заң жобасында жолақыға жеңілдік «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Ана даңқы» орденінің иелері мен бірінші топтағы мүгедектерге қарастырылған. Сондай-ақ бұл тізімде 15 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер де бар. Енді олар билет құнының тек 50 пайызын ғана төлейді. Жаңа мүмкіндіктер жайлы министр осылай тарқатты:
– Атап айтқанда заң жобасы әлеуметтік маңызы бар, сондай-ақ қалалық (ауылдық), қала маңындағы қатынаста автомобильмен тұрақты тасымалдауда «Алтын алқа», «Күміс алқа» мен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен наградталған көпбалалы аналардың, бірінші топтағы мүгедектердің тегін жол жүру құқығын көздейді. 15 жастан 18 жасқа дейінгі жастар билет құнының 50 пайызын төлей алады, – деді Қайырбек Өскенбаев.
Министрлік келтірген деректерге сәйкес, Қазақстанда 65 мыңнан астам «Алтын алқа», 137 мыңнан астам «Күміс алқа», 15 мыңнан астам «Батыр ана» иегерлері бар. Ал І топта – 69 444, ІІ топта – 280 965 және ІІІ топта – 264 934 мүгедектігі бар адам тіркелген.
– Заң жобасына енгізілетін өзгеріс ата-аналар үшін жағымды жаңалық болды деп ойлаймын. Әсіресе, көпбалалы отбасыдан шыққан балалар үшін оның орны бөлек. Студенттердің аз да болса ата-анасынан қаржылай тәуелсіз болуын және мемлекет тарапынан осындай қолдау көрсетілуін оң бастама деп есептеймін, – дейді қала тұрғыны А.Бақбергенова.
Есепке сүйенсек, бүгінде еліміздегі 7 жасқа дейінгі балалар саны екі миллионнан асады. Ал 7-15 жас аралығында 2,7 млн бала және 16-18 жастағы 724 мың жас бар. Соның ішінде 14 жасқа дейін балалар жолақының елу пайызын төлейтін. Нұр-Сұлтан қаласында 18 жасқа дейінгі барлық жеткіншектің қоғамдық көліктерде тегін жүруіне рұқсат етілген.
Депутаттар бірінші оқылымда мақұлдаған заң жобасының студенттерге де серпіліс сыйлағаны сөзсіз. Бұл сөзімізге Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Құралай Мәделханқызының пікірі дәлел:
– Жақсылықты бөліссең, көбейеді дейді ғой. Жаңалықтардан алғаш естіген кезде бір-бірімізге таратып, қуанып қалдық. Студенттерге, жастарға көңіл бөлініп жатқанының дәлелі осы болса керек. Теңіз де тамшыдан құралады. Ендеше, кішкентай болса да жаңа серпін сыйлап, жеңілдік жасалатынын естудің өзі жаңа Қазақстанға бағыт алғанымызды көрсететіндей. Әлі де жақсы жобалар орын алады деп сенемін, – дейді ол.
Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!