Фото: sputnik.kz

Уақыт зырылдап, күндер зуылдап өтіп жатқанын қым-қуыт тірлікпен жүріп, кейде байқамай да қаласың. Көзді ашып-жұмғанша әрлі-берлі пойызбен жол жүріп келе жатқаныма да 41 жылдың жүзі болыпты. Осы жылдар аралығында жолаушының тамақ ішетін алақандай үстеліне қағаз дастарқан жайылып, қаншама адамдармен дәмдес болдым. Сан түрлі тақырыпта әңгімелер айтылып, шер тарқатылды. Әр кезеңдегі адамдардың өмір деректерінен ой түйіндеп, тәжірибе алуыма да сеп болды.

Иә, тіріде адамның тіршілік мәзірі біткен бе, тағы да жолға шығуыма тура келді. Сол баяғы пойыздың купелі вагонына билет алдым. Вагонға мініп, сәлем беріп, купеге кірсем, қудай ақ шашты әйел адам терезеге қарап отыр екен. Бұрылып басын изеді. Жанарынан мейірім төгіліп, жүзінен жылулық лебі есіп тұрғандай. Орныма отырып, жатын орнымды жайғастырғанша пойыз да жылжыды. Сол баяғы «салт» бойынша қайнаған су әкеп, шай демдеп, жолға алғандарымды үстелге қойып, «дәмге жақындаңыз, шай ішейік» деп, кішілік көрсеттім. Шай ішіп, жөн сұрасып, оны-мұны әңгіме еттік. Бата берді. Дастарқанды жинастырдым.

 Екеуміз де терезеге қарап, біраз үнсіз отырып қалдық. Бір кезде апай менің жүзіме тесіліп қарап, тағы отырды (іштей ыңғайсыз күйге түстім). Бір уақытта жанға жайлы қоңыр дауыспен: «Қызым, мен мектепте 40 жыл ұстаздық еттім, қазір құрметті демалыстамын, ардагер ұстазбын. Алдымнан қаншама шәкірт түлеп ұшты. Ұстаз жүрегі алдамайды, көзі қырағы келеді, әр оқушыға дәлме-дәл мінездеме бере алады, ұстаз психолог қой…».

Әңгімені көп созғысы келмеді ме, сәл ойланып отырды да: «Қызым, мен бүгін алғаш рет көңіл қойнауына бүккен бір сырымды өзіңе ақтарғалы отырмын. Бүгін шығармасам, кейін өзіммен мәңгілікке алып кетемін. Айыпқа бұйыра көрмессің» деді де, әңгімесін бастап кетті.

 «Шешем күйеуінен ажырасқан соң, інім екеумізді ауылда тұратын нағашы апасының қолына апарып тастайды. Мен бесте, інім үш жасар екенбіз. Апайдың қатысып отырған көршісі, үйленгендеріне біраз жыл болса керек, балалары болмапты. Олар сұрады ма, әлде апай көршісін аяды ма, ол жағын білмедім, мені сол кісілерге береді. Шешеміз сол кеткеннен келмейді, бізді сұрауы жоқ деп тастап кеткен болу керек. Содан ерлі-зайыпты көршілер мені бауырларына басып, ол жерден бірден аудан орталығына көшіп кетеді. Бауырына басқан шешемнің мінезі сәл қаттылау, керісінше әкем жұмсақ, балажан кісі болды. Шешем көп ұрысатын, кейде тіпті ұратын. Баламын ғой. Жаман болсын деп ұрып-соқпайтын шығар. Мен әлжуаз, тұйық, аурушаң боп өстім. Дегенмен ешнәрседен таршылық көрмедім. Әкем қатты еркелететін. Сөйтіп жүріп, мектепті бітіріп, институтқа оқуға түстім. Онда да ештеңеден кенде қылған жоқ. Жоғары оқу орнын бітіріп, ауылға әкешешемнің қасына келдім. Мектепке мұғалім болып орналастым. Бір күні шешем: «сөз байласып жүрген адамың болса айт, көзімнің тірісінде қолдан ұзатып, жасауыңды берейін» деді.

Сонымен не керек, көрші ауданның жігітіне ұзатылдым. Тұңғыш қызымды босанғаннан кейін шешем өмірден озды. Әкем жалғыз қалды. Әкем о бастан кіндіктен жалғыз еді. Оның жалғыз қалғаны жаныма қатты батты. Ай сайын келіп, кір-қоңын жуып, үйін тазалап беріп кетемін. Екі ауданның арасы 4-5 сағаттық жер, жол да нашар. Сөйтіп жүргенде екінші қызым дүниеге келді. Енді екеуімен қатынау қиынға соқты. Бір күні ата-енеме: «Сіздерде шүкір ғой. Бізден кейін де балалар бар. Бізге баталарыңызды беріп, рұқсат етсеңіздер, әкемнің жанына барып тұрсақ. Бір үйлерің боламыз ғой. Үлкен кісі, ер адам, менен басқа ешкімі жоқ білесіздер» деп едім, енем бет қаратпады. «Жоқ, жібермейміз. Кетсең, өзің кете бер, балам бармайды» деді. Олар да қылшылдап тұрған жас емес, түсінетін шығар деген ойда болдым. Түсінбеді. Солай екі қызымды алдым да, әкемнің үйіне келдім. Әрине, әкем қарсы болды.

«Мен үшін отбасыңды тастама, екі қызыңды тірі жетім етпе» деп, әрі-бері айтқанына көнбедім. Жұмысыма оралдым, екі қызымды балабақшаға бердім. Мен үшін әкем бірінші орында тұрды. Күйеуім келмеді, тіпті қыздарын іздеп, ат ізін салмады. Күндер өтіп жатты. Бір күні көрші апай үйіне шақырды. Барсам, егделеу әйел мен бір жігіт отыр. Баяғы нағашы апай. «Шешең сол кеткеннен мол кетті, Ресей жаққа күйеуге тиіп кетті» деп естідім. Мына жігіт – туған інің. Көзімнің тірісінде табыстырып кетейін деп келіп отырмын» деді. Інімді құшақтап, көз жасыма ерік бердім. Мауқымды басып, біраз әңгімелестік. Үйге келген соң, әкеме айта алмадым. Әкем науқастанып жүрген болатын. Сөйтіп, інім үйге келіп, отын-суымды түсіріп беріп, көмектесіп жүрді. Қаншама рет айтуға оқталсам да, неге екенін білмеймін, әкеме айта алмадым. Әкем мені қатты жақсы көріп, еркелетіп өсірді, айтқанымды екі етпейтін. Әке-шешеме алғыстан басқа айтарым жоқ. Ешнәрседен таршылық көрсеткен жоқ. Сөйткен әкемді жүрегіне ауыр тие ме деп қорықтым ба, әйтеуір айтуға бата алмадым. Әкемді балаша күттім. Өзіме де, екі қызыма да қайта-қайта батасын беріп, ризашылығын айтып, әкем 87 жасында көз жұмды. Ақ жуып, арулап, ақтық сапарына шығарып салдық. Үйін салып, белгісін қойдық. Сонда да өзіме көңілім толмады. Әкемнің алдында өзімді кінәлімін деп санадым. Бейітіне барып, жылап отырып, кешірім сұрадым. Екі қызымның да алдында айыптымын, әкем үшін екеуін тірі жетім еттім. Олардан да күнде кешірім сұраймын. Қазір 80-ге таяп қалдым, әлі іштей егіліп келемін. Өзімді өзім кешіре алар емеспін» деп, үнсіз қалды.

Сол сәт жанарынан аққан жас жылғадан аққан жаңбыр суындай әжімдерінің арасынан омырауына жылжып ағып жатты. Жыламауға бекініп, қыбырсыз отырмын. «Көз жасымды көріп, бұның да жүрегіне қаяу түсірдім бе?» деп тағы да өзін кінәлап жүрер деген ойда болдым. Ұстаз-ананың алдында бүкіл әлем бас иеді. Батыр да, дана да, ғалым да ұстазанадан дәріс, тәлім-тәрбие алғандар. Жүсіпбек Аймауытов «Жақсы ұстаз – анаңдай ұлы» деген емес пе?! Сондықтан алдымда «екінші анам» отыр деп ойладым. Жанын жаралап алмайтындай жұбатып, кеудесін көтеретіндей, күйремейтіндей дем беріп, ой шырмауынан шығатындай күш беріп, алаңсыз күн кешуіне титтей болса да сеп болуым үшін айтар ойымды нық және нақ етіп жеткізуім керек деген тұжырым жасадым (Бұндай жағдай алғаш рет боп отыр).

Ойымды жинақтап, жанына отырып, қолынан ұстап: «Апа, бәрін көріп, біліп, естіп, реттеп тұрған көкте құдіретті күш иесі бары хақ! Ол сізге жол ашты, кеттіңіз. Қаншама рет айтуға оқталсаңыз да, сізге айтқызбады. «Құдайсыз қурай да сынбайды» демей ме? Сіз өзіңізді ғана емес, жаныңызға жақындарыңызды да қинап жүрсіз. Іштей езіліп, егілген сайын әкеңіздің рухы қиналады. Жаны жай тауып, жайлы жатсын десеңіз, әкеңіздің рухына тыныштық беріңіз. Күнде кешірім сұраған сайын «кешіргенімізді қалай дәлелдейміз?» деп, қыздарыңыз іштей қиналады. Отбасыларымен бақытты болып, өз қалауларынша өмір сүрсін десеңіз, оларға да тыным беріңіз. Өзіңізді өзіңіз кінәлап, бекерге күнә арқалап жүрсіз. Құдайдан адам күшті емес. Айыптауға да, кінәлауға да лайықты Тәңір ғана! Сондықтан алдағы өміріңізде, еліңіздің тыныштығын, айналаңыздың амандығын, халықтың бірлігін тілеп, осы күніңізге шүкір айтып, төріңізде алаңсыз тыныш отыруыңызға болады» дедім.

 Ұстаз бір нүктеге қадалып, ойда отыр. «Ақылгөйсіп артық айтып, көсемсіп, тіпті сәуегейсіп қатты кеттім бе, ұят болды-ау» деп, ұшып тұрып, басымды иіп кешірім сұрадым. Ұстаз құшағын ашты. Басымды төсіне қойып, шашымнан сипап отырып, өзің айтқандай «Сені маған Тәңір жолықтырған шығар. Қалған өмірімде тілеуіңді тілеймін. Абырой туыңды ешқашан төмен түсірмесін! Қайда жүрсең де, аман бол, айналайын!» деп, маңдайымнан сүйді. Марқұм өз анамның төсінде жатқандай ет жүрегім елжіреп, көзіме келген жасты зорға тежедім. Көз жасымды көрсетпеуге тырыстым. Межелі жерге жетіп қалдық дегендей, паровоз ышқына айқайлап, жүрісін баяулатты. Түсетін уақыт болды. Қоштасар сәтте, біреуге болмаса, біреуіне септігі тиіп, ой салып жатса, жақсылық емес пе деген оймен қағаз бетіне түсіруге ұстаздан рұқсат сұрадым. Мейірлене жымиып, басын изеді де, тек аты-жөнін жазбауды өтінді.

Негізі адам жас шамасына қарамай-ақ, санатүйсігі бір жерге тоғысқанда, ішкі әлемдері үндестік тапқанда, кеуде сарайына сенім көпірі бекігенде, мәуелі сөз өріліп, мәйекті ой төгіліп, сыр сандығы ашылып, сүбелі сұқбат өрбитіні бек мүмкін екеніне көз жеткізгендей болдым.

Әбіш Кекілбаев: «Сәл нәрсеге таң қаласың, сәл нәрседен сыр аңғарасың» деген екен. Иә, қарт ұстаздың ана жүрегі бала жүрегінен қуат алып, бала көңілдің бал-бұлағынан сусындап, көкірек қыжылын басып, көңіл қойнауын зілден тазартып, бала сезімнен өн бойына тың серпіліс, соны күш алғандай ма, кеудесін тік ұстап, қадамын ширақ басып бара жатты.

Бибісара КЕНЖЕБЕКОВА-ОМАРОВА,

қала тұрғыны

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!