Санаулы күндерден соң мың сан түлек аяулы мектебімен қоштасады.

Мектеп бітіру мерекесі әр адамның өміріндегі ерекше, ұмытылмас күндердің бірі. Себебі, тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан бүгінгі түлектер білім нәрімен сусындаған мектеппен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алады. Оған қоса Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысады. Осы сәттерде оқушының жүрегі тебірентіп, қобалжып уайымдауы мүмкін. Өз шәкірттеріммен қатар, барлық бітіруші түлектерді, осы мақалам арқылы жігерлендіргім келеді.
Жас түлек, ең бастысы сен ата-анаңның сүйікті перзентісің. Саған әркез сенім білдіріп, қолдау білдіретін жақындарың бар. Олар сенің асқақ армандарың орындалып, өміріңде бақытты сәттер көп болсыншы деп тілеуіңді тілеп жүр. «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» деп ата-анаң сен үшін бәріне дайын. Тіпті ҰБТ-дан аз балл алып қалсаң да, олар сенің қасыңнан табылады. Бұл сынақтан өтпесең, келесі кезеңде міндетті түрде өтесің.
Мектеп өмірінде жақсы өткіздің. Бітіруші сәтке жеттің. Ұстаздарыңның да үкілеген үмітісің. Олардың бәрі сенің тек бір ғана тестілеуден сәтті өткеніңді емес, өмірде жолың болып, жақсы азамат болғаныңды тілейді. Алдыңда сан түрлі сынақтар, жауапты сәттер кездеседі. Сол уақыт үнемі жадыңда болсын, өмірдің барлық сәтсіздіктері бақытсыздық емес.

Иә, сен ең бақытты жансың! Достарыңнан қалмай мектеп бітіріп, алға қадам жасап барасың. Бастысы алдыңа үлкен мақсаттар қой. Арманда. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дейді. Сенің асыл армандарың үлкен жетістіктерге жеткізеді. Ең бастысы Абай атамыз айтқандай, «өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап». Әркез өзіңе деген сеніміңді жоғалтпа!
Мемлекетіміз оқимын, жақсы істерді үйренемін деген оқушылар үшін барлық жағдай жасаған. Тек білім ғана адамға өмір жолын дұрыс таңдауда еркіндік пен өз-өзіңе деген сенімділік, табысқа жетуге және өз қабілетін жүзеге асыруға мүмкіндігің мол. «Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі биік болады» деген сөз бар. Қандай кедергілерге кездессең де, жігеріңді жасытпа! Алда әлі сені күтіп тұрған армандарың көп екенін ойла! Еліміздің болашағы – сендердің қолдарыңда. Талаптарың оң, сапарларың сәтті болсын!

Динара КЕНЖЕБАЕВА,
№106 орта мектеп директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!