«Қызылорда ОПД  ЕҚҚІҚБ тарапынан

жарияланған байқауға»

Ойшыл, дана Абай атамыз «Сегізаяқ» өлеңінде «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген жолдарды келтіру арқылы еңбектің, адалдықтың маңызын асқақ етіп, адам баласына ең қадірлі, қажет іс – еңбек екенін көрсетеді. Бүгінгі таңда тамағы тоқ, жұмысы жоқ жастардың айналысар ермегінің бірі өкінішке қарай, есірткі болып барады. Ендеше, ғасыр дертіне айналған мәселе төңірегінде ойымды өрбітіп көрейін.

Нашақорлық – үлкен қорлық. Зерттеулерге сүйенсек, соңғы 10 жылдың бедерінде елімізде наркологиялақ диспансерлерде тіркеуде тұрғандар саны 30 мыңнан асыпты.

Нашадан нан тапқан қара ниеттілердің саудасын оң мен солын ажырата алмайтын аңғал жастардың қыздырып жатқаны өкінішті. Есірткінің арты ессіздікке апарып, ақырында ана дүниеден бір-ақ шығаратыны біз айтпасақ та түсінікті.

Жастықтың буымен есірткіге елтігендер өсе келе өзіне бас бола алмай, бармағын шайнауда. Миымызды улайтын, санамызды айналдыра торлайтын, оны  сүлікше соратын кеселмен қалай күресеміз?

Есірткіні бастауын бастап, тастауға  тауы шағылып, жолдан жаңылғандар көп. Алайда, шырғалаңнан шығудың жолы бос уақытын ыңғайлы ұйымдастыра алуында екендігін білсе де білгісі келмейтіндер бар. Бос уақытты тиімді пайдалану, ең алдымен, адамның өзіне, рухани дүниесінің қалауына байланысты. Бір адам  музыкаға, енді бірі спортқа немесе қолөнерге т.б. өнер түріне  ықыласты болуы мүмкін. Тек осы қасиеттерін орайлы орнында  орындаса, күрмеулі мәселенің оң шешім табуына сәл де болса септігі тиер ме еді?!

Есірткімен күрес –  оңай шешілетін мәселе емес, ол күрмеуі көп күрделі іс. Еңселі ел боламыз десек, тез арада есірткіден бас тартуымыз керек. Өйткені, есірткі есіңді елітеді, ішіңді ерітеді. Уақытша ләззат сезімін сыйлайтын мәнсіз заттан азапқа айналмаудың жолы біреу – жоламау, санаңды нашамен уламау. Ертеңінді ойласаң,  келешегіңе балта шапқың келмесе,  «Жоқ » -деп айтуды үйрен!

           Арал қаласы,

№220 орта мектебі, 10  сынып оқушысы

Сақтағанова Дилназ

#есірткігеқарсы, #противнаркотиков 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!