Аймақтың әр түпкірінде мыңдаған жас бар. Тұғырдан түспей жүрген белсендіден бастап күнделікті тіршілігін құрылыста, дәрігерлік кабинетте, мектеп сыныбында өткізіп жүргендер мен ауылда, қырман басында таңнан қара кешке дейін еңбек ететіндер. Олардың әрқайсысында өзгеге ұқсамайтын өзіндік ойы, айтары, көрсеткісі келетін мәселесі жеткілікті. Облыс жастарының бас басылымы – «Ақмешіт жастары» тек осы жастар тақырыбын емес, елдік, ұлттық мәселелерді қаузайтын газетке айналды. 7 қыркүйек – ақпаратты қаз қалпында оқырманға жеткізетін, өзіндік орны қалыптасқан жастар газетінің жарыққа шыққан күні.

9 жыл бұрын газет өз жұмысын бастаған. Аз уақыт болар. Бірақ «Ақмешіт жастары» осы уақыт аралығында алғашқы баспалдақтан өтті, дамыды, белестерді бағындырды.Жетістікке жетуде көптеген адамның еңбегі бар. 9 жылдың ішінде газетте бірнеше редактор басшылық етті. Көптеген жас журналист осында алғашқы мектептен өтті, шығарма­шылығын шыңдады, ал қазір респуб­ликаның, облыстың маңдайалды басылымда­рында, телеарналарында табысты еңбек етіп жүр. Бүгін де редакция ұжымының дені – жастар. Олар мазмұнды мақаланың жариялануына, арнайы беттердің жарыққа шығуына ықпал етіп келеді.
Жастар үнінің бір ерекшелігі, алғашқы арнайы беттер мен айдарлар латын қарпінде беріледі. Басылым арнайы «News» бетінде жастарға қатысты соңғы жаңалықтарды, өзгерісті қамтиды. Жас мамандарды, жас отбасыларды, өмірлік қиын жағдайға тап болған жастарды қолдау, жастар стартапын насихаттауға арналған шаралар ақпараттандырылады. «Motivation» бетінде ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланбай, мемлекет көмегіне иек артпай-ақ, адал еңбек етуге үндейтін мақала, ісінің берекесін көріп отырған кейіпкерлерді насихаттайтын материалдар беріледі. Қоғамды өркениетке бастайтын ниеті оң, жүрегі кең жастардың, еріктілердің бастамалары бойынша әртүрлі материалдар дайындалады.
«Interview» бетінде айтар ойы анық азаматтармен, елге сыйлы зиялы қауым өкілдерімен тәрбиелік, елдік бағытта, түрлі сала мамандарымен сан сауалдың жауабын қамтитын сұхбаттар жарияланады. «Innovation» бетінде идеяға бай креативті жастардың жаңа жобалары, білім-ғылым мәселелері мен ноу-хау туралы мақалалар қамтылады. Жастардың шығармашылық дамуына жағдай жасау, жас таланттарды қолдау, дарынды жастарға стипендиялар, жүлде тағайындауға қатысты өзгерістер қамтылады.
Ал «Actual», «Sarap» бетінде мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдама шеңберіндегі әлеуметтік көмек көрсету, бос уақытты тиімді өткізу, жұмыспен қамту, NEET санатындағы жастармен жұмыс, отбасы және психология, бала құқығын қорғау, құқықтық, діни, экономикалық сауатты арттыру, жастарды рухани, интеллектуал­ды дамыту, аула спортын қарқындату және өзге де өзекті мәселелер төңірегіндегі сараптамалық мақалалар жарыққа шығады.
«Uikyashar» бетінде ұлттық өнер түрлерін жандандыруға ерекше назар аударамыз. Оқырманның сүйікті «Hattar» бетінде шығармашыл жастардың сиясы кеппеген дүниелері жарияланады. Бұдан бөлек, сан түрлі тақырыпты сарапқа салатын «Otbasy», «Finance», «Turizm», «Cinema», «Балалар жылына» орай қолға алынған «Baspaldaq» беті бар.
Газет мазмұнының артуы, сәйкесінше оқырман санының өсуі осымен байланысты болса керек. Соңғы көрсеткіш бойынша жазылушылар саны 8 мыңның айналасында екен. Бұл біз үшін жай меже емес. Себебі 8 мың оқырманға пайдалы дүние бөлісіп, рухани ләззат сыйлаймыз деп асығамыз. Алты құрлыққа хабар таратпасақ та, алты Алаштың мұңын мұңдап, жырын жырлауға, әр шаңырақ төріндегі алтын сандықтай абыройлы іс атқаруға пейілдіміз. Бұл орайда сүйікті басылымдарыңыз – «Ақмешіт жастарының» таралымын ұлғайтуға ықпал етер әрбір жанға алғысымыз шексіз.
Ойлы оқырман – редакция жүрегі. Ендеше, Жүрегіміздің дүрсілі тоқтамасын!

Мөлдір СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!