Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорда жазғандай, министр президентке елдегі қылмысқа қарсы күрес туралы есеп берген. Сәденовтің сөзіне сенсек, жыл басынан бері Қазақстанда қылмыс деңгейі төмендеген.
«Атап айтқанда, қылмыстық құқық бұзу фактілері төрт мыңға, соның ішінде қылмыс жеті мыңға азайған», – дейді Сәденов.
Министр сондай-ақ елдегі полиция қылмыстарды көп аша бастағанын айтқан. Әсіресе, әкімшілік кодекстің ережелерін бұзғандарды анықтау үлесі 30 пайызға көбейген.
«Ал, жол жүру ережесін бұзу фактілерін анықтау 47 пайызға артқан. Нәтижесінде жүргізуші куәлігінен айырылғандар саны екі есе көбейген», – деп жазады Сәденовтің баяндамасын Ақорда.
Сондай-ақ ішкі істер министрі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі жағдай туралы ақпарат берген.
«Мемлекет басшысы елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру бойынша бірқатар міндет жүктеді», – деп хабарлады Ақорда.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!