Жұмыссыз жас көп. Облыстық жастар ресурстық орталығы мұрындық болған «Мүмкіндіктер алаңы» бастамасы осы мәселенің түйінін тарқатпақ. Қажет бастама аясында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі соған дәлел.
Байқағанымыздай, сол жағалауда өткен маңызды шарада 500-ден аса бос жұмыс орындары ұсынылды. Оның 185-і қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерді тіркеу бөлімі тарапынан ұсынылған. Сондай-ақ 26 вакансия негізінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент қаласы мен Маңғыстауда жұмысқа орналасу мүмкіндігі берілді. Жастар үшін тиімді бағдарламалардың бірі – «Жастар тәжірибесі» бойынша 100-ге жуық жұмыс тізімі шықты. «Жұмыс керек» деген адам керегін осы жәрмеңкеден тапты десек болады. Себебі шара күні бойы жалғасты. Әр мекеме өз тарапынан қажетті мамандарға сұраныс берді, жұмыс іздеп келгендерге қойылатын талапты түсіндіріп, негізгі жүктемелеріне тоқталды. Жас мөлшеріне шектеу қойылмады.
– Өңірдегі, жалпы республикадағы көптеген ірі компаниялар, мекемелер жұмыс орындарын ұсынды. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша арнайы сала өкілдері кеңес берді. «Мүмкіндіктер алаңы» жұмыссыз жастармен күресуде таптырмас дүние. Енді мұндай шараны айына бір рет ұйымдастырамыз. Таңғы сағат 10-нан кешкі 5-ке дейін өткізу жоспарланған. Бір сағат көлемінде 100-ден аса жас келді. Тікелей жұмыс берушілермен келіссөз жүргізді. Түйіндемесі жоқ жастарға бір бұрыш ашып, жағдай жасадық. Оқуын жаңа тәмамдаған, бірақ жұмыс таба алмай жүрген жастар да қамтылды. Кәсіпкер болғысы келетін, бизнесте белсенділігін арттырғысы келетіндер көп екен. Олар да керекті мағлұмат алды, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Асқар Құрмаш.
«Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету және кәсіпкерлікті дамыту, сұраныстағы қажеттіліктерді қамтамасыз ету және ол өз мақсатына жетті» деген пікір білдірді келушілер.
– И.Әбдікәрімов атындағы жоғарғы колледжінің 4-курс студентімін. Алдағы уақытта жұмыс істеуге осы бастан талпынып келемін. Қай сала тиімді, қай бағытты ұстансам болады деп ойланып жүрмін. Осы жерге де сол мақсатпен келдім. Бірқатар жұмыс орнын көріп, сауалдарымды қойдым. Өзім кәсіп ашуды, кәсіпкер болуды армандаймын. Жеке серіктестік ашу жайын сұрастырдым. Жәрмеңке арқылы керек мәлімет алдым, – дейді Бақытжан Әбдірахим.
Бастаманың басы-қасынан Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских табылды. Депутат Сыр жастарымен жүздесіп, олардың пікірін тыңдады.
– Біз барлық аймақты араладық. Сыр өңіріне де ат басын бұрдық. Осы шараны естіген кезде қатысу керек деп шештім. Себебі бүгінгі басты мәселе – жастардың жұмыссыздығы. Оны жүйелеу керек. Жастарға қандай мамандық қызық екенін де зерттеген жөн. Оларға мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тарқатып түсіндіру, насихат жұмысын қарқындату ісі де маңызды, – деді Геннадий Шиповских.
Шара қорытындысында депутат және облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова «Мүмкіндіктер алаңына» алғаш болып келген 5 жасқа арнайы сыйлықтарды табыстады.
Шарада жұмыс бар, бірақ техникалық мамандыққа қызықпайтын, сол саланы сүйреуге ниеті жоқ жастардың көптігі қынжылтты. Жүк көлік жүргізушісі, күзетші, тазалықшы, тас қалаушы, дәнекерлеуші, сылақшы, электрик, сантехник секілді маман болуға асығатындар аз. Құрылыс саласы жайлы әңгіме бөлек. 37 жылдан бері осы салада тер төгіп келе жатқан жерлесіміз Қанат Молдахалықов та құрылыста жастардың бой көрсете бермейтінін айтты. Қазір жұмыс жаңа технологиялардың арқасында біраз жеңілдеді. Көп жерде қол күші қолданылмайды. Соның өзінде жастардың саланы жатсынуы түсініксіз болып тұр. «Меніңше, қабілеті бар жастарға мүмкіндік беріп, саланы ілгерілету кезек күттірмейді. Кез келген адамның бір іске икемі бар. Оқуға құлық танытпауы мүмкін, бірақ одан мықты дәнекерлеуші шығуы ғажап емес. Мұнда «Менің атым Қожадағы» Оспанов мұғалім айтатындай, жастардың тек шырағын жаға білсек болғаны. Осындай шаралардың пайдасы мол» дейді ол.
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!