Техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамыту, жұмысшы мамандықтарының маңызын арттыру және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында «Жұмысшы мамандығы – өндірістің әлеуметтік негізі» атты облыстық форум жоғары деңгейде өтті.
Форум аясында жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін нығайту және Ұлы Жеңіс тарихына құрмет көрсету мақсатында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Білім алушылар мен колледж оқытушыларының қатысуымен сахналық қойылым қойылып, көрермендерге терең әсер қалдырды. Сонымен қатар, «Соңғы оқ» және «Сағадат» атты патриоттық әндер орындалып, көрермендердің жүрегіне жол тартты.
Форумда жұмысшы мамандықтарын дәріптеуге айрықша назар аударылды. Колледжде оқытылатын кәсіптік бағыттар кеңінен таныстырылып, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының мүшелері салтанатты сап түзеп, шеру өткізді. Бұл іс-шара жастардың бойында елге, еңбекке деген құрметті қалыптастыруға бағытталды.
Сонымен қатар, форум аясында колледж бен өндіріс арасындағы әріптестік аясын кеңейтуге бағытталған маңызды қадам жасалды. «Волковгеология» АҚ №23 ГБЭ филиалы колледжге заманауи «ЗИФ-1200» бұрғылау қондырғысын тарту етті. Қондырғыны ресми түрде колледжге филиал директоры Жұмабаев Гафур Амиртаевич табыстап, оқу орнының басшысы Сүлейменов Болат Мулланазарұлымен бірге салтанатты түрде лента қию рәсімін өткізді. Бұл серіктестік – өндіріс пен білім беру арасындағы байланыс пен өзара қолдаудың нақты көрінісі.
Форум қонақтары KAP-Logistics ЖШС «Шиелі – Сұңқар» филиалына арнайы барып, сол жерде өндірістік тәжірибеден өтіп жатқан студенттердің жұмысымен танысты. Филиал директоры Досмағанбетов Дәурен Досмағанбетович білім алушылардың кәсіби дағдыларын іс жүзінде сәтті қолданып жатқанын, өз мамандықтарына бейімделіп, жақсы нәтижелер көрсетіп жатқанын ерекше атап өтті.
Форум аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтері арасында «Тау-кен металлургия» саласы бойынша кәсіби шеберлік байқауының облыстық іріктеу кезеңі өтті. Байқауға сарапшылық жасағандар қатарында: «Волковгеология» АҚ №23 экспедициясының жетекші технологі Балтабай Жалғас Еділбайұлы, «Семізбай-U» ЖШС «Иіркөл» филиалының геотехникалық алаң бөлімінің бастығы Тұңғышбаев Талғат Қыдырбайұлы және «Қарамұрын» кенішінің энергия-механикалық қызметінің басшысы Айменов Асылбек Ғалымұлы болды. Байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылып, қатысушылардың кәсіби шеберлігі жан-жақты бағаланды.
Ауқымды шара жастардың патриоттық рухын арттырып қана қоймай, техникалық және кәсіптік білім берудің сапасын көтеру, жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықты күшейтуге ықпал етті.

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!