2025 жылдың елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы – техникалық және кәсіби білімге беріліп отырған жоғары бағаның дәлелі. Бұл бастама – жастарға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба ғана емес, сонымен қатар еңбек нарығын нақты мамандармен қамтамасыз етудің тиімді жолы.
Бүгінде мемлекет тарапынан жұмысшы жастарды қолдауға бағытталған бірқатар бағдарлама іске қосылды. Мәселен, «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» секілді жобалар жастардың алғашқы еңбек тәжірибесін алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Жас маман» бағдарламасы арқылы колледждер заманауи құралдармен жабдықталып, сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадрларды даярлауда. Аймақтарда тегін техникалық білім беру, қысқа мерзімді оқыту курстары, мемлекеттік гранттар мен стипендиялар қарастырылған. Бұл – әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан жастар үшін үлкен көмек болмақ. Сондай-ақ жастардың кәсіпкерлігіне қолдау көрсету мақсатында «Жас кәсіпкер», «Бизнестің жол картасы – 2025» сынды жобалар да өз жемісін көрсетуде.
Жұмысшы мамандықтарды насихаттау – қоғамдағы көзқарасты өзгертіп, кәсіби шеберлікті бағалау мәдениетін қалыптастырады. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде жастар тек жұмысқа ғана емес, өмірге сеніммен қарай бастайды. Жастарға жасалған әр мүмкіндік – елдің жарқын болашағына салынған берік іргетас.
Назым АХМЕТЖАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!