17-ші қыркүйек күні түңгі 1-лер шамасында Тараз қаласындағы №44 мектептің кабинетінде өрт шығып, жалпы саны 7 құрылысшы зардап шекті. Оның екеуі терапия бөлімінде емделіп жатыр. Ал қызыл жалыннан қатты қорыққан 21 және 22 жастағы бой жеткендер үшінші қабаттан секіріп кеткен. Алайда арада 3 күн өтсе де, қабырғалары мен аяқтары сынған құрылысшыларға ота жасалмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентігі хабарлайды.

Терезеден құлаған Таңшолпан А. әпкесі Жадыра Әбдірахманова

«Әлі осы күнге дейін ешқандай көмек көрсетілмеді. Облыстық әкімдік келіп, жақсылап көмектесеміз, аяқтан тұрғызамыз деген. Дегенмен, әлі өзгеріс жоқ. Қыздарымыздың жағдайы қалай болады енді? Мүгедек болып қалуы мүмкін ғой!», – дейді терезеден құлаған Таңшолпан А. әпкесі Жадыра Әбдірахманова.

Науқастардың денсаулығы әзірге қалай болары белгісіз. Барлығы отадан кейін анықталады. Осы жағдайға қатысты сұқбат берген Тараз қаласының әкімі зардап шеккендердің шығынан түгел мердігер компания мойнына алатынын айтты.

«Өрттің шығу себебі қазір анықталып жатыр. Себеп-салдарының барлығы сараптамадан кейін белгілі болады. Бұл жерде түнде жұмыс істеу мәселесі бойынша ешқандай кедергілер мен шектеу жоқ. Бұл жерде өрт қауіпсіздігі бойынша мәселе туындап отыр. Ал мердігер жауапкершіліктен қашып отырған жоқ. Өзім сөйлестім. Зардап шеккен азаматтарға толық көмек көрсетуге дайын», – дейді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.

Қазір жарылыс болған мектептегі құрылыс жұмыстары қылмыстық іс қозғалғанына байланысты тоқтап тұр. Осы жағдайға қатысты денсаулық басқармасы да түсініктеме берді. Бас қаладан келетін дәрігерлер дүйсенбі күні Таразда болып, операция жасайды деді.

Автор: Хан Анарбай

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!