Жастар қазір мамандықты өз қалауымен емес, грант үшін немесе ата-ана еркімен таңдайды. Неге?
Жастар барынша еркін, жеңіл өмір сүргісі келеді. Ғаламтордан қарасам, қазіргі таңда замандастарымның көп бөлігі жұмыссыз. Түрлі дереккөздердегі сауалнамаларда жүзге жуық респонденттердің 31,3%-ы жұмыспен қамту орталығына, 27,7%-ы интернет ресурстарына жұмысқа тұру мақсатында өтініш қалдырған. Сауалдамаға қатысқан жастардың үштен бір бөлігі жоғары оқу орны мен кәсіптік оқу орнында алған мамандықтары бойынша жұмысқа орналасудың қиын екенін айтқан.
Жастардың 42,2%-ы білім алған мамандығы бойынша жұмыс істемейді, 25,3%-ы таңдаған мамандығы бойынша жұмыс табу қиын деп санайды. Ал 71,1%-ы жұмысқа орналасуда кездесетін ең басты қиындық ретінде жұмыс тәжірибесінің жоқтығын алға тартқан.
Тағы бір дерек. Көптеген жас жанына жақын кәсіптің тұтқасын ұстаудың орнына өзі қызықпайтын саланы оқу ақысы арзан, ортаңқол оқу орнында шала меңгеріп шығады екен. Сабаққа аңсары аумағандықтан, оған ден қоймайды. Қосымша жұмыс істеп жүріп, емтихандарды әупірімдеп жауып, қолға диплом алады. Осылайша мамандығынан мақұрым тағы бір маман жұмыссыздардың қатарына қосылады. Өздеріне ұнайтын іспен айналысатындар әлдеқайда бақыттырақ екендігін өмір әлдеқашан дәлелдеп қойған. Қандай жұмыс болмасын, адамға қуаныш сыйлап, содан рақат алса, онда ол адамның мамандық таңдауда адаспағаны. Сондықтан баланың шама-шарқын ескерместен сүйрелеу, қабылдауға ынтасы жоқ немесе қабілетсіз ой еңбегіне жегу қате. Одан да сүйікті, қолынан келетін ісіне баулу анағұрлым абзалырақ деп ойлаймын.
Бұдан бөлек, түлектерде мамандық таңдауда объективті ақпарат жоқ. Сондықтан таңдау жасарда атынан ат үркетін, кеңестік кезеңде абыройлы саналған мамандықтарға барады. Тиісті органдарда қандай мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары бар, қай сала маманға тапшы, керісінше қандай мамандар шамадан тыс асып кеткені туралы ақпарат бар. Осы ақпарат мектептердің жоғары сынып оқушыларына етене таныстырылса, түсіндірілсе бәлкім жыл сайын бір қателікті қайталай бермес пе едік?!
Бұл орайда «Дипломмен – ауылға!», «Жастар кадрлық резерві», «Жастар тəжірибесі» сынды бағдарламаларды кеңінен насихаттауымыз қажет.
Шұғыла МҰРАТБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!