фото: Жалғасбек Тоқтамысов-архив
Жұмыссыздық – бұл тек әлеуметтік немесе экономикалық мәселе емес. Ол адамның психологиялық және нейробиологиялық жағдайына да тікелей әсер етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Психолог Сымбат Абдрахманова жұмыссыз қалған жандар бастан өткізетін жайттарға тоқталды.
Жұмысынан айырылған адамда мидың стресске, күйзеліске және қорқынышқа жауап беретін аймақтары, атап айтқанда, амигдала мен гиппокамп белсендірек жұмыс істей бастайды. Бұл – ми қауіп-қатерді сезген кезде іске қосылатын табиғи механизм. Сонымен қоса жұмыссыз қалған адамда созылмалы стресс пайда болады. Бұл стресс деңгейі ұзақ уақыт жоғары күйде қалса, ол кортизол сияқты стресс гормондарының тұрақты бөлінуіне себеп болады. Ал бұл өз кезегінде есте сақтау, назар аудару және шешім қабылдау процестеріне кері әсер етеді. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, ұзақ мерзімді жұмыссыздық депрессия, мазасыздық және тіпті суицидтік ойлардың артуымен тікелей байланысты, – деп түсіндірді психолог.
Айтуынша, адамның өзін-өзі бағалауы, әлеуметке қажеттілігі, күн тәртібі мен болашаққа деген үміті жұмыссыздық кезінде әлсіреуі мүмкін.
Бұл мидың мадақтау жүйесінің (reward system) белсенділігінің төмендеуіне алып келеді. Ал бұл – өмірге деген мотивацияның азаюына себеп болады. Жұмыссыздық әсіресе ер адамдар үшін психологиялық жағынан ауыр тиеді, себебі көптеген мәдениетте олар отбасын асыраушы ретінде қабылданады. Жұмысынан айырылу – олардың өзін-өзі бағалауы мен ерік-жігеріне соққы болып тиіп, күйзеліске апарады. Жұмыссыздық адамның миында биологиялық, эмоциялық және әлеуметтік деңгейде кешенді өзгерістерге әкеледі. Сондықтан бұл мәселеге тек экономикалық жағынан емес, психологиялық қолдау тұрғысынан да жүйелі түрде қарау өте маңызды. Психолог мамандардың, әлеуметтік қызметкерлердің және қоғамның бұл ретте бірлесе жұмыс істеуі қажет, – дейді Сымбат Абдрахманова.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!