Фото: istockphoto.com

Жоғарғы сот заңсыз жұмыстан шығарылған жұмысшы құқығын қорғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Б. коммуналдық кәсіпорында бас бухгалтер болып жұмыс істеген. Оған қатаң сөгіс жарияланған. Екі аптадан кейін жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шарты бұзылған.

«Ол сотқа тәртіптік жазаны қолдану және еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтарды жою, жұмысына қайта орналастыру және мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін өтемақы төлеу туралы талап қоюмен жүгінген. Бірінші сатыдағы соттың шешімімен аталған бұйрықтар заңсыз деп танылды. Талап қоюшы өз қызметіне қайта орналастырылып, кәсіпорыннан өтемақы өндіріп алынды», – деп хабарлады Жоғарғы сот.

Апелляциялық саты бұл бөлікте талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарған. Дауды Жоғарғы Сот қарады.

«Еңбек шартын бұзу негіздемесінің дұрыс болмауымен қатар, жұмыс беруші жауапкершілікке тарту мерзімін бұзған. Жұмыстан шығару туралы бұйрық бір ай өткеннен кейін, яғни заңда көзделген бір айлық мерзімді бұза отырып шығарылған. Бұл жағдай – бұйрықты заңсыз деп танудың жеке негізі. Кассациялық саты талап қоюшының жұмыстан шығарылуы заңсыз деп таныды, кері дәлелдер сотқа ұсынылмады», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Апелляциялық қаулының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалды.

Кәсіпорыннан мәжбүрлі бос жүрген күндер үшін 3,6 млн теңге көлемінде өтемақы өндіріп алынды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!