«2024 жылдың 10 желтоқсанында Алматы қаласында қайғылы жағдай орналды. Зағип жан өзіне үйреншікті жолмен келе жатып, пойыз вагондарының арасындағы бос орынды есік деп ойлап, шалынды. Оның өмірі сол жерде қиылды. Бұл оқиға бізді таң қалдырды. Ол қалай болғаны? деген сұрақ бізді мазалады» деп басталды үндеу. Бұл «Körem» қосымшасының пайда болуына әсер еткен бірден бір жайт еді. Қосымшаның негізін қалаушылар Дарина Жүйрікова және Далия Қосанова.
Сұрақтың жауабы қыздарды көп ойландырмады. «Біздің әлем мұндай жандар үшін әлі дайын емес екенін түсіндік» дейді қыздар. «Әділдік деген әрбір адам ерекше мүмкіндіктеріне қарамастан қалада еш қиындықсыз әрі емін-еркін жүріп тұра алуы. Сол себепті біздің қосымша зағип жандарға өзін қауіпсіз сезінуге көмектесетін көмекші құрал жасауды жөн көрдік» дейді қыздар әлеуметтік желіде.
Олардың айтуынша, ерекше мүмкіндікке ие жандар үшін итті пайдалану қолжетімді емес. Оны ұзақ уақыт бойы оқыту да біраз қаражатты талап етеді. Телескопиялық таяқтың да кемшілігі аз емес. Ол қауіптің алдында дабыл қақпайды, ескертпейді және бағытты дөп көрсетпейді.
Әрине, шетелдік ақылы мобильді қосымшаларды орнатып алуға болады. Алайда мұнда Қазақстан қалаларының картаның ескі нұсқасы қолданылады. Ал платформаларда қазақ тілінің үлесі туралы айту мүлде қиын.
– Біздің мобильді қосымшамыздың негізінде үш негізгі функцияны басқаратын жасанды интеллект жатыр. Соның ішіндегі ең басты мақсат – нысандар мен кедергілерді тану және олардан алшақ болу. Мұны көзі нашар көретін адамдарға арналған цифрлық телескопиялық таяқ немесе 2GIS-тің баламасы деп айтуға болады, – дейді Дарина.
Ал енді платформаның жұмыс істеу жоспарына тоқталсақ. Қосымшаны пайдалану оңай. Ол үшін смартфонды алып, қосымшаны іске қосу арқылы үйге дейін маршрут құру туралы сұраныс тастаймыз. Ал бағдарлама қай бағытта жүру керегін дауыстап айтып отырады.
Сонымен қатар, бағдарламаның алдағы кедергілер туралы да хабар беретін функциясы бар. Яғни бұл тек дұрыс жолмен жүруді ғана емес, жарақаттардың алдын алуға көмектеседі. Ол үшін телефонды алдыңғы бетте ұстап тұру қажет. Сол кезде оның камерасы айналадағы кеңістікті сканерлеп, кедергінің түрін және оған дейінгі қашықтықты анықтау арқылы дыбыстық хабар береді.
Екінші функция – кез келген беттен мәтінді тану. Оның ішіне құжаттар, белгілер, мәзірлер және басқа да жазулар кіреді. Бұл арқылы жол белгілерін тану, мейрамханаға бару енді қиындық тудырмайды.
Ал үшінші құрамдас бөлік – нысандарды тану, атау. Яғни зағип жан сурет түсіргісі келсе, жасанды интеллект сол фотода не бейнеленгенін сипаттап береді.
– Қосымшаны әзірлеуді 2025 жылдың қаңтарында бастадық. Сол кезден бері бұл жобаға бар күшімізді салып келеміз. Жобаны еш қаржыландырусыз, өз біліміміз және күш-жігеріміз арқылы өмірге әкелдік, – деді Далия.
Қыздардың пайымы бойынша, жас маңызды емес. Біз қазірдің өзінде үлкен бастамаларды өмірге әкеле аламыз. Ал ол үшін керегі – адамдарды тыңдау, олардың қажеттілігін түсіну және жұмысты табандылықпен атқару. Қателіктерден мәңгі қашып жүру мүмкін емес. Бірақ олар арқылы үлкен жаңалықтар ашуға болады. Әлемді өзгертетін адамдар мінсіздікті күтетіндер емес, сол сәтті тудыру үшін еңбек ететіндер.
Мейір НИЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!