Өртке қарсы қызмет барысында диспетчер маңызды рөл атқарары сөзсіз. Түскен хабарламаны таратушы болғандықтан адам өмірін құтқарудағы алғашқы қадамды жасайтын да осы сала қызметкері. Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының тәжірбиелі диспетчері Шолпан Махатова осы салада 7 жыл бойы үздіксіз еңбек етіп келе жатыр.
– Әр істің өз ерекшелігі мен қиындығы болары анық. Бала күнімде арнайы формамен киінген адамдар мені қызықтыратын. Өйткені олардан Отанға деген махаббат, жауапкершілік пен тұрақтылық сезілетін. Өртке қарсы қызметтегі диспетчердің жұмысы бір қарағанда бір сарынды, арнайы дағдыларды қажет етпейтіндей болып көрінеді. Негізінде үлкен жауапкершілікті талап ететін күрделі әрі ауыр қызмет. Адамдардың тағдыры мен өрттің нәтижесі біздің жеделдігіміз бен қырағылығымызға байланысты. Тәулік бойы қызмет етеміз. Көбіне өртке байланысты шақыртулар түседі, – деді ол.
Диспетчерлер өрт, авариялық-құтқару, дүлей зілзалалар туралы хабарламаларды қабылдауды жүзеге асырады. Олар шұғыл түрде жағдайды хабарлаумен қатар, қаладағы әр өрт сөндіру бөлімдерінің шығу ауданын мүлтіксіз біліп, аудандарға да бақылау жасай алуы қажет. Көмек керек болған кезде шақырту орнына бөлімдердің күштері мен құралдарын жібереді, содан кейін барлық жағдайды радиоалмасу жолымен бақылайды екен. Қоңырау шалушы адам сабыр сақтап, анық сөйлеуі тиіс. Ал оқиға болған орынды анықтау үшін диспетчер сұрақтар қояды. Мұндайда көмекке жүгінушінің нақты ақпаратты бере алмайтыны ең қиын мәселе көрінеді. Диспетчердің міндеті – өрт сөндіруші-құтқарушыларды төтенше жағдай орнына жедел жіберу.
2017 жылы өрт сөндіру қызметінде еңбек жолын бастаған Шолпанның отағасы да бұл қызметтен алыс емес. Әріптесі әрі жолдасы Алмат Икмат – №4 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы. Отбасында 3 бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты өрт сөндіру қызметкерлері болашақта балаларының таңдауы осы мамандыққа түссе, арманына балта шаппайтынын, жүрегінің қалауын орындауға қолдау білдіретінін айтады. Сонымен қатар Шолпан Бақытжанқызының қайын атасы да өрт сөндіру қызметіне еңбегі сіңген, талай жанның өмірін құтқарған құрметті зейнеткер екен. Ұрпақтар сабақтастығы болған бұл қызмет отбасындағы қарым-қатынасты одан сайын да нығайта түсері сөзсіз. Себебі бұл үйде де, қызметте де бір-бірін түсінуге ықпалын, тепе-теңдікті ұстап тұруға септігін тигізетін көрінеді.
Шолпан Махатова көп балалы отбасында тәрбиеленген. 1992 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Өзі де халық санын көбейтіп, нар тұлғалы азаматтарды тәрбиелеуді армандайды. Бала күнінен форма киюді армандаған кейіпкеріміздің арманы өрт сөндірушілер отбасына келін болып түскен соң орындалған. Байқаудан және тағылымдамадан өтіп, жұмысқа қабылданған Шолпан, бірінші ауысымын кеше болғандай әлі есіне алады. Ішінде бір үміт, бір күдік болған жас диспетчер уақыт өте келе бұл қызмет жан қалауы екенін, дәл осы жерде адамдарға пайдалы болатынын түсінген.
Жастайынан өнерге құмар Шолпан Бақытжанқызы шеберлік пен әдемілікті үйлестіре біледі. Бос уақытында гипстен бұйымдар жасап, түрлі сәнді қобдиша, құтыларды әзірлеп, жинақтайды. Сонымен қатар кейіпкеріміз 2018 жылдан бері Қызылорда облысы ТЖД «Сыр лебізі» ансамблінің солисі.
Өртке қарсы қызмет диспетчері болу – жұмысқа деген жауапкершілік пен адамдарға деген жанашырлық. Артық эмоцияға жол жоқ. Ең басты міндеті – адамдарға көмектесу. Ол – үлгілі келін, сүйікті жар, аяулы ана. Ерге тән жүкті арқалаған, жауапкершілігі мол саланың бетке ұстар диспетчеріне абырой тілейміз!
Марина САҒИДАТБЕК,
Облыстық «Төтенше жағдайлар
департаменті «өрт сөндіру және
авариялық-құтқару жұмыстары қызметі»
РММ, Қоғаммен байланыс тобының
баспасөз-хатшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!