Облыстық, қалалық ұйымдармен қатар аудандағы жастар орталықтарының да жұмысы мардымды. Мысалы, Арал ауданы тұрғындарының 32,2%-ын жастар құрайды. Ал олардың әлеуетін дамытуға, қоғамдық өмірге белсене араласуына және әлеуметтік мәселелерін шешуге Арал аудандық жастар орталығы аянбай жұмыс істеуде. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы толығырақ білу үшін Арал аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Берік Сұлтаниязовпен әңгімелестік.

– Берік Бахытұлы, алдымен орталықтың негізгі бағыттарына тоқталсақ. Қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Арал аудандық Жастар ресурстық орталығы – жастар саясатын жүзеге асыратын, жастардың әлеуметтік, құқықтық және мәдени дамуына ықпал ететін маңызды ұйым. Біздің басты міндетіміз – жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың қоғамға бейімделуіне, кәсіпкерлік пен жұмыспен қамту саласында дамуына жағдай жасау. Бүгінде орталық құрылымында 22 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде ұйымдастырушылық, ақпараттық, құқықтық бағыттар бойынша мамандар, жастармен тікелей жұмыс істейтін үйлестірушілер бар. Аудан орталығынан бөлек Сексеуіл кентінде 2 маман, ал ауылдық округтерде жастар саясатын жүзеге асыруға жауапты қызметкерлер жұмыс істейді. Біздің негізгі қызметтеріміздің қатарында жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, құқықтық көмек көрсету, еріктілік қозғалысын дамыту, психологиялық және әлеуметтік қолдау, мәдени және спорттық іс-шараларды ұйымдастыру, мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпарат беру қарастырылған.

Жұмысы жүйелі жастар орталығы

Мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттандыру – біздің маңызды міндеттеріміздің бірі. Бүгінде жастар «Жастар тәжірибесі», «Бастау Бизнес», «Жасыл ел», «ZHAS PROJECT», «Отбасылық цифрлық картасы» сияқты жобалар арқылы қолдау табуда. Жастардың мүмкіндіктері мол, тек дұрыс бағдар беру қажет. Біз әрбір жасқа «Сенде мүмкіндік бар, өз болашағыңды қалауыңа қарай қалыптастыра аласың» деген ойды жеткізуге тырысамыз.

– Аудандағы жастардың жалпы ахуалы қандай?

– Ауданымыздағы 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың саны – 25 473. Бұл жалпы халықтың 32,2%-ын құрайды. Оның ішінде 9 726 жас қалада, 15 747 жас ауылдық жерде тұрады. Жүргізілген әлеуметтік зерттеулер бойынша, жастардың мемлекеттік саясатқа қанағаттану деңгейі 94%. Бұл – біз үшін үлкен көрсеткіш. Жастардың білім алуына келсек, ауданда 712 студент орта арнаулы оқу орындарында оқиды, ал 14-18 жас аралығындағы мектеп оқушыларының саны – 7 197. Жалпы, аудан жастарының жағдайы тұрақты.

Жұмысы жүйелі жастар орталығы

Жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында бірнеше жобалар іске асырылуда. Бүгінгі таңда ауданда 5 318 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның ішінде 1 927-сі жастардың үлесінде. Ал белсенді жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің саны 2 001 жасқа жетті. Мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау тауып жатқан жобалар да бар. Мәселен, «ZHAS PROJECT» әлеуметтік жобасына қатысуға Қызылорда облысы бойынша 331 өтініш түссе, оның ішінде Арал ауданынан 2 жас кәсіпкер жеңімпаз атанып, грант иеленді.

– Қазір жұмыссыздық басты мәселе. Аудандағы жастарды жұмыспен қамту бағытында қандай өзгерістер бар?

– Бұл – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша аудандық жұмыспен қамту орталығына 385 жас жұмыссыз ретінде тіркелген. Оларды жұмыспен қамту мақсатында жастар тәжірибесіне 321 жас, қоғамдық жұмысқа 189, ал тұрақты жұмыспен 547 жас қамтылды. «Жасыл ел» еңбек жасағында 130 сарбаз маусымдық жұмыс атқарды. Сонымен қатар, «Жастар керуені» жобасы арқылы NEET санатындағы жастарға мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіпкерлік мүмкіндіктерін түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жұмысы жүйелі жастар орталығы

Сондай-ақ, құқық бұзушылық мәселесі де біздің назарымызда. Аудандық білім бөлімі, ішкі істер бөлімі және колледж қызметкерлерімен бірлесіп, «Түнгі қаладағы балалар» атты рейдтік шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Мұндай шаралардың мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруіне жол бермеу.

– Бүгінде жастар үшін бос уақытын тиімді өткізу қаншалықты маңызды? Орталық бұл бағытта қандай мүмкіндіктер ұсынады?

– Біз жастардың жан-жақты дамуына бағытталған шараларды жүйелі түрде ұйымдастырамыз. Жыл көлемінде 317 шара өткізіп, 7 543 жасты қамтыды. Олардың ішінде «Жас маман», «Дін және жастар», «Еріктілер мектебі», «Мен спортты таңдаймын», «Jas kasipker» жобасы бойынша кездесулер дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Сонымен қатар, жастар арасында әскери-патриоттық тәрбие беруге ерекше көңіл бөлініп келеді. «Айбын» әскери-спорттық сайысы, «TartylFest» спорттық шарасы, «Теңізде туған Тарлан» мобилографтар сайысы сияқты ерекше іс-шаралар ұйымдастырылды.

Жұмысы жүйелі жастар орталығы

– Еріктілерге арналған жобаға тоқталдыңыз. Аудандағы еріктілердің тыныс-тіршілігі қандай?

– Иә, еріктілік маңызды жұмыс. Жыл басынан бері 38 қайырымдылық шарасы өтті. Сонымен қатар, «Taza Qazaqstan» республикалық экологиялық акциясы аясында ауданымызда 1 500 түп ағаш отырғызылды. Сонымен қатар, «Мөлдір бұлақ» экологиялық апталығы барысында көлдер жүйесі мен су айдындарының айналасы тазартылды. Біздің «Жас Толқын» еріктілер тобы 2017 жылдан бері белсенді жұмыс істеп келеді. Олар ардагерлерге, мұқтаж жандарға көмек көрсету, экологиялық акцияларға қатысу сияқты бағыттарда қызмет атқарады.

Жұмысы жүйелі жастар орталығы

– Алдағы жоспармен бөліссеңіз.

– Алдағы уақытта NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру, кәсіпкерлікке бағыттау, волонтерлік қозғалысты кеңейту бойынша жаңа жобалар қолға алынады. Сонымен қатар, жастардың денсаулығына, психологиялық қолдауына ерекше мән беретін боламыз. Біз жастардың өз жолын тауып, қоғамның белсенді мүшесі болуына барынша жағдай жасауды жалғастыра береміз.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан Ә.ЖАНӘБІЛҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!