Қазіргі заман – ақпарат пен идеяның ғасыры. Адам санасына әсер етудің негізгі құралдарының бірі – сөз. Сөз арқылы елді оята аласың, тарихты тірілтіп, шындықты жарқыратып көрсетуге болады. Бірақ сол сөздің қолдану орны мен әдісі әр салада әртүрлі. Соның ішінде шатастыратын екі бағыт бар – журналистика мен көркем әдебиет. Бұл екеуін бір сала деп қабылдау – тек сөздің сыртқы түріне қарап, ішкі мағынасын түсінбеудің айқын белгісі. Шын мәнінде, олардың айырмашылығы – мақсатынан бастап, әдіс-тәсіліне дейін түбегейлі бөлек, яғни сала қалай бөлінсе сөздік қоры да солай бөлінеді. Журналистика – уақыттың, әдебиет – адамзаттың үні. Ал екеуін шатастыру – терең мәнді түсінбеу.
Журналистиканың негізгі миссиясы – нақты деректер мен оқиғаларға сүйеніп, қоғамға шындықты шынайы әрі объективті түрде жеткізу. Журналист – оқиға орнындағы куәгер, ол халыққа ақпарат тасымалдайтын дәнекер. Оның міндеті – ештеңені жасырып-жаппай, бұрмаламай жеткізу.
Керісінше, көркем әдебиет авторының мақсаты – шындықты терең философиялық оймен, көркем тілмен, кейіпкер бейнесі арқылы жеткізу. Әдебиет жазушының өмірге, қоғамға, адамдарға деген субъективті көзқарасынан туады. Онда дерек емес, идея, мазмұн мен эмоция алдыңғы орынға шығады. Әдебиет шындықты тікелей айтпайды, ол шындықты жай-жапсарын жасырып, тұспалдап айтады.
Журналистиканың табиғаты – уақытқа тәуелді. Жаңалық бір күнде өзекті, келесі күні ескіріп кетеді. Мысалы, газет бетіндегі жаңалықтар немесе телехабарлар белгілі бір сәттің оқиғасын баяндайды. Олар – күнделікті өмірдің айнасы.
Ал көркем әдебиет уақытпен шектелмейді. Ол – мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді. Абайдың «Қара сөздері», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» немесе Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романы – нақты бір кезең туралы жазылғанымен, ондағы адам табиғаты, ар мен ұят, махаббат пен өшпенділік сияқты тақырыптар әр дәуірге ортақ. Демек, әдебиет – уақыттан биік тұратын рухани кеңістік.
Тілдік стиль мен формаға келетін болсақ журналистикада тіл қысқа, нақты, түсінікті болуы шарт. Журналист көп жағдайда «кім? не болды? қайда? қашан? не үшін?» деген сұрақтарға нақты жауап беруге міндетті. Оның тілі – ресми, эмоциясыз, бейтарап. Ал көркем әдебиет – тіл өнерінің ең жоғарғы шыңы. Жазушы шындықты әсерлі жеткізу үшін көркемдік тәсілдер қолданады: эпитет, метафора, салыстыру, символика, ішкі монолог, диалогтар. Әдебиетте бір ғана ойды жеткізу үшін бірнеше образ, кең деталь, ішкі иірімдер беріледі. Бұл – оқырманды терең ойға жетелейтін көркем процесс болатыны айдан анық.
Кейіпкер мен автор қатынасын мысалға алатын болсақ журналист көбіне оқиғаға сырттай қарап, бейтарап баяндаушы ретінде сөйлейді. Ол дерекке, фактіге сүйенеді, эмоциядан бас тартады. Мысалы, журналист табиғи апат туралы хабар берсе, ол жерде сезімнен гөрі, нақты статистика мен оқиға барысы маңызды болады. Ал жазушы өз кейіпкерлері арқылы жан-дүниесін ашып, оқырманмен ішкі байланыс орнатады. Әдеби кейіпкер – автордың көркем ойының бір бөлшегі. Жазушы кейіпкерді сөйлетіп, өзі үндемей тұрып-ақ, терең философиялық ой тастай алады. Яғни, журналистік мәтінде кейіпкер – дерек иесі, ал әдебиетте кейіпкер – идея иесі болып табылады.
Әлеуметтік рөлі мен тарихи жауапкершілікте журналистиканың рөлі – қоғамда шұғыл мәселе көтеру, бұқараның үнін билікке жеткізу, әділетсіздікке назар аударту. Ол – бүгінгі күннің дабылы. Мысалы, жемқорлық, әлеуметтік теңсіздік, заң бұзушылық секілді мәселелерді жарыққа шығарып, шешім іздеуге түрткі болады. Әдебиет болса, сол қоғамдағы құбылыстардың ішкі себептерін зерттейді. Ол адамның ішкі жан дүниесін аша отырып, терең философиялық, этикалық сұрақтар тудырады. Журналист «не болды?» десе, жазушы «неге болды?» деп сұрайды. Сондықтан әдебиеттің тарихи жауапкершілігі тереңірек – ол қоғамның рухани айнасы ретінде қызмет етеді.
Қорытындылай келсек, журналистика мен көркем әдебиет – екеуі де сөзге негізделген сала болғанымен, олардың жолы – екі түрлі. Бірі шындықты сол күйінде жеткізсе, екіншісі оны тереңдетіп, бейнелеп, философиялық қырынан көрсетеді. Бірі ақпарат береді, бірі рухани әсер қалдырады. Екеуін бір салаға жатқызу – қарапайым ұқсастыққа алданып, олардың терең табиғатын түсінбеуден туған жаңсақ пікір. Сондықтан бұл екі саланың әрқайсысының өзіндік биігі, қоғамдағы орны мен маңызы бар екенін ұмытпауымыз керек. Әрқайсысы өз биігінде өз саласында өз бағытында бағалануға тиіс. «Шындық – журналистің қаруы, ал сезім – жазушының қазынасы.»
Нұрислам БАХТИЯР,
№39 «Қызылөзек» орта мектебінің
11 сынып оқушысы,
Жетекші: Айдана ҚУАНЫШОВА,
№39 «Қызылөзек» орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!