«Жүздеген мың қол әскерге қара­ғанда төрт газеттің жауға ойсырата соққы беру мүмкіндігі жоғары» дей­ді әйгілі Наполеон Бонопарт. Бүгінгі таңда Қазақстанда екі жарым мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс істейтінін ескерсек, әрқайсысы өзін­ше бөлек күшке ие қоғамның ба­ро­метрі. Алтыдағы баладан ал­пыстағы қартқа дейін «ақпаратты  тұтынушы», таратушы, жалпы қолданушы ретінде тікелей әсер етуші болсақ та, кәсіби маман – журналистке артылар жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Журналист бұқараның алдында беделді. Ал бұл салаға биліктің көзқарасы қандай? Журналистерге жағдай жасалып жүр ме? Заңды тұрғыда реформа қашан жасалмақ?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда жариялаған Жолдауында тілшілердің көңіліндегі түйткілді шешу үшін журналистика саласына реформа жасау, аталған сала өкілдерінің мәртебесі туралы сөз қозғады.«Бұл – өте өзекті мәселе. Мәселені жақсылап тұрып қарауымыз керек. Егер қажет болса, мен Үкіметке тиісті тапсырма беремін. Келешекте журналистердің мәртебесі туралы заңды қабылдаймыз. Не болмаса, мен өзім президент ретінде шешім шығарамын», − деді мемлекет басшысы. Жолдауда бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіздігі мен журналистер жауапкершілігін жоғары бағалайтын реформа жасау – БАҚ туралы заңға өзгеріс енгізу жөнінде бастама көтерілуін әріптестер қуана қабылдағаны анық. Осы орайда жаңа заңнама, өзгерістер жайлы кәсіби мамандардың өзімен пікір алмасқан едік.

Айта кету керек, осыған дейін де бұл мәселе ұсынылып, айтылып жүр. «Жалғыздың үні шықпас» дегендей әр жиында төбе көрсеткен жалғыздардың жанайқайы естілмеген сынды. Мәселен, өткен жылы ҚР Парламент Сенатының отырысында депутат, журналист Нұртөре Жүсіп журналист мәртебесі туралы арнайы заң қабылдауды ұсынып, Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдаған еді. «Еліміздегі БАҚ туралы заңда және Еңбек кодексінде журналистердің мәртебесі мен кепілдіктері туралы ешқандай бап жоқ. Анығырақ айтсақ, БАҚ туралы заңның 20-бабындағы 10 құқығы мен 21-бабындағы 5 міндеті ғана жазылған. Еңбек кодексінде мәртебе жөнінде бір ауыз сөз, тіпті, журналистердің еңбек ету құқығы деген бөлім де жоқ.

 Отандық масс-медиа Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырым­дамасының пәрменді құралы болуы тиіс. Журналистерге сот, прокуратура, ішкі істер, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе беретін кез келді. Ақпарат саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоспарын жаңадан жасау қажет. БАҚ-тың ықпалынсыз қоғамды де­мократияландыру мүмкін емес. Сондықтан журналистерді арнайы әлеуметтік мәртебе арқылы қолдауды ұсынамыз. Ол үшін Журналист мәртебесі туралы арнайы заң қабылдау қажет деп ойлаймын», – деді депутат.

Жазушы, журналист Марат Тоқашбаев журналистердің қазіргі таңдағы мәртебесі жайында өзінің фейсбуктағы парақшасында жазба қалдырыпты.

– Кез келген елдегі демократияның деңгейін ондағы бұқаралық ақпарат құралдарына деген мемлекеттің көзқарасынан, ұстанымынан байқауға болады. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында журналист сөзі кәдімгідей бағаланатын. Небір тасырлардың өзі аяғын тартып басатын. 1995 жылдары мемлекеттік қызметкер деген ұғым шықты. Мемлекеттің сойылын соғып тұрса да оған журналист қауымы жолатылған жоқ. Тіпті, мемлекеттік басылымдардың журналистері де бұл тізбеден тысқары ысырылды. Сөйтіп БАҚ өкілдері біртіндеп «төртінші билік» болмақ түгілі алдыңғы үш биліктің босағасынан сығалай алмай қалды. Бұған әлбетте еліміздегі биліктің авторитарлық формасы ықпал еткені анық.

Бүгінгі билік транформациясы жүріп жатқан тұста жаңадан президент болып сайланған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сайлауалды тұғырнамасында мойныма «Қоғамның демократиялануы үшін жауапкершілік аламын» деп мәлімдеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалынсыз қоғамды демо­к­ратияландыру мүмкін емес. Сондықтан Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін арнайы әлеуметтік мәртебе (статус) арқылы қолдауды әрі қорғауды ұсынамын.Көрші Ресейдің өзінде Ресей Журналистер Одағының бастамасымен журналистерге мобильдік байланыс, көлік, қонақ үй, несие алуда жеңілдіктер жасау туралы мәселелер көтеріліп жатыр. Осындай жағдайларды ескере отырып, Қазақстанда аудандық, облыстық, республикалық БАҚ-та жұмыс істейтін журналистерге ең болмаса, сол деңгейде белгілі бір жеңілдіктер қарастырылса, оңды қадам болар еді, – дейді ол жазбасында.

Иә, «мылқаудың тілін анасы ғана түсінсе», тлішінің мұңын тілшіден артық ешкім түсінбейді. Қаламына, жазуға серт еткен жанға ешқандай атақ та, марапат та қажет болмайтыны анық. Алайда елдің алғысын алып, ақты ақ, қараны қара деп жүрген, айтары бар азаматтар мен азаматшаларға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілмейтіні ойланарлық дүние. Сан көбейсе, сапа да артады деген түсінік те қате. Дегенмен сан мен сапа сай келсе, материалдық, әлеуметтік тұрғыдан «орны» бекітілген журналист сенделіп бірнеше жұмыс істеуге мәжбүр болмайды, бар жанымен ақ парақ пен қаламына адал болады.

Ал отандық медиа саласын дамыту үшін қандай өзгеріс қажет деген сұраққа республикалық «Дат» басылымының бас редакторы Ермұрат Бапи: «Оқырман, тыңдарман және көрермен үшін күрес. Басты критерий – осы. Барлық медиа үшін тең жағдай қалыптасқан кезде БАҚ-тың бағы ашылады: сұранысқа ие болғаны жан бағып кетеді, тұтынушының талабына сай келмегені жабылып тынады», –дейді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!