Жыл басынан бері облыс аумағындағы су айдындарында 8 адам суға кеткен. Оның ішінде кәмелет жасына толмаған 4 бала қаза тапқан. Дегенмен, былтырғы жылмен салыстырғанда суға кету оқиғалары 33 пайызға төмендеген. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қауіпті аймақтарда суға шомылуға болмайтынын ескертеді.
Облыста суға шомылуға рұқсат етілген 2 жеке жағажай жұмыс істейді. Оның бірі – қаладағы «Сыр самалы» демалыс орны, екіншісі – Белкөл кентінде орналасқан «Абай» демалыс орны. Қазіргі таңда 4 коммуналдық жағажайдың қаулысы әзірленуде. Жалпы су айдындарында суға шомылуға қауіпті деп танылған 64 учаске белгіленген. Мұнда 270 ескерту тақтайшасы орнатылған. Облыс тұрғындарынан суға шомылу маусымы кезінде барынша қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамын, – деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Саид Молдақараев.
Суға шомылу маусымында жасөспірімдерге арналған 8 лагерь жұмыс істейді. Онда алты мыңға жуық бала жүзуге үйретілмек.
Білім беру ұйымдарында төтенше жағдайлардың алдын алу және түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, №264 мектеп-лицейіндегі бассейн іске қосылып, суға жүзу тәсілдері үйретіледі. Қазіргі таңда білім беру ұйымдары мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері күнделікті рейд жүргізуде. Білім алушылар рұқсат етілмеген аумақтарда жүргені анықталса тиісті шаралар қолданылатын болады, – деді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Берік Мәмбетов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!