Өнер орталығында 2025 жылды қорытындылауға және жаңа 2026 жылды қарсы алуға арналған мерекелік іс-шара өтті. Ескі мен жаңа жылдың тоғысындағы тағылымды басқосуда өңірдің дамуындағы маңызды нәтижелер сараланып, жыл бойы атқарылған ауқымды жұмыстар мен жарқын жетістіктерге шолу жасалды. Береке мен бірлікке, еңбек пен табысқа толы жылды түйіндеген бұл салтанатты жиын Сыр өңірінің алдағы белестеріне деген сенімді арттырды.

Мерекеліс іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, облыстық, қалалық және аудандық мәслихат төрағалары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Аймақ басшысы осы жылы өңірде жүзеге асқан жобаларға, қолға алынған бастамаларға, жарқын жетістіктерге тоқталды. Өз сөзінде Нұрлыбек Машбекұлы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы орында екенімізді жеткізді.

− 2025 еліміз, өңіріміз үшін тарихи-саяси маңызды оқиғаларға толы, табысты жыл болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келгенде әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындарында болып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған істерімізге оң бағасын берді. Астана мен Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы жұмыс жасайтын үшінші Президенттік кітапхананың Қызылордада салынатынын айтты. Бұл бастаманы барша Сыр жұртшылығы зор қуанышпен қабылдады.

Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен аймағымызда жаңа жобалар сәтті жүзеге асуда. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы орындамыз.

Бірер күннен соң жақсылықпен, жақсы үмітпен халқымыздың жеті қазынасының бірі саналатын жылқы жылын қарсы аламыз. Жаңа жылда игі істеріміз жалғасын тауып, кең байтақ елімізге молшылығы мен тоқшылығын, қасиетті жерімізге бақ-берекесін алып келсін! Жаңа 2026 аймағымызды толайым табыстардың төріне шығаратын жыл болғай! – деді обыс әкімі.

Жыл қорытындысы: жеңіс, еңбек, нәтиже

Артта қалған жыл Сыр өңірі үшін маңдай тер мен табыстың, қажырлы еңбек пен нақты нәтижелердің жылы болды. «Жұмысшы мамандықтар жылы» шеңберінде әр салада ерен еңбек еткен азаматтардың еңбегі ескеріліп, олардың бірқатары жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды. Сонымен қатар «Парасат», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» медалі, Премьер-министрдің Алғыс хаты, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды.

Осы жыл білім саласы мамандары үшін де жеңісті, жемісті жыл болды. Елде 2012 жылдан бері «Үздік педагог» республикалық байқауы дәстүрлі түрде өтіп келеді. Осы уақыт ішінде Қызылорда облысынан 41 мұғалім жеңімпаз атанды. 2025 жылы облыстан 4 педагог республикалық, 6 ұстаз облыстық кезеңде үздік деп танылды. Қорытынды іс-шарада оқушылары олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларында жоғары нәтиже көрсеткен шығармашыл мұғалімдерге облыс әкімінің қолдауымен бір реттік сыйақы беріліп, «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Сонымен қатар жыл бойы өз саласында жоғары нәтижеге қол жеткізген әр саланың үздіктеріне арнайы номинациялар табысталды.

Мерекелік іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгерім Алтынбек Ш.Гуноның «Ромео мен Джульетта» операсынан Джульеттаның вальсін, «Бақыт вальсін», И.Штраустың «Вена орманының ертегілері» шығармасын орындады.

А.ЖОЛТЕРЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!