Фото: Видео кадры
Ақтөбедегі жеке балабақшалардың бірінен дау шықты. Ата-аналар балаларының үйге үсті-басы көгеріп, түрлі жарақатпен келетінін айтады. Тәрбие орнының әкімшілігі мұндай жағдай жасалмаған дейді. Бұған қатысты қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Бұл – 17 қарашада түсірілген бейнежазба. Ата-аналардың бірі балабақшаға баса көктеп кіріп, осындай адам шошырлық көріністің куәсі болған. Балалар әр жерде еденде, мұздай кафельде ұйықтап жатыр. Сырт киімдері жан-жақта шашылған. Ас ішетін бөлмеде антисанитария. Ата-аналардың айтуынша, бұл аздай, бүлдіршіндер үйге түрлі жарақатпен қайтатын болған.
«Өз баламды нұқығаны былай итергені бар. Қызым кереуетте жатқанда «жат» дегендей сол қолынан сілкілегені бар. Сол қолы шығып кетсе кім жауап береді», – дейді ата-ана Гүлжайна Жолмағамбетова.
Бұл оқиға «Балапан» тобында болған. Онда 2-3 жасар 21 бала бар. Өткен аптада бірнеше баланың беті, денесі көгеріп келген. Ата-аналар содан кейін ғана күмәндана бастаған.
Арайлым ӘБДІҒАППАРОВА, АТА-АНА:
«Балабақшаға үш күн барды. Төртінші күні басы көгеріп келді. Маған басын соғып алды деп түсіндірді. Енді арқасында екі домалақ жара пайда болды. Бірақ маған камераны көрсеткен жоқ. Мен садиктің жабылғанын қалаймын. Лицензиясын алсын. Апайлар жауапқа тартылсын. Ұйықтар алдында киім ауыстырғанда арқасының көгергенін байқадым. Әрине ұрып-соқты. Бұл құлаған не жарақат алғандай емес», – дейді ата-ана Әсел Қайдолла.
Бала бақшада бейнебақылау камерасы бар. Бірақ ата-аналар жылаған баланы камера жоқ асханаға бес-алты сағатқа қамап қояды дейді. Жалпы мекеме жетпіс орынға лайықталған. Мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істейді.
«Бізді бәрі заң бойынша тексеріп кетті. Департаменттен полковниктер, полиция келіп, тексеріп кетті. Суретке түсіріп алып кетті. Шешім қорытындысы сол кісілерден аласыздар. Көгеру қайдан пайда болды? Оларды сот арқылы айтамыз.
Ата-аналар қалалық білім бөліміне, полицияға, прокуратураға арызданған. Бұл дерек бойынша полиция іс қозғады», – дейді «Амир» балабақшасының меңгерушісі Жұлдыз Әбілханова.
Бұл жағдайға қатысты полиция басқармасы өкілдері де пікір білдірді.
«Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 140 –бабы 1-бөлігі бойынша «Кәмелекетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша соталды тексеру басталды. Қылмыстық істі тергеу шеңберінде ата-аналардың барлық дәлелі ескерілетін болады», – деді қалалық полиция басқармасы №2 ПБ басшысының орынбасары Бауыржан Жұмашев.
Арнайы комиссия да құрылды. Балабақшада тексеру жүріп жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!