Қазақ даласында болған ашаршылық – ХХ ғасырдағы ең қасіретті тарихи оқиғалардың бірі. Бұл нәубет әсіресе Торғай өңірін қатты шарпып өтті. Торғай – Алаш арыстарының кіндік қаны тамған, рухы биік өңір. Алайда ХХ ғасырдың 30-жылдары бұл жер аштық пен қырғынның орталығына айналды.
1928 жылдан бастап Кеңестік билік қазақ даласында жаппай тәркілеу саясатын жүргізді. Торғай өңіріндегі ауқатты байлардың малы мен дүние-мүлкі мемлекет пайдасына тартып алынды. Бұған қоса, көшпелі өмір салтын ұстанған қазақтарды зорлықпен отырықшылыққа көшіру, ұжымдастыру науқаны мал шаруашылығын күйретіп, халықты азық-түліксіз қалдырды.
Америкалық тарихшы Сара Камерон өзінің «Аштық жайлаған дала» атты еңбегінде Торғай өңірі туралы былай деп жазады:
«Бұл өңірде 1931–1932 жылдары халықтың жартысынан көбі аштықтан көз жұмды немесе босып кетті. Малынан, жерінен, тіршілігінен айырылған халық енді бір-біріне ғана үміт арта алды».
Торғайдың ауылдарында азық жетіспеген кездері адамдар бір нанды бөлісіп жеп, жалғыз қалған көрші қарияға қамқор болып, жолаушыны жатсынбай үйіне кіргізіп, бір уыс тарысын ортаға салған оқиғалар аз болмаған.
1932 жылы Қараторғай ауылында аштықтан бүкіл отбасы қырыла жаздаған бір азаматты көршісі өз басын қатерге тігіп болса да аман алып қалған. Бұл оқиға «Торғай шежіресінде» жазылып қалған:
«Бір үзім нанды бөлісудің өзі сол кезде ерлікке тең еді. Адамдар бір-бірін құтқарып, досқа адал болу арқылы тірі қалды».
Ашаршылықтан қашқан халық Қостанай, Ақмола, Башқұртстан, Ташкентке дейін босып кетті. Көптеген адам жолда аштан өлді, бір-бірінен көз жазып қалды. Торғайдан кеткен көптеген бала жетім қалып, басқа елдерге асырап алынған. Туыстықтың осындай кезде үзілгені жүректі ауыртады. Бірақ кейбір деректерде он жыл өткен соң жақындардың табысқан оқиғалары да бар.
1932 жылы Торғайда жергілікті жастар бір-біріне көмектесіп, «науқан» бастаған. Азық тауып, ауруды емдеп, босқындарды бағыттап отыру сияқты жұмыстар атқарған. Бұл – бейресми, халық арасынан шыққан алғашқы «еріктілер қозғалысы» десек болады. Олар күнделік те жүргізіп отырған. Солардың бірі – 17 жастағы Бекмұраттың күнделігі. Ол жағдайды былай баяндапты:
«Досымды аман сақтау үшін өз пайдамнан бас тарттым. Қазір достық – наннан да қымбат».
Торғай даласында болған 1930–1932 жылдардағы ашаршылық – тек бір өңірдің ғана емес, тұтас ұлттың жадында сақталар тарихи қасірет. Халықтың қайғысы ұмытылмауы керек. Торғайдың торығы – елдің есінде, ұрпақтың жүрегінде.
Айсара МЕЙРАМБЕКОВА,
11-сынып оқушысы
Зайсан қаласы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!