Бір қарағанда зиянды әдеттер елеусіз көрінуі мүмкін. «Бір рет қана», «бәрі істеп жүр ғой» деген сөздермен басталған әрекет уақыт өте келе адамның өмірін үнсіз өзгертеді. Темекі түтінімен бірге өкпе ғана емес, арман да уланады. Алкогольмен бірге уақыт, денсаулық, мақсат, сенім жоғалады. Ал есірткі адамның болашағын мүлде бұлыңғыр етіп, өмірге деген үмітін,көзқарасын өшіреді.

Зиянды әдеттің ең қауіпті жағы – оның баяу әсер етуінде. Ол бірден құлатпайды, алдымен әлсіретеді. Ерік-жігерді жояды, мақсатты көмескілейді, адамды өзіне тәуелді етеді. Бүгін сен оны таңдайсың, ал ертең ол сені таңдайды. Сол кезде тоқтауға әрекет жасау өте қиын болады.

Әр адам өмірге бір-ақ рет келеді. Бұл өмір – өзіңді дамытуға, жақындарыңды қуантуға, армандарыңды жүзеге асыруға берілген үлкен мүмкіндік. Зиянды әдеттер сол мүмкіндікті ұрлайды. Сондықтан зиянды әдетке «ЖОҚ!» деп айту әлсіздік емес, шынайы күштің, саналы таңдаудың және жауапкершіліктің белгісі. Бүгінгі таңдауың – ертеңгі тағдырың. Бұл шындық әр адамға ойлануға, дұрыс жол таңдауға және болашағын қорғауға нақты мүмкіндік береді.

Айлин Жасарал,
С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектебі
10 б сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!