Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы халыққа арнаған Жолдауының басым бөлігі дағдарыстан кейінгі экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналды.

Бұл  Жолдауды халық өзгеше ықыласпен күтті. Індетпен күресіп  әбден шаршаған халық, Президенттен жақсы жаңалық, жақсы хабар күтті. Күткендей-ақ, бұл Жолдау сенімсіздік пен күдік пайда болған халыққа күш-жігер бергенмен тең болды.

Президент пандемия барлық мемлекеттер үшін сынақ кезеңіне айналғанын баса айтты. «Олар індетпен күрес жолында көп қиындықты бастан өткізіп жатыр. Бір жерде ахуал тұрақтанса, екіншісінде вирустың жаңа ошақтары пайда болуда. Үкімет жіберілген қателіктерден сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя білді. Ең бастысы азаматтардан еш нәрсені жасырмай, індеттен қайтыс болғандар туралы ақпараттың барлығын ашық жариялады», – деді Президент.

Сонымен қатар, Жолдауда әлеуметтік, экономикалық, идеологиялық, мәдени, рухани мәселелердің барлығы қамтылған.

Жолдау барысында Президент елдегі жемқорлықпен күрес мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілдерін енгізу қажет.

«Көлеңкелі экономика» сыбайлас жемқорлыққа жол ашып отырғаны жасырын емес. Сондықтан, Қаржы министрлігіне қа­расты Экономикалық тергеу қызметіне «көлеңкелі экономикамен» күресуді тапсырды.

Қаржыны оңды-солды шаша бермей,  үнемді әрі жауапты жаңа бюджет саясатын әзірлеп, тек басым ба­ғыт­тар мен жобаларға ғана қаржы бөлуді де тапсырды.

Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алуда. Жемқорлықтың туындау себептеріне назар ау­дарылып, болдырмау шаралары жүргі­зілуде. Осы ретте, жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізу қажеттігін айтты.

Жолдауда сот саласын дамыту мәселелері баяндала келе, «Сот жүйесі салық салу, жер қойнауын пайдалану, зияткерлік меншік, корпоративтік құқық саласының мамандарына зәру болып отыр», – деп аталып өтілді.

Жалпы, «Зияткерлік меншік» термині Қазақстан Республикасының заңына 90-жылдардың басында кірді. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бастап, дүниежүзілік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болды, сол арқылы халықаралық қатынастарда өзіне сәйкес құқықтар мен міндеттерді қабылдап отыр.  Қазіргі уақытта зияткерлік меншіктің рөлі мен маңызы қарқынды өсуде.

Азаматтардың зияткерлік меншік обьектісі Конституция бойынша сақталады, заң жүзінде қорғалады. Біздің елімізде Қазақстан азаматтарымен қатар шетел азаматтарының да зияткерлік меншік құқығы заң алдында тең қорғалады.

Азаматтардың зияткерлік меншігін қорғау арқылы мемлекет олардың шығармашылық өрісінің дамуын, сол арқылы ел экономикасының дамуына қолайлы жағдай жасайды. Зияткерлік меншіктің қорғанысы әлемде елдің ахуалын анықтайтын маңызды факторларының бірі болып есептеледі. Әрбір кәсіпкер, өз жұмысында зияткерлік меншік обьектілерін қолданып, табыс табу мақсатында лицензиясыз өнімдерді пайдалану немесе меншік иесінің рұқсатынсыз жұмыс жасау заң алдында жауапкершілікке тартылатындығын білуі қажет.

Заман ілгерілеген сайын, қоғамда түрлі жағдайлар орын алуда. Контрафактілік әрекеттер біріншіден, ел экономикасының дамуына кедергі жасаса, екіншіден дүниежүзілік аренада ел атауына өз зиянын тигізуде. Әсіресе, тауар белгілері арқылы халықты алдау кеңінен таралған. Осы ретте, Әділет органдары бөтеннің тауар белгісін рұқсатсыз пайдалану жауапкершікке әкеліп соғатынын ұдайы насихаттап келеді. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтындығын әрбір кәсіпкер білуі қажет.

Қызылорда облысы Әділет департаментінің бөлім басшысы ШАХАР БЕГЕЖАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!