«Жаратқан, жер мен көктің иесі – өзіңсің. Зілзала, сел, от пен су апатынан сақтай гөр!» деп қайталап отыратын үлкендердің дұға-тілегінің мәнісін түсінгендейміз. Тамырлас Түрік елінде болған кешегі зілзала қабырғамызды қайыстырып кетті. Ресми статистиканы ақтарудың өзі қорқынышты…
Мыңдаған адам мерт болды
Түркияның жер сілкінісі ошағы екені белгілі. Алайда ақпанның 6-сы күнгі дүмпу осы ғасырда Түркияда болғанаса ірі зілзала саналады. Бұған дейін Түркия Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу 10 қаланың зардап шеккенін айтты, олардың қатарында Газиантеп, Кахраманмарас, Хатай, Османие, Адияман, Малатия, Шанлыурфа, Адана, Диярбақыр және Килис шаһарлары бар. Апат пен төтенше жағдайларды басқару басқармасының (AFAD) хабарлауынша, Түркияның Сириямен шекаралас Кахраманмараш провинциясы жергілікті уақыт бойынша таңғы төрттер шамасында 7,8 балдық жер сілкінісінің ошағына айналды. Көп ұзамай Газиантепте магнитудасы 6,6 болатын тағы бір жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпулері жарты сағат ішінде әртүрлі аймақтарда, соның ішінде Түркияның астанасы Анкарада, Адана, Невшехир, Газиантеп, Кайсери, Мерсин, Хатай өңірлерінде сезілді. Al Arabiya телеарнасының хабарлауынша, жер сілкінісін Ирак пен Ливанның кейбір аймақтарының тұрғындары да сезген. Сонымен қатар Израильде де жер асты дүмпулері байқалған.Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған оны «1939 жылдан кейін қайталанған аса ірі табиғи апат» деп атады. 12000 құрылыс нысаны жермен жексен болды. Өкінішке қарай Біріккен Ұлттар ұйымының Еуропадағы төтенше жағдай жөніндегі елшісі қаза тапқандар саны 20 мыңға дейін жетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Қазір дерек бойынша көз жұмған тұрғындар саны 10000-ға жуық, 30-мыңнан аса адам ауыр жарақаттанған.
Сейсмологтардың
болжамы синоптиктердің болжамымен ұқсас
Себебі екеуі де ықтималдықты алдыңғы орынға қояды. Алайда бұған дейін нидерландық сейсмолог Фрэнк Хогербитс апаттан үш күн бұрын Түркияда жойқын жер сілкінісі болатынын жазған.«Ерте ме, кеш пе, бұл аймақта (оңтүстік-орталық Түркия, Иордания, Сирия, Ливан) шамамен 7,5 балдық жер сілкінісі болады» деген зерттеуші 3 ақпанда Twitter парақшасында. Алайда сейсмолог көп ұзамай жазбасын өшіріп тастады.
Ал Ресей ғылым академиясы Жер сілкінісін болжау теориясы және математикалық геофизика институтының директоры Петр Шебалин бірер күн бұрын мұндай дүмпу орын алатынын анықтау мүмкін емес екенін айтады. «Біздің институт Түркияда бес жыл бойы күшті жер сілкінісі болатынын болжаған, бірақ оның зардабы қаншалықты ауыр болатынын, соңғы 120 жылдағы эмпирикалық деректердің үлкен көлеміне қарамастан дәл эпицентрді, уақыт пен магнитуданы болжау қиын. Бес жыл бойы Түркияның бүкіл халқын эвакуациялау да қисынсыз еді» деп мәлімдеді.
Жалпы алғанда соңғы оқиғаға қатысты пікір сан алуан. «Қытай геологтарының соңғы теориясы дәл келді» дейтіндер де бар. Қытайлықтар планетаның әртүрлі бөліктеріндегі жер сілкінісін талдағаннан кейін жердің өзегі тоқтап, қазір керісінше айналады деген пікір айтқан болатын. Бұл орайда физика-математика ғылымдарының кандидаты Анна Люсина гипотеза шындыққа жанасса, ол жер сілкіністеріне нақты болжам жасауға сеп болатынын айтады.
«Жер қойнауында болып жатқан барлық нәрсе жер қыртысында болып жатқан дүниеден көрінеді. Дерек бойынша соңғы жер сілкінісінің экзотикалық теориясы микроай деп аталатын әсер болды. Микроай – жер серігінің апогейдегі орны, яғни орбитаның ең алыс нүктесі. 3 ақпанда ай жерден максималды 400 мың шақырым қашықтықта жылжыды. Айдың ең жақын орналасуына әсері бірнеше ірі жер сілкінісімен, соның ішінде 2011 жылғы 11 наурыздағы Фукусимадағы апатпен байланысты және бұл теорияны жақтаушылар планетаның әлі де тағы бір ай шайқалатынын айтады. Келесі ай апогейі 3 наурызда болады деген болжам да бар» дейді ол.
Қазақстаннан көмек жетті
Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дер кезінде Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады.Сонымен қатар Президент Қазақстанның Түркияға тиісті көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Бұдан бөлек, Үкіметке 1 млн доллар бөлуді тапсырды. Қазақстандық еріктілер де іске кірісті. Қызылордалықтар да игі іске жұмылуға дайын. Жерлесіміз «Абай-Дәулет» ЖШС директорының орынбасары Марат Сәрсенбаев түрік еліне күйіз үй жіберуге ниетті екенін айтты.
Қазір Сыртқы істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі түрік билігімен байланыс орнатты. Жақында Түркия Үкіметінің өтініші бойынша зардап шеккен өңірлерге қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер ұшты. Себебі көмек қажет ететін адам санынан жаңылу оңай, зардап шеккендер қатары сәт сайын артуда. Мысалы, БАҚ-та бір ғана «Сивасспор» футбол клубының жаттықтырушысы Айхан Тенбелоглу отбасындағы 15 адамнан айрылғаны жайлы ақпар бар. Бүтін бір отбасы, жақынын іздеген жандардың жанайқайы жан жаралайды…
Дайындығымыз қалай?!
Әлем елдері қазір «Түркиядағы жағдай бізде қайталана ма?!» деген сұраққа жауап іздеп отыр. Қытай сейсмологтары «Түркия – Еуразияның батысына, біз – шығысына орналасқанбыз. Арамыз алыс. Әсері бізге жетпеуі мүмкін» деген пікірде. Ал жер кіндігіне, Орта Азияға орналасқан біздің жағдай не болмақ?
Бұл ретте Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары, физика-математика ғылымдарының кандидаты Нұрсәрсен Өзбеков Қазақстандағы сейсмикалық қауіпті аймақтарды атады.
«Шығыс Қазақстан облысынан Қызылорда облысына дейін сейсмикалық қауіпті аймақтар бар, ол жерде дүмпулер 7-9 балға дейін жетуі мүмкін. Әсіресе Алматы өңірі Орталық Азиядағы қауіпті аймақтардың бірі. Бұрын бұл жерде жойқын жер сілкінісі бірнеше рет болған: 1887 жылы Верный жер сілкінісі және 1911 жылғы Кемин жер сілкінісі», – дейді сейсмолог.
Айтуынша, қазақстандық ғалымдар ел аумағындағы сейсмикалық қауіп бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, сейсмикалық жағдайды көрсете отырып, қауіпті, сейсмогендік аймақтар бөлінген жалпы сейсмикалық аудандастыру, аймақтарға бөлу карталарын әзірлеуде. Мысалы, Алматы үшін микрозондтау сейсмокартасы дайындалды.
«Жалпы кейінгі бес жылда Қазақстанда сейсмикалық құрылғыларда 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелген. Атап айтар болсам, 2018 жылы – 8500, 2019 жылы – 7800, 2020 жылы – 9500, 2021 жылы – 6700, 2022 жылы – 6900 жер сілкінісі болды. Бұл – сейсмикалық фон, геологиялық аймақтың сейсмикалық өмірі. Яғни бұл жалпы қатты байқалмайтын жер сілкіністері», – дейді Нұрсәрсен Өзбеков.
Сонымен қатар ол тұрғындар қатты сезген дүмпулердің болғанын да атап өтті. Соңғы бес жылда мұндай 66 жер сілкінісі байқалған. Мәселен, өткен жылдың 28 желтоқсанында Алматыдан 190 шақырым жерде, Қырғызстан мен Қытай шекарасында болған. Ғалымның сөзінше, сейсмикалық жағдайға баға беру үшін Сейсмология институты әртүрлі мерзім бойынша болжам жасап отырады. Ол орта және қысқа мерзімді болжам деп екі бөлінеді.
Айта кету керек, ғылыми тілде жер сілкінісінің әрбір қозғалысының атауы бар. Жер қыртысының тереңдігі, ені, тербеліс қуаты, ырғалу амплитудасы барлығы дәл сипатталады. Мұның барлығы картада көрсетілген. Сондықтан маман құрылыс компаниялары мен жергілікті билік бұл талаптарға бірінші кезекте назар аударғаны дұрыс деп есептейтінін жасырмайды. Ал бұл қаперге алатын дүние…
М.СНАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!