Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әлеуметтік желідегі парақшасында халыққа үндеу жолдап, дәрігерлерге зорлық-зомбылық жасауды тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ақмарал Әлназарова перзентханада мейіргер, балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде кезекші және ординатор дәрігер болып жұмыс істеген маман ретінде үн қатты.
«Сіздің бала-шағаңызды, ата-анаңызды, жақындарыңызды аман алып қалуға жанын салып жүрген дәрігер мен мейіргердің жүгенсіз, қисынсыз агрессия кезіндегі жан жарасы мен қорлығын, дәрменсіздігі мен қорқынышын елестету мүмкін емес», – дейді министр.
Ол таяуда Қарағандыда жеке клиниканың мейіргеріне шабуыл жасалғанын, Қостанай облыстық ауруханасында урология бөлімінің жас хирургі қатыгездікпен соққыға жығылғанын еске салды.
«Пациент өз кезегін күткісі келмегендіктен дәрігерді бір ұрып, есінен тандырған. Қазір дәрігер жан сақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы – ауыр», – дейді министр.
«Адам өмірін арашалап жүрген жанға қол көтеру үшін адам қаншалықты деңгейде қатігез және мейірімсіз болуы керек?», – деп ашынды Әлназарова.
Министр бейбіт уақытта дәрігерлерге өз жұмыс орнында қауіп төнуі ақылға қонбайтын, мүлде жол беруге болмайтын жағдай екенін баса айтты.
«Бұл – тек бір дәрігерге жасалған шабуыл емес. Бұдан ондаған пациент қараусыз қалады, ондаған операция кейінге шегеріледі. Бұл – бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне төнген тікелей соққы», – деп жазды денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Еске сала кетейік, Қостанайда емделушілердің бірі хирург дәрігерді соққыға жықты. Ер адам жансақтау бөліміне түсті. Ал Қарағанды облысында маммологиялық орталықтың медбикесі зардап шекті. Әйелімен бірге келген 42 жастағы ер адам белгісіз себеппен қызметтік бөлменің есігін бұзып кіріп, медицина қызметкерін соққыға жыққан.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!